Жәкен ОМАРОВ: Оңтүстік мақамдарын халыққа ұсынсам деймін

1964
0
Бөлісу:

– 8 наурыз күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ата-ананың қадірі» атты шығар­машылық кешіңіз өтеді екен. Әңгімемізді осы концерттік бағдарламадан бастасақ…
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелеу ая­сын­да Алматы қаласы «Алатау» дәстүрлі өнер театры еліміздің әр тарапынан орындаушыларды шақырып, «Ұлы дала үні» атты дәстүрлі өнер фестивалін ұйымдастырды. Сол мәдени шарада орындаған термелерім көпшіліктің көңілінен шықса керек, бірқатар азаматтар оң пікір білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. «Қаратау шайырлары, оңтүстік мақамдарының кең көлемде насихатталмауына не себеп?» деген мәселе көтеріліп, талқыға салынды. Сол әңгіменің нәтижесінде, Алматы қаласы­ның әкімдігі, оның мәдениет басқармасының қолдауымен жеке кешімді өткізуге дайын­дықты бастап кеттік.
– Аяқастынан түскен ұсы­ныс­қа әзір ме едіңіз, әлде «неде болса» деген тәуекелмен көз жұ­мып кірістіңіз бе?
– Шығармашы­лығым кеше басталды деуге болмайды. 1988 жылдан сахна көрген, додаға түсіп, ысылған жанмын. Ауыз­дықпен алысып айтыстың аламанына кірдім, ән­дерім құрбы-құрдастың кө­ңілінде жатталды. Кейін иллаһи жанрын жаңғыртқан жағдайым бар. Термеге келсек, бала кезімнен бойыма сіңген әуесім. Қы­рық­тың қырынан асып барамыз, ақыл толысты, мақам келісті, ендеше, не тұрыс…
– Көпшілік өзіңізді «Май­лықожа мақамдарын жеткізуші» деп біледі. Халық ақынының шығармашылығына қай уақыттан бастап ден қойдыңыз?
– Мақтанғандай болмайын, біз Майлы атамыздың тікелей ұрпағы болып келеміз. Кеңес өкіметінің тұсында ол кісінің өлеңдері түгілі, атының өзі абайлап айтылатын кезеңдер болған. Соған қарамастан, бала күнімізде аналарымыз, әжеле­ріміз «Садағаң кетейін атамыз­дың сөзі» деп ертелі-кеш терме­лерін айтып, бесік тербетіп отыратын. Ес біліп, қолға су құюға жараған кезден сол ата­мыздың өлеңдерін естіп, өстік.
Болымы жоқ бозбала,
Бейнеттен қашар бұлтаңдап.
Қонақ қонар үй таңдап,
Бақ қонады ұл таңдап, – деген өлеңдері біздің ауылда мақал-мәтелге айналып кеткен. Атамыздың мақамынсыз, өсиет-нақылынсыз жаңа түскен келін­нің беті ашылмайтын. Әрбір өлеңі тәлім-тәрбиемізге, жүріс-тұрысымызға әсер етті.
Тоғыз ай, он күн көтерген,
Меһнат тартқан төтеннен,
Еңбегінде еті өлген,
Зиярат қылып сыйласаң,
Кем емес Құбыла Мек(к)еңнен.
…Құйрық шайнап май берген.
Құндақтап жерден жай берген.
Оның қылған қызметін,
Күн менен жұлдыз, ай көрген,
Анаңдай ғазиз, мейірбан,
Табылар саған қай жерден? – деп келетін «Ата-ананың қадірі» өлеңі құлағымызға әбден сіңіп, жатталып қалған. Осы өлең өрімдері мен сөз саптаулар ғой, мені ақын қылған…
– Майлықожа ақын «Арқа­сында өнердің, аралап көрдім ел ішін. Өлеңмен берсем ғибрат, ол-дағы менің жеңісім. Сіздерде дәмін татыңыз, Сөзімнің піскен жемісін» дейді. Көрнекті тұл­ғаның мақам-сөзін жеткізіп қана қоймай, тү­бе­гейлі зерттеумен де айна­лыстыңыз. Нәтижесі қандай болды?
– Кезінде Жамбыл атамыз:
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан,
Сөздері нұр мен асылдан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған.
