Ақынның жаны

1847
0
Бөлісу:

Осы күндері Көк базарға да сирек баратын болып жүрміз. Қай күні жолым түсіп, сонау студенттік шақтан бергі естеліктерді кешіп келе жатыр едім, ломбардтың айналасында аузына микрофон «жалғап» алған жігіт ағасы назарымды аударды. Әуелі осы жерде топ-тобымен жүретін алтын алғыштар болар деп қалдым. Олар осындай ұрымтал тұстарда мұрын астынан «алтын аламыз, алтын аламыз» деп міңгірлеп тұрады. Бірақ мына жігіттің даусы жарқын-жарқын. Өз «бизнесін» жасырын жүргізіп тұрған жанға ұқсамайды. Құлақ қойдым.

– Жалаң аяқ жар кешіп,
Табанымен қар кешіп,
Табиғатпен сырласып… – деп өлеңдетіп тұр екен. Қолында – Мұқағалидың өлең­де­рі жазылған диск. Соны сатып тұр.
Ұзай бердім. Бұрылып қарамадым…
Көз алдыма Әмірхан ақын келді… Бала еді. Бала сияқты аңғал, сенгіш, адамның тек жақсы жағын көретін жан еді. Райым­бек даңғылының бойындағы 35-үйде үш жыл қатар жұмыс істедік. Жарықтық га­зет­те істеуге жаралмаған жан еді. Бірақ тір­шілік аясын ба, нан табу керек, бала-ша­ғаны бағу керек. Редакторымыз Талғат Ешенұлы Әмірханның редакцияда жаза алмайтынын біліп: «Әбеке, күндіз жұмыста қарайып отырсаңыз болды. Кешкісін үйде жазып келесіз ғой», – деп кеңшілік жа­са­ған-ды. Ақын Әмірхан сол сенімді керемет ақ­тады. Газет нөмірі қатталатын күнге қа­рай түнімен отырып, сан жылғы зерт­теу­лерінің бір үзігін тамаша толғаныс, зор із­деніске айналдырып, әдеби-ғылыми ма­қалаларын жазып келетін. Гілгәмешті қа­заққа жақындатып, шумерлердің тари­хын ақтарып тәнті ететін. Тағы бір күні «Афина мектебі» туралы ой өрнектеп әке­летін. Атлантиданы әдеби жәдігерлерден із­дегені өз алдына бір әңгіме. Акутагава-ның «Пигмей жазбаларын» өзі аударып, «ой-өрісі тура қазақ-ей!» деп тамсанып отыра­тыны да көз алдымызда.
Күндіз редакцияда компьютерден бас кө­термей құнжыңдайтын бізге түсінбей қа­рап, дәлізге шығып шылым тұтатып, ақы­ры бөлмеге қайта кіретін-ді. Ком­пью­терде сарыала күзде сарыала қаз ататын та­маша ойын бар еді. Қолымыз қалт етсе соны ойнап, жинаған ұпай бойынша ре­корд жасап жарысатынбыз. Әбекең соған бас қоятын. Бірақ ойынды бар даусына қойып алып, бір кезде барып сол дыбыстың бізге кедергі келтіретінін, ойымызды бөле­ті­нін аңғарып, Еренғайып, Гүлзат үшеу­мізге кезек өтініш жасайтын-ды. Өзіне не­ше үйреттік, бірақ «компьютер маған қол емес қой, басым қатып кетеді» деп тез ұмы­та салатын. Сөйтсек, қажет емес ақпа­рат­ты басына сақтап әуре болмайды екен ғой. Кейде бет-жүзімізге барлап қана қа­рап: «Есейш, айтшы, мен жақсы ақынмын ғой, иә», – дейтін. «Үйбай, Әбеке, оған сөз бар ма?» дерімізді десек те, неге бұлай сұ­рақ қойғанына тереңдеп ойланбаппыз.
