ТЕҢДІК САЯСАТЫНЫҢ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

1625
0
Бөлісу:

Дауға түсіп көсем болған, жауға шауып батыр болған аруларымыз ежелден баршылық. Тым алысқа бармай-ақ, кіші жүздің ханы Әбілхайырдың зайыбы Бопай ханымды алайықшы. Бопай – ханның тек әйелі не есімі елге белгілі хан тағының мұрагерлері Нұралы, Ералы мен Айшуақ сұлтандардың анасы ғана болып қалмаған, алмағайып кезде алаң көңілмен өмір сүрген ханның тығырыққа тірелгенде – таянышы, сүрінгенде – сүйеніші бола білген. Ресей патшайымы Анна Иоановнадан Тевкелев мырза бастаған елшілік келгенде де оны дала дипломатиясының барлық дәстүрімен қарсы алған осы – Бопай. Орыс протекторатын қабылдау жөніндегі сол жолы жасалған келісімге өз мөрін басып, алғашқылардың бірі болып қол қойған да осы ханым.

Кейін Әбілхайыр хан қаза болғаннан кейін, 32 жыл бо­йына ол өзін нағыз қайраткер ре­­тінде көрсете білді. Тіпті орыс им­пе­рия­­сының алдына «Әкесінің ісін баласы жалғастырмаса, Ресеймен барлық дипломатиялық байланыс тоқтатылады» деген үзілді-кесілді талап қойды. Ақыры Ресей императоры Елизавета Петровнаның арнайы жарлығымен Бопайдың ұлы Нұралы хан болып тағайындалды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында өзін ел үшін еңбек еткен нағыз мемлекет қайраткері ретінде көрсете білген Бопай ханымның есімі ел жадынан өшкен емес.
Қазақ әйелдерінің жауын­гер­лігіне келсек, оған Бопай есімді тағы бір дала аруы жарқын мысал болмақ. Ол – халқы үшін қан кешіп, ақыры азаттық жолында опат болған атақты Кенесарының туған қарындасы. Ағасы азаттық жолында атқа қонғанда ол да от­басы, ошақ қасында қарап жата алмаған.
Өз жүрек қалауымен Сәмеке деген жігітке тұрмысқа шығып, алты ұлдың анасы атанды. Ағасы бас­­таған азаттық жолындағы ай­қас­та Бопайды күйеуі мен оның туыстары қолдамады. Алайда Бопай оларды тастап, арыстандай-арыстандай алты ұлын бастап тайсалмастан майданға кірді. Содан он жыл бойы ерлерше ел үшін етігімен қан кешіп, ат ауыз­ды­ғымен су ішіп, қан майданның ішінде болды. Ол тек қана әйел­дерден тұратын жасақ құрған. Саяси жер аударылған белгілі поляк азаматы Адольф Янушкевич кезінде: «Кенесары 1500 сарбаздан және 500 қыздан өлідей айрылды. Оның әскерінің құрамында ер­кек­ше киінген әйелдер мен қыз­дар болған» деп жазыпты. Бұл жо­ғарыдағы сөзіміздің бір дәлелі болса керек.
«Бопайдың қасында оған шек­сіз берілген, оның өзі сияқ­­ты батыр да батыл Арғын Алтыншаш пен Табын Ақбөкен сияқты қыз­дар болды» деп жазады білгір де білімді ағамыз С.Ақтаев. Кене­сары оңтүстікке келгенде Бопай алым-салық жинайтын сар­баздар тобын бастап, өз қатарын Жетісудың қаһарман қыздарымен толықтырады. Сөйтіп, Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қазақ арулары да қатысып, ерлерше айқаса білген. Осы арада 1986 жылғы халқымыздың азаттық жо­лын­дағы ақтық айқасында алаңға шыққан ауруларымыз еріксіз еске түседі.