Майкөт ақын, Құлмамбет,
Орын берді қасынан, – деп Майлықожа мен Құлыншақты жоғары бағалаған екен. Жыр алыбы Оңтүстікте бес-алты ай қонақ болып, әулие-әмбиелерді аралап, көптеген жыр-дастан үйреніп кетіпті. Жамбылдың «Көроғлы жырын Майлықожадан үйрендім» деп айтқан сөзі ғылыми зерттеулерде жазылған. Бертін келе Майлықожа мақамдарын, өсиет-термелерін Қайыпназар Әйтпенов, Камал Ендібаев, Қарсыбай Ақтаев секілді жер­лестері жеткізді. Майлықожа­танушы, зерттеуші-ғалым Әсілхан Оспанұлының әңгімелерін тыңдап, біраз қарттардың алдын көріп, Орынхан, Айтқожа ақын­дардан, Исабек, Әзім, Тұрсын­ғали, Әмзе қариялардан кітапқа түспеген дүниелерін жазып алып жүрген кездерім болды. Кейін Шымкент педагогикалық мәде­ниет институтына түсіп, диплом­дық жұмысымды «Оңтүстік мақамдары мен Майлықожа тер­ме үлгісі» деген тақырыпта қор­ғадым. Дипломдық жұмы­сым келе-келе ғылыми ізденіске ұласып кетті. Академик Ә.Ны­сан­баев пен профессор Д.Кен­же­тайдың жетекшілігімен «Қа­зақ философиясы тарихындағы Майлықожа ақынның дүние­танымы» деген тақырыпта кан­дидаттық жұмыс қорғаудың сәті түсті. Майлықожа атамыздың өлең-термелерін жаттай келе, оңтүстіктің біраз ақындарын, Қаратау шайырларының шы­ғармаларын іздей бастадым. Бұл салада еңбектеніп жүрген өзге де азаматтар баршылық. Бір-екі жыл бұрын «Оңтүстіктің 100 термесі» деген атпен топтама кітап жарық көрді. Оған оңтүстік өңірде ай­тылып, орындалып жүрген ма­қамдары кірген, бір-екі мақамын өзім де қостым.
– Кеш барысында ақынның бұрын-соңды орындалмаған шы­ғармаларын тыңдай аламыз ба?
– Біздің алдымыздағы қа­риялардың біразы дүниеден өтті. Көзі тірісі қартайып қалды. Ендігі жерде бабалар сөзін жеткізу біздің мойнымыздағы жауапты жүк болып тұр. Міне, өзіміз де орта жастан астық дегендей, енді біз айтпасақ, бізден кейінгі буын естімей қалуы мүмкін деген де ой жоқ емес. Сондықтан жиған-тергенімді халыққа жеткізу – мақсат-міндетім деп білемін. Жастайымнан құлаққа сіңген әуен-мақамдарды қайталап, кейбірінің мәтінін жаңартып, кітапта жоғын қолжазбалардан қарап, толықтыру үстіндемін. Елге танылып, насихаттала берсе деген ниетпен, терменің арнайы аудио жинағын шығару жос­парымда бар.
– Иллаһи әндер жазуға Ыстан­бұл қаласында діни білім алғаны­ңыз себеп болды ма?
– Термені жаттап айта ал­майсың, оны біліп айту керек. Мақамды үйреніп емес, сіңіріп айту керек. Діни сауатың болмаса, терменің тереңіне сүңгу қиындау. Терме теріп жүргенде көптеген діни кітаптарды ашуға тура келді. Пайғамбарлар тарихы – «Қиссас-ул әмбия», Шәді төре ата­мыздың «Сияр-шәріп» сияқты туын­дылары, басқа да кітаптар бар. Құдай сөзі – Құран сүре­лері өз алдына, хадистерден хабарыңыз болмаса, құлашыңды кең жаза алмайсың. Дін ға­лымдарымен көбірек араласып «Ана сөз не мағына береді, мына сөздің төркіні қандай?» деп үнемі сұрап жүре­тінмін. Кейін «өз сауа­тымды ашпасам болмас» деп Ыстанбұлға барып, діни курста дәріс алдым. Сол жерде бірнеше ұлт пен ұлыстың балаларымен бірге оқыдық. Башқұрты бар, қарашай, шешендері бар, бәрінің де өз тілінде айтылатын иллаһи – Аллаға мадақ әндері бар екен. Намысқа тырысып, қазақтарға «Зікір-Улланы» шығарып бердім. Несін айтасыз, тәләбаның бәріне қазақша илләһи шырқаттық қой. Сөйтіп, алғашқы иллаһи Түр­кияда шықты. Ол жақта бұл жанр үлкен дәстүрге айналып кеткен, ал бізде ондай дүние таңсық еді. Содан ба екен, елге келгеннен кейін біразға дейін орындауға тартыншақтадық. Алғашқы иллаһи туынды болған соң «Қалай қабылдайды?» деп біраз жүріп алдық. «Сабақты ине сәтімен» ғой, әуелі – Алла, сосын, сол кез­дегі «Қазақстан» телеарна­сының басшысы М.Тоқашбаев аға­мыздың бір Қадір түнінде 7 мәрте эфирден көрсетуге деген батыл шешімімен «Зікір-Улла» қалың жұртқа тарап кетті. Құдайға шү­кір, халық жақсы қабылдады. Ел жақсы қабылдағаннан кейін кө­бейтсем деген ой болды. Көбей­тіп те жатқан жағдайымыз бар. Елдің ішінде орындалып жүр, жарыққа шықпағанын келешекте орын­даймыз.