Сол Әмірхан – ақын Әмірхан Балқыбек өмі­рінің соңында «Дала мен қала», «Аңыз адам» басы­лым­дарын­да істеді. Ол өмірге мүлде басқаша қарай­тын еді…
Көз алдыма Нұрлан Мәукенұлы келді… Бір-ақ рет бетпе-бет көріппін. Ол кезде жиыр­мадан жаңа асқан баламыз. Біз істей­тін басылымда үлкен саяси науқанға қа­тыс­ты үндеу жарияланатын болып, Нұрлан аға соның аудармасына атсалысқан се­кілді. Бірақ көп ішінде жалғыз болып кө­рін­ді көзіме. Саяқ болып көрінді. Құр­дас­тарының бәрі дуылдап, бірінің әзілін екін­шісі іле кетіп, шат-шадыман жүргенде, Мәу­кенұлының жүзіндегі алаң сейілмеді.
Арада бір-екі жылдан кейін Нұрлан аға­ның о дүниелік болғанын естідік. Көз ал­дымызға сол алаңдаулы бейнесі көл­де­неңдей берді. Қолымызда кітабы жоқ екен. Тимирязев көшесінің бойындағы буки­нис­тер дүкенінен «Құснихат» деп аталатын жинағын жолықтырғанда, жемтігін көрген бөрідей бас салдық. Жылдық асына қарай құрдастары қомақты көк кітабын жарыққа шы­ғарды. «Жүрегіме жинадым ба бәрін – Кеуде тұсым ауырады, жарым» деген өлеңін оқып, сілейіп тұрып қалыппын. Бо­лары болып, бояуы сіңіп қалғасын ғана ауру­дың емін тапқан дәрігердей күй ке­шіп, «апыр-ай, ә…» деп таң қалып, бас шай­қай бергенім есімде. Иә, мен көрген Мәу­кенұлының бейнесі шынында да бәрін жүре­гіне жинаған адамның кейпі еді. Өзі өлеңін­де айтыпты ғой, неге сол кезде бай­қа­мадық екен? Тап басып танымадық екен?..
Осы күні Нұрлан ағаның сөзіне жа­зылған «бір күні біз де барамыз, сен аман бол­ғай, сірі Жер» деген әнді естісем, аза бойым қаза болады…
Көз алдыма Есенқұл ағам келді… Есен­құл Жақыпбеков! Бала күнімде мен де ай­тысқа қатыстым. Кеген, Нарынқол ау­дан­дарында өтетін айтыстарға Есенқұл аға жиі келетін. Баламыз ғой, сол кезде көк көз ақын өмірде қайғысы жоқ, тек той той­лауға, думандатуға жаралған жан секілді көрінетін. Ана кісі бір қолқалап дастарқанға шақырып, мына кісі бір қолқалап үйіне бастап, әйтеуір, халыққа еркелеп жүретін.
Жігіт болдық, журналистік жолға түс­тік. Күндердің күні Есағаңды Жазушылар ода­ғындағы бір жиында жолықтырдық. Шөгіңкіреп қалыпты. Аяғын сылтып ба­сатыны бұрын байқалмайтын сияқты еді, енді менмұндалап тұратын болыпты. Жиын­нан соң Өнер академиясының ал­дын­дағы «Льдинка» кафесінен түстендік. Есен­құл аға темекіні жиі шегеді екен. Езуі­не қыстырып отырып әңгімесін айтты. Ау­­­дандық «Атамекен» газетін басқарады екен.
– Әй, қалың отчеттің арасынан анда-сан­да, айына бір рет әдебиет бетін шы­ғарып тұрамын-ей! Оның өзін әрең сақтап ке­лемін. Әкімқараларға салсаң, күндіз-түні ода айтуың керек. Бір жеріме қарамай со­лармен ұстасып, әдебиет бетін пуле­мет­тің оқпанын жалаң кеудемен жапқан жан­кештідей бермей келемін, – деп қинала күл­гені көз алдымда тұр.