Осындай ардақты аруларының атын ел де есінен шығармай, ардақтап отырған. Мысалы, белді рулардың бірі – қаракесектер жауға «Қарқабаттап» шауып, анасының атын айтып ұрандайды екен. Сол сияқты Қарқаралы жағында Ай­бике, Нұрбике болыстары болған. Бұлар – сол елдердің аналарының есімдері. Бүкіл бір рулы елге ана болған Домалақ ене немесе аты ел атымен қосақталып аталатын Қызай аналардың есім­дері елмен қоса жасайтыны анық. Міне, біз ежелден анамызды айрықша ардақ тұтқан қайырымы мен қасиеті бірдей келіскен халықпыз.
Тамыры тереңнен тартылған қазақ қыздарының ерлік рухы мен өр мінезі бәсеңсімеген қалпы Ұлы Отан соғысында өз жалғасын тапқаны көпке аян. Кеудесіне қаһармандық жұлдызын қадаған шығыстың қос шынары – Әлия мен Мәншүкті былай қойғанда, ел басына күн туғанда қолына қару алған аруларымыз қаншама?! Олар ұшқыш та, танкист те, атқыш та, мерген де, тіпті барлаушы да болды. Бүгінгі күні жау тылында партизан болған қыздарымыздың да есімдері елге мәлім.
Бұл ретте «Арулар отты жыл­дарда» деген арнайы зерттеу кіта­бын құрастырған арқалы ақын апамыз – Фаризаның еңбегін ерекше атай кеткіміз келеді.
Тамырын тереңнен тартқан әйелдер теңдігі мәселесі тәуелсіздік таңы атқаннан бергі 25 жыл ішінде түбегейлі шешілу жолына түсті. Бұл мәселенің түйінін тарқатуды Елбасымыз ел тізгіні өз қолымызға тигелі бері назарынан тыс қал­дыр­ған емес.
Осындай аналарымыз аң­сап кеткен азаттықтың ақ таңы атқаннан кейінгі біздің мем­ле­­ке­­ттің әйелдерге деген сая­саты ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүріне қарай жасалды. Мұның басында еліміздің Тұңғыш Президентінің тұрғаны әмбеге аян.
Бар берекенің бастауы – Ата заңымыз десек, оның 27-бабында «неке мен отбасы, ана, әке мен балалар мемлекеттің қорғауында болады» деп жазылған. Ал осы­лар­дың қамсыз, қайғысыз өмірі үшін бірінші кезектегі қажеттіліктер – тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, халықтың еңбекпен қамтылуы сияқты түйінді мәселелер Мем­ле­кет басшысының назарынан тыс қалған емес. Бұлар туралы тапсырмалар Президентіміздің жыл сайынғы халыққа жолдау­ла­рында да айтылып, арнайы қа­был­­данған заң актілері мен басқа да ұйымдық шаралар арқылы өз шешімін тауып келеді. Әйелдердің конституциялық құқықтарының ең сенімді кепілі – Президенттің өзі.
Бұл ретте 2002 жылы қа­был­­данған гендерлік саясат тұжы­рымдама­сының рөлі аса зор болды. Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сының Жарлығымен 2006-2016 жылдарға ар­налған гендерлік теңдіктің даму стра­тегиясы бе­­кі­тілді. Одан кейін қа­был­­данған «Ер­­лер мен әйел­­дердің тең құқықтары мен тең мүм­кін­­ді­ктеріне мем­лекеттік ке­піл­дік ту­ра­лы» және «Тұр­­мыстық күш көрсетудің ал­дын алу ту­ралы» заң­дар­­дың мәні мен маңызы зор еке­­­­­нін атап айтар едік.
Демек, әйелдер үшін елімізде құ­қық­тық қорған берік те бе­кем ор­на­тылған деп ауыз тол­ты­рып ай­туы­мыз­ға әбден бо­­­лады. Әри­не, өмір ағысы бір сәт те тоқтамайды. Оларды жыл өткен сайын жетілдіре беру – заңды құбылыс. Бұл ретте халқымыздың ардақты қыздарының бірі Гүл­ша­ра Әбдіхалықова басқарған Пре­зи­д­ент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның атқарып отырған істері атап айтуға тұрарлық.