Шығармашылық егіп қойған бидай емес қой, көктемде егіп, күзде орып аламын дейтін. Әр дүние әбден пісіп-жетілуі керек. Кейде оған жылдар керек деген­дей, жазғаннан кейін ғалым­дар­дың сынынан, сүзгісінен өткі­зе­сің. Дұрыс жерін қалдырып, жо­натын тұсын жонасың. Содан кейін ғана елге ұсынуға болады. Ке­лешек ұрпақтан-ұрпаққа жете­тін дүние болғандықтан, жан-жақ­ты еңбектеніп, електен өткі­земіз.
– Жауапкершілігі үлкен дейсіз ғой…
– Иә, бұл жақтағы жауапкер­шілік бір бөлек, ана дүниедегі жауапкершілік еселеп сұралады. Әрбір айтқан сөзімізге жауап береміз. Сөздің, өнердің жауап­кершілігі дегенде үлкен мектептен өттік қой, ертерек айтысқа шығып жүрген уақыттары Тәушен Әбуова, Манап Көкенов, Көпбай Омаров, бүгінде ортамызда жүрген – Әселхан Қалыбекова, Әбдікерім Манапов сияқты үлкен ақындардың алдын көрдік. Ру­хани әкем – Қаныбек Сарыбаев әрі ұстазым, әрі жетектеп үйрет­кен бапкерім болды. «Бір шумақ өлеңге бір романның мағынасын сыйғызу керек» деген талап қоятын, жарықтық. Қай нәрсеге де жауапкершілікпен қарайты­нымыз, сондықтан шығар.
– Он шақты жыл бұрын шаруа­шылықпен айналысып жүргеніңізді айтқан едіңіз…
– Қазір қой емес, ой бағып жүрмін. Бала-шағаның бабын жасаған соң, енді ешқайда алаң­дамай, тек шығармашылықпен айналысып жатқан жағдайым бар. Жасымыз ұлғайып келе жатыр. Өміріміз жеткенше бар білге­німізді, түйгенімізді шама-шар­қымызша жазып, сауап үшін қалдырып кетсек деген ниет бар.
– Шығармашылық кешіңіздің бағдарламасы жан-жақты қамты­латын сияқты…
– Кешке келген көрерменге тәсілім терменің түр-түрін таныс­тырамыз. Бірінші бөлімде Май­лы­қожаның бұрын айтыл­маған, тіпті, бірінші рет орын­далатын термелері бар. Одан өзге Қ.Әйт­пенов, Нар­тайдың терме­лерін менің нұсқам­да тыңдалады. Екінші бөлімде «Біздің елдің жігіттері», «Жамалымсың» әндері басқаша өңдеумен ұсы­нылса, «Өзің­ді аңсапты» Саят бауырымыз шырқап береді. «Ініме» деген Ермек Жұматаев екеуміздің бірі­гіп жазған әніміз бар еді, ол да кө­рермен назарына ұсынылады. Илләһи әндерім «Хикмет-Улла­ны», «Зікір-Улланы», «Қаза­қия­ны» орындаймыз.
Кешті «Ал­маты» телеарнасы түсіреді. Үлкен­д­ер ұл-қыздарымен, жастар ата-анала­рымен келсе жарасар рухани бір кеш болғалы тұр. Барлығыңызды шақырамыз.
Осы орайда кештің өтуіне мүмкіндік беріп отырған Алматы қаласының әкімдігіне, оның Мәдениет басқармасына, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашыл ұжымына үлкен алғыс айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*