«Айқын» – ОТАУ ИЕСІ

«Айқын» газетінің шыр етіп жарық дүниеге келгеніне – 13 жыл. Қазақша өлшеммен алғанда бір мүшел. Осы бір мүшелге толғанша газетіміз талай тар жол, тайғақ кешуден өтті… Дүбірі жер жарған кезеңі де болды. Дүбірінен күбірі көбейген күндерді де өткізді… Ой мүжіген журналистеріміз аз емес: олардың бәрінің аты-жөнін санамалау міндетті болмас, дегенмен «Айқынның» қабырғасында қызмет істейтін қаламгерлердің оншақты кітабы шықты; сол кітаптың әрқайсысында газет бетінде жарияланған мың сан мақаланы қайта ұшыратуға болады, бұл – «айқындықтардың» кілең өміршең тақырыптарды қозғағанының айқын дәлелі. «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген қанатты тіркес бар. Сол мың күндік сөзді жазу үшін ойдың кенін қазу керек. Ал бұл оңай шаруа ма?
Неге таксист отыра қалып, өлең жазбайды? Неге шахтер қайласын тастап, қолына қалам алмайды? Неге етікші бізін тастай салып, көркемсөзді кестелемейді?
Қолына қалам ұстаған жандардың кеудесіне Алла Тағала сөздің нұрын сепкен: әйтпесе сан жетпес сәулелі сөз қайдан шығады? Талайдың тіл ұшына ілінетін толайым тіркес қайдан туады? Көкіректе сөздің сәулесі болмаса – ақ қағазға қаз-қатар түскен талай сөйлемде жан да, жылу да, қуат та болмас еді ғой!
«Айқын» – отандық журналистиканың озық жампоздары жиналған редакция. Редакция қызметкерлерінің жүрегінде отаншылдық, мемлекетшілдік, ұлтшылдық сезім бар. Қазақ елінің Тәуелсіздігі – басты құндылық саналады; ал елдік, ұлттық мұрат басты қаперде тұрады, халықтың мұңы мен мұқтажын, арманы мен аңсарын қаузап жазудан қалыспайды; жаңа тақырып, жақсы бастамалар мен тың идея төңірегінде топтаса қимылдайды. Газет журналистерінің өзіндік ізденісі жыл сайын қатары толығып отыратын оқырман қауымның қолдауына ұласады. Жаһандық журналистика көшінен қалыс қалмай, осы заманғы талаптар үдесінен шығуды мақсат тұтады.
Халқымызда «Он үште – отау иесі» деген мерзім өлшемі бар ғой. «Айқын» да сол жасқа жетіпті. Ежелгі жыр-дастандардағы ай мен апта сайын емес, күн һәм сағат сайын өсетін батырларша «Айқын» да сәт санап, сағат санап ерте өсті. Жарыққа шыққан күнінен бастап Қазақстанның ақпарат нарығында өз орнын алуға ұмтылды. Газеттің қаз басып тұруына, аз уақытта қалыптасып кетуіне Ерлан Бекхожин, Сайын Есмағи, Серік Жанболат секілді азаматтар белсене атсалысты. Серіктен кейін Бауыржан Омаров секілді сөз зергері басшылық тізгінін ұстады. Баспасөз бәйгесі мен бәсекесінде оза шауып, төске өрлеген күндері көп; аптығы басылып, солығы көбейген кезеңдердің өзінде айтар сөзін айтып-ақ келеді; «айтқызбасым – айтқызбас» дегендей, құрық басына сырық жалғанған уақытта да ұлт мүддесі жолындағы айқын бағытын сақтап отыр; айбарынан жел еспесе де айдарынан айырылмауға тырысып келеді…
Қазақ баспасөзінің ұлт пен уақыт алдындағы үштаған айқын бағдары өзгермек емес. Ол – ақпараттық, ағартушылық және танымдық бағыттар. Ақпараттық жағынан қазір әлеуметтік желіге ең жылдам деген ТВ-ның өзі ілесе алмай қалады; сол себептен де басылым бетінде ағартушылық және танымдық бағыт-бағдарға сай дүниелер көбірек болады.
Кез келген басылымның арқа сүйері – қалың оқырман қауым. «Айқынның» алғашқы нөмірінен бастап, бүгінгі күнге дейін шыққан барлық санын жеп отқан нанын қоя сап, тұтас сақтап отырған шын жанашыр, шынайы тілектес оқырман қатары жеткілікті. «Ықылас – халас» деген, біз де сол мәртебелі оқырман қауымның көңіл көкжиегінен алыстап қалмау қамындамыз. Тәуелсіз елмен бірге өсіп, азат ұрпақпен қатар ел егемендігін, Тәуелсіздік тұғырын баянды етуге бар күш-жігерімізді жұмсауға еріктіміз.
«Айқынның» мүшел жасы құтты болсын!