– Әй, мағынасыз жиындардан шар­ша­дым… Әкімдер іліп алар ештеңесі жоқ жи­налыстарына мені қалмай қатыс­тыра­ды. Не керек ол маған? Бұл жақсы емес… жақ­сы емес… – деп күрсініп еді сол жо­лы…
Өзі айтпақшы, «лас, былғаныш, мүң­кіген» өмірде тазалық аралын жанын сала қор­ғаштағанын кім ұқты екен? Есенқұл аға о дүниелік болғанда қалың қазақ аһ ұрға­нын көріп, жиналысқа жұмсағыш әкімдер ой­ланды ма екен? Кімді жоғалтып алған­да­рын сезінді ме екен? Қайдам…
Көз алдыма Мұқатай Жылқайдарұлы ке­леді. Ол кезде тіпті сәбимін. Алты-жеті жас­тағы кезім болса керек. Кегеннің арғы жа­ғындағы Ақтасты деген ауылда тұрамыз. Бір күні есік-терезені біреу қоймай тоқ­пақтады. Әкем жұмысында, үйде анамның бауырына тығылып шай ішіп отырғанбыз. Анам жүгіре шықты да, есікті ішінен іле са­лып қайта кірді. Сыртқы дәліздің тере­зесі көп еді, анамның қақпайына қарамай, бойымыз жеткен жерден сығалап әуреміз. Қара плащ киген бір кісі етегін желбіретіп қақ­падан шығып бара жатқанын көріп қал­дық. «Ол кім?» дейміз, өзіміз қорқып тұр­мыз. «Мұқатай деген ақын кісі ғой. Жаңа Қайыпжанның есігін қағып жүр еді» деді анам. Қайыпжан ағаның үй жағына қа­радық. Ақын көрінбейді.
Өмірге сыймай кеткен Мұқатай ақын­ның сол елесі әлі санамда жүр. «Ақын болу үшін салқынқанды, салмақты болу жөн емес екен. Ақын лапылдап жүру керек екен. Сабырлы мінез ақынды өлтіреді екен» деп Тоқаш Бердияровқа жазған ха­тын кейін бір басылымның бетінен оқы­ға­нымда, сол баяғы, 1980 жылдардың ор­та­сындағы жалқы бейнесі елестей қал­ға­ны…
Көзімнің жеткені бір-ақ нәрсе: ақын­ның жанын ешкім ешқашан түсіне ал­май­ды екен… Шынында да солай. Ақын – кә­дімгі пенденің әлемінен азат жаратылыс. Оған дүние-мүлік жинау, жақсы тұрмыс үшін бәсекелесу, тіпті, ақша табу үшін жан­таласу құны бес тиын. Оның шарықтап ұшқысы бар, пендешілік пен қиянаттан биіктеп кетіп, зау биіктен күле қарап тұр­ғы­сы бар. Бірақ сүйкеніп кеткен жанның бә­рі оны жерге түсіруге, жербауырлатуға, сөй­тіп, өздері сияқты күйкі адам ету үшін жан­таласады. «Көптің бірі болса екен» дей­ді…
Әмірхан мүлде басқа әлемде өмір сүрді. Еңбекақысының жартысынан астамын аса қат кітаптарға жұмсайтын. Үйіне зат жи­нау­ды тіпті ойламағанына біз куә.
Нұрлан Мәукенұлының әлемі біз сияқ­ты жерліктерден тым биікте болғанына өлеңдері куә.
Есенқұл ағам қайтыс болғанда, туған аға­сы соңғы топырағын салып тұрып: «Бауы­­­рым-ау, «қара жер, сенен қорық­пай­мын» деп едің ғой, енді қара жердің астына тү­сіп жатып алғаның не?» – дегенін естіп, кө­зімізден жас ыршып еді. Ұзынағаштағы тұйық көшенің №99 үйінде тұрып, жүздік, яки толыққанды өмірге кіріге алмай кет­кен шын ақын өзін-өзі ғана түсінген болар.
… Көк базардың шыға берісінде бір