Топан су: аңыз ба, ақиқат па?

3108
0
Бөлісу:

Қазақтың ескі аңыздарында Наурыз мерекесі адамзаттың топаннан құтылған күніне орай тойланған мейрам ретінде айтылатыны бар. Ол жайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурызнама хақында» дейтін еңбегінде айтқан. Әрине, ақиқатын білу бізге оңайға түспес, бірақ төрткүл дүниені жайлаған жұрттың біразында топан су туралы аңыз бар. Әсіресе, тарихы тереңге кететін жұрттарда бұл аңыздар кеңінен таралған. Яғни, топан су жөніндегі әпсаналар адамзат баласының көне дәуірлердегі тарихынан сыр шертетін деректер екені анық. Тек тұтас адамзат баласына ортақ аңыздар нені көрсетеді, мұз басу дәуірін бе, жоқ әлде шынымен топан суды ма? Әзірге бұған нақты жауап берген ешкім жоқ.

Мәшһүр Жүсіп өз еңбегінде бүй дейді:
«Естіген құлақтың жазығы жоқ. Құрттай бала күнімізде жарапазан айтатұғын шалдар айтып жүруші еді: Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен, Ол кеменің тақтайын тышқан тескен, – деп. Бұл – естіген сөз. «Құлақ естігенді көз бір көрмек». Бұл күнде көзіміз көрген нәрсені ойға салып жорысақ, топан суы тасып, дүниежүзін бір қаптағандығы айдан жарық, күннен анық көрініп тұр. Аспан, көк, жер, су жаралғаннан бері қарай жоғарғы әуеде құстан басқаның ұшқанын естідіңдер ме? Жоқ, жоқ! Суда балықтан басқаның жүзгенін естідіңдер ме? Жоқ, жоқ! Міне, енді бұл күнде адам-аэроплан (айырплан) жасап алып, әуеде құстай ұшпады ма? Суастымен жүретұғын кеме жасап алып, дарияларда балықтай жүзбеді ме?! Бұларды не деп ойлайсың? Бұл – дүние тұрған сайын, адамзаттың ақыл-ойы артылып, ғылым-білім күшейгені. Ендеше, не нәрсеге болса да, бұрынғылардың ақыл-ойы жетілмей, (еліне келмей тұрғандағы айтқанына нанбаңдар! Жарапазаншы шал айтты деп, Топан суы болғандығына нанып тұрғаным жоқ. Өз көзім көрген нәрседен танығандығымды білдіріп айтып тұрмын) сол топан суының болғандығын, тау біткеннен қы­рық кез асқандығын: жер ай­тып тұр, су айтып тұр, тау-тас айтып тұр! Жердің айтқандығы – талай жерлерде судың еріксіз айдауымен үйіліп, жиылып, төбе-төбе болып қалған құмдар бар: «Қызылдың құмы», «Қара құм», «Жеті қоңырдың құмы» аталған.
Судың айтқандығы – адам­­зат­тың епетейсіз көп қыры­л­ған­ды­ғынан, көз жастары ащы теңіз, сор болып қалған. Тау айтқандығы: «Ал­ғаш құрғақтық тауып, қылтиып көрінген мен едім!» – дейді Ұлытау, тау тұңғышы болғандықтан, Ұлытау атанғандығы – сол. «Онан кейін тарбайып-тарбайып, адыр-бұдыр болып көрінген мен едім» дейді Тарбағатай мен Шыңғыс таулары. Тау біткеннің бәрі судан шыққанда, суастында тұншығып қалып, есеп­сіз көп жыл көрінбей қалып: «Ең соңынан шыққан тау кенжесі мен едім», – дейді Баянаула. Оны көрген, ішін аралап жүрген біз: «Рас-ау, рас!» – дейміз. Неге десең, ұзыны – жиырма бес шақырым, көлденеңі – он бес шақырым. Бір өзінде жеті көл бар. Бұл көлдерден басқа, бастарының төбесінде кіш­кене-кішкене көлшімектер толып жатыр. Баянаула қаласының темірқазық жағында он екі ша­қы­рым жерде бір «Найзатас» деген тас бар. Анадайдан көрген кісі: «Бір бөріктей!» – деп ойлайтұғын. Сол Найзатастың төбесінде то­ғыз бөлек тұмарлы Көкше бар. Ара­ла­рында: қарағай, қайың, арша, бұлақ, шабындық шөп толық. Бая­науланы көрген, аралап жүрген кісіге суастынан шыққандығын тауы, тасы өзі сөйлеп айтып тұр».
Міне, Мәшһүр Жүсіп қазақ да­ла­сы­нан көрген-білгенін топан суға бай­ланыстырып осылай жазып қалдырыпты.