Алғашқы нөмірге «Литер Медиа» ЖШС директоры Ерлан Бекхожин: «Қадірлі оқырман! Биылғы наурыздың айтулы жаңалығының бірі қолыңыздағы – «Айқын». Еліміздің ақпарат саласында қазіргі заманғы оқырман талғамына сай келетін, қазақ тіліндегі объективті газетті шығаратын уақыт баяғыда келген. Кез келген күрделі мәселені халыққа түсіндіріп отыру, қарама-қайшы пікір туғызған проблемаға объективті ақпарат беру, елең еткізерлік жаңалықты бұрын жеткізу – көктеммен бірге келген «Айқын» газетінің басты мақсаты», – дейтін құттықтау сөзін жазыпты. «Айқынның» мүшел жасқа келген туған күні қарсаңында газеттің бүгінге дейін жарық көрген сандарын бір парақтап шықтық. Басылымның бүгінге дейін түрлі форматта, әртүрлі айдармен көтерген мәселелеріне тоқталсақ, бірнеше томдық кітап болары сөзсіз. Десек те, «Айқындағы» қызықты деректерге тоқталуды жөн көрдік.
Қызықты дерек
«Айқынның» болашағы қандай болады?
Басылымның құрылғанына бір жыл толған уақытта редакция ұжымы тәжірибелі жұлдызшы Назарбек Қожамсейітке осындай сауал жолдаған екен. – Менің болжамым бойынша, қарапайым оқырманнан бастап жоғары лауазымды шенеуніктерге дейін ә дегеннен өзін мойындатып үлгеріп, зор беделге ие болған «Айқынның» алдағы жылдарда БАҚ майданында ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Оған «Айқынның» әр санында жарияланған мақалалары толық дәлел болады деп айта аламын. Дәл қазір басылымның таралымы да ең іргелі, тарихы тереңде жатқан бірқатар газеттерден әлдеқайда жоғары, көш ілгері. Ал «Айқынның» жұлдызының орналасуына жүгінсек, ХХІ ғасыр – «Айқын» газетінің ғасыры болмақ. Басылым жұлдызының жанатын уақыты алыста емес. Бұл – көк тәңірі, жұлдыздарға сүйенгендегі жорамал-болжам, – депті болжамшы.
Рас, одан бері «Айқын» газетінің жұлдызы жанған сәттері аз болған жоқ. Әлі де болса, бірқатар басылымдардың арасында озық тұратыны анық.
«Айқынның» арнайы беттері
«Айқынның» аяғынан тік тұрып кетуі үшін редакция ұжымы күрделі тақырыптарды көтеріп, тың айдарлар ашып, арнайы беттер дайындауда көп ізденеді. Сол мақсатта «Айқынның Дидар TV газеті», «Ғажайып ғалам» – басылымның ғылыми, діни, танымдық газеті және «Құн» атты арнайы беттері дайындалады. Қарапайым газет нөмірі 8 беттен жарық көрсе, бұл қосымшалар аптасына 1 рет сол сегіздікке 4 бет болып қосылып отырды. Тіпті әрқайсысының өз редакторлары да болған. «Дидар TV» – сол кездегі телевизиялық жобалар, журналистік этика, сөз бостандығы және тағы басқа көрерменге айтары көк жәшіктің проблемаларын көтереді. Ал «Құн» – қаржы, нарық, экономика және адам капиталына қатысты бірқатар түйткілді мәселелердің түйінін тарқатқан. «Ғажайып ғаламда» аты айтып тұрғандай, діни және мистикалық тақырыптарды ғылыми, танымдық тұрғыда жазылып отырған. Кейінірек, аптасына 1 рет А3 форматында «Айқынның» арнайы қосымшасы жарық көрген. Бұл қосымша күні бүгінге сенбілік нөмірде басылып келеді.
Дизайн жайында…
«Айқын» газетінің 13 жылдық тарихында төрт рет стилі мен дизайны өзгерген екен. Алғашқы дизайнның авторы сол кездегі жауапты хатшы – Мақсат Әділхан. Бұл уақытта басылымның сыртқы пішінін күлгін және сұр түстерді сәйкестендіру арқылы қалың оқырманға ұсынған. Бұдан кейін 2006 жылы газеттің сыртқы келбеті қанық қызыл сары және қара түстермен безендірілген. «Айқын» 9 жасқа толғанға дейін жаңа дизайнмен оқырманға жол тартқан. Мұндағы өзгеріс ашықтау қызыл сары мен қара түс. Ал қазіргі уақытта газет заманауи тың дизайнмен жарық көруде. Мұнда басылым атауының дизайны мен шрифті өзгерген және жалпы газеттің сыртқы келбетіне ұлттық ою-өрнек элементтері қосылған.
Бүгінде «Айқын» – аптасына 4 рет жарық көретін республикалық қоғамдық-саяси газет. Аталмыш басылым 2005 жылы Президент сыйлығын, 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын жеңіп алды. «Айқын» газетінің негізгі тақырыбы – саясат, экономика, мәдениет, спорт және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер. Күнделікті таралымы – 40 000 дана. Сенбі күні 24/32 беттік «Айқын-апта» қосымшасы жарық көреді. Сонымен қатар басылымда жарық көрген мақалалар aikyn.kz сайтында шығады.
Айдана Нұрмұхан