Елбасымыздың осындай сара саясатының арқасында гендерлік теңдік елімізде жақсы қалыптасып келеді. Мемлекетіміздің саяси және экономикалық салаларында әйелдердің алатын орны барған сайын нығайып келе жатқаны – соның айқын айғағы.
Мәселен, Парламент Мәжі­лі­сінің құрамындағы әйел депу­тат­­тар 27,1 пайызды құрайды. Бұл ЕҚЫҰ кеңістігіндегі орташа көрсеткіштен артық. Барлық дең­­гейлі маслихаттардағы әйел де­пу­таттар саны таңдаулылардың ортақ санының 22,2 пайызын құ­рай­ды.
Кәсіпкерлікпен шұғылда­на­тын­дардың 50 пайыздан астамы әйелдер және біздің елде ішкі жалпы өнімнің 40 пайыздан астамы – әйелдердің үлесінде.
Қазір Қазақстан гендерлік теңдік бойынша алғашқы елу елдің ішінде тұруы Елбасымыз белгілеп берген теңдік стратегиясының және ең алдымен тәуелсіздігіміздің игі жемісі болса керек.
Осы стратегияның басы-қа­­сында Айткүл Самақова, Нина Каюпова, Светлана Жал­ма­ған­бетова сияқты ардақты әпкелеріміз тұрғандығын әрдайым мақтан тұтамыз.
Осы биыл ғана арамыздан ертерек кеткен мемлекет және қоғам қайраткері, респуб­ли­ка­мыз­дың Денсаулық министрі болған Салидат Қа­йыр­­бекованы ерекше атап айт­қым келеді. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ең­бегі, елдің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық және мәдени дамуына, ха­­лықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» ор­де­німен марапатталған Салидат Зекенқызының өмір жолы көпке – үлгі, жастарға – өнеге.
Ал халқымыздың тағы бір қайраткер қызы – Зәуре Қадырова.Қызметінің алғашқы жылдары Жақсы ауданында мек­теп директоры болып істеген. Ол біздің отбасымызбен жақсы араласып, менің асыл анам, қазақ тілі және әдебиет мұғалімі Сәруар Жәкежанқызымен жақын құрбы болды. Негізінде, бұл кісі менің анаммен бірге Жақсы ауданы жастарының тәрбиелеушісі болды. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының хатшысы, кейін министр,одан соң көп жылдар депутат болған Зәуре Жүсіпқызы – бүкіл халқымыздың алғысына бөленген биік парасат иесі.
Қоғамдық қызмет жағынан еліміздің ардақты қыздарының бірі Гүлшара Әбді­ха­лықовамен жиі кездесуге тура келеді. Кездескен сайын ол кісінің еңбекқорлығы мен айрықша па­ра­­саттылығына таң қаламын. Хал­қы­мыздың «ақылына көркі сай» деген әйелдерге беретін айрықша бағасы осы кісіге қаратылып ай­тыл­ғандай. Ол біздің еліміздегі әйел теңдігін, қыз-келіншектердің қо­ғамымыздағы жоғары орнын елімізге де, одан тыс жерлерге де паш етіп жүрген үлкен тұлға десем жаңылыспаспын.
Осы аталған қайраткер әйел­­дің бәрі тәуелсіз еліміздің шаңырағы биіктеп, еңсесін тез көтеруіне ерен еңбек сіңіріп келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Туған елім – тірегім» атты кі­та­бында: «Жер бетіндегі жақ­сы­лық, ізгілік, қайырымдылық атау­лының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы тү­зел­­мей, бесігіміз түзелмейді. Бе­сі­г­іміз түзелмей – еліміз толық тү­зелмейді» деген екен.
Әйелдердің қоғамымызда алатын орны жөнінде бұдан артық айту мүмкін емес.

Сәуле АЙТПАЕВА,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық
саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*