Геология ғылымы һәм креационистер
Негізі, жердің геологиялық тари­хын зерттеушілер бүгінде екі топқа бөлінген. Бірінші топ эволюциялық даму теориясын жақтайды. Ғылымда да үстемдік құрып отырғаны – осы. Бұл теория бойынша Big Bang деп аталып кеткен «үлкен жарылыстан» кейін миллиардтаған жыл өтіп, 4,5 млрд жыл бұрын кеңістіктегі газ бен тозаңнан жер пайда болған көрінеді. Бастапқыда жер беті ыс­тық болыпты. Кейін бірте-бір­те салқындаса керек. Ғарыштан түскен метеориттер мен астроидтар жерге миллиондаған тонна мұз түйіршіктерін әкеліп, нәтижесінде су пайда болыпты. Тіпті алып ко­ме­та да соғылған екен. Ай сол кезде бөлініп кеткен деседі. Одан кейінгісі белгілі. Жылдар өте тіршілік пайда болды, одан соң адамзат баласы өмірге келді. Қысқаша айтсақ, ғылымда орныққан түсінік – осы. Бұл теория бойынша жердің жасы 4,5 млрд жыл. Сол уақыттың ішінде жер бетін миллиондаған жыл бойы су басып жатқаны туралы дерек ай­тады ғалымдар. Кейін бірнеше мәр­те мұз басу дәуірі болыпты. Жер беті тек суға көмілген, кейін құрлықтар пайда болып, олардың бөлінген кездерін, тіпті осыдан 60 млн жыл бұрын құрып кеткен динозаврларды адамзат баласы көрген жоқ деседі бұл теорияның жақтастары. Біз сөз етіп жүрген мерзім, яғни күллі тір­шілік атаулыға қатысты деректер палезой, мезозой, кайназой деп аталатын үш геологиялық кезеңнің іші­не сыйып кететін болса керек. Сөй­тіп, 500 млн жылдың ішіндегі тір­шілік жайлы сөз етіп жүрсек керек.
Екінші теорияны ұсынатындар Інжілдегі деректерді алға тартады. Бұл уәж креационистік теория деп аталады. Бұл теория бойынша жердің жасы шамамен 7-8 мың жылдан аса қоймайтын болса ке­рек. Сондықтан топан су туралы илаһи кітаптардағы хиссаларды олар дұрыс деп бағалайды. Олардың ұғымынша, геология ғылымы ұсын­­ған деректер шындыққа жа­на­с­­пайтын болса керек. Яғни, бұл теорияға сенсек, қаңқалары табылып жатқан динозварлар да, алғашқы сүтқоректілер де, тіп­­ті 500 млн жыл бұрын құрып кет­ке­ні айтылатын алғашқы теңіз жән­діктері де адамзатпен қатар өмір сүрген болып шығады. Тек әлемдік діндерде айтылатын топан су хиссаларына қайшы келмесе болғаны.
Бәлкім, содан да шығар біраз жұрт өз күнтізбесін 7 мың жылдан асырмайды. Орыс халқының көне күнтізбесі бойынша қазір 7500 жылдардың ішінде жүрміз. Қытайдың хатқа түскен жыл санауы 4200 жылға жуықтайды. Атышулы Мая күнтізбесі 5 мың жылдан асады. Яғни, Таурат пен Інжілдегі нұсқадан көп ауытқымапты біраз қауым. Тек көшпенді жұрттың күнтізбесі ғана одан асып кетуі мүмкін екенін марқұм Таласбек Әсемқұлов жазып кеткені бар. («Аңыз жайындағы аңыз». (“Алматы ақшамы”) газеті, 23 қазан, 2013 жыл). Біз оған «16 мың жылдық күнтізбе болуы мүмкін бе?» деген мақаламызбен үн қостық. (“Айқын”) газеті, 30 желтоқсан, 2016 жыл). Таласбек ағамыз түркі жұртының күнтізбесі 16 мың жылға кететінін, ал Му деп аталатын континенттің 11 мың 500 жыл бұрын суға бат­қанын жазады. Біз жердің тари­хындағы эволюциялық даму кезе­­ңін сипаттайтын теорияға сүйеніп, 11700 жыл бұрын мұз басу дәуірі аяқталғанын айтқанбыз. Сол дәуірді соңғы плейстоцен кезі деп бағалайды ғалымдар. Қа­лай болғанда да осыдан он екі мың жылға жуық уақыт бұрын Жер бетінде адамзат санасында өшпестей із қалдырған оқиға бол­­ғаны анық. Адам баласы сол оқиғалардың елесін әлі күнге айтып жүр.

Әлемде топан суға қатысты 500 аңыз бар
Біздің топан су туралы сөз етуімізге Наурыз мерекесінің тарихы себеп болғанын сөз басында айттық. Қазақ та Қазығұрттың басында Нұқтың кемесі қалғанына сенеді. Еврейлер мен христиандар Қап тауындағы Араратта қалған деседі. Мұсылман әл-Джуди тауында қалған дегенге сенеді. Ол тау Түркияның оңтүстік шығысында жатыр. Дегенмен, Нұх пайғамбардың кемесі Араб түбегіндегі таулардың бірінде қалғанын айтатын ғалымдар да болыпты. Ислам діні алғаш қанат жайғанда көптеген ғалымдар сондай тоқтамға келсе керек. Тек кейін Джуди тауы Месопатомияда екендігін атаған. Яғни, бір хиссаның өзінде бірнеше таудың аты аталады. Ал әлемде топан суға қатысты 500-ден астам хиқая бар екен. Геолог-эволюционист Роберт Скоч: «Бір ғана Нұх туралы әңгімелер әлемде топан су туралы кемі 500 мифтен құралады. Бұл мифтер – ең көне һәм кең тараған әпсаналар. Алапат топан судың болғаны жайлы аңыздар жер шарының түрлі қиырынан табылды. Мұндай аңыздар адамзат баласы мекен ететін барлық өңірде әрі барлық тіл топтарында кездеседі», – деп жазыпты.
Канадалық геолог сэр Уильям Доусон топан су туралы аңыздар ең көне деген жазба деректерде бар екенін әрі барлық нәсілдің ішінде кездесетінін айтып кетіпті.
Ең қызығы, бүгінгі ғылым сол өркениеттердің бір-бірімен ешқандай байланысы болмағанын алға тартады. Топан су туралы аңыздар Қытайда, Вавилонда, Мексикада, Мысырда, Суданда, Сирияда, Парсы жерінде, Үндістанда, Норвегияда, Уэльсте, Ирландияда, Индонезияда, Румы­нияда кездеседі екен. Ежелгі шумер-аккад аңыздарында Эа құдай Шуруппак қаласының әмірі әділетті Зиусудраға ескерту жасапты-мыс. Содан соң топан болыпты. Деректер Гильгамеш дастанында айтылады. Ежелгі грек аңыздарында Зевс құдай жер бетін суастына қалдырмақ болғандығы сөз болады. Бұл топаннан Дева­ли­кон патша мен әйелі Пирра құ­­тылған екен. Тайландтық мон-кх­мер? аңыздарында адамдар топаннан алып асқабаққа мініп құтылған көрінеді. Лаостың солтүстігін мекен ететін халықтар өздерін ерекше құдірет иесі арнайы салынған үй арқылы құтқарғанын айтатын көрінеді. Вьетнамда ағалы-қарындасты екі бала мен бірнеше жануар сандыққа тығылып, топан бетінде қалқып жүргені туралы аңыз бар. Үнділердің ежелгі Ману-Вайвасвате аңызында Ману өзі құтқарған балықтың кеңесімен топаннан құтылғаны сөз болады. Қысқасы, топан су туралы аңыз көп. Ол тіпті қиыр солтүстікті мекен еткен ненец халқында, Солтүстік Америкадағы инуит, луизен, гурон, алгонкин, ирокез, сиу және өзге де үндіс тайпаларында, Орталық және Оңтүстік Америка үндістерінде, Кариб аралдарының тұрғындарында кездеседі. Инктерде де, ацтектерде де болыпты. Сондай аңыздар. Африканы, Австралияны және Полинезияны мекен еткен бірқатар тайпаларда да бар екен бұл аңыздар. Ал осы 500 аңызға сараптама жасаған Джеймс Перлофф де­ген зерттеушінің айтуынша, әп­са­на­лар­дың 95 пайызында топан су тұтас жер бетін басқан екен. 88 пайызында тек бір отбасы таң­далып, апаттан құтылғаны ай­ты­лып­ты. 70 пайызында адамдар то­­­паннан кеме немесе қайық ар­қы­лы құтылғаны, 67 пайызында жан­уарлар да бірге құтқарылғаны, 66 пайызында топан су адамдардың күнәға батқаны үшін болғаны, 66 пайызында аман қалғандарға алдын ала ескерту жасалғаны айтылады екен. Аңыздардың 57 пайызында аман қалғандар тау басына барып, тоқтағаны, 35 пайызында кемеден алдымен құстар ұшырылғаны, 9 пайызында кемеде сегіз адам бол­­ғаны айтылыпты. Қысқасы, то­пан су туралы аңыздардың түп-төр­кіні бір қайнарда жатқанға ұқ­сай­ды. Бірақ адамзат баласының са­насында қалған топан су қай за­ман­да болғанын ғылым әлі анық­тай алмай жатыр.

 

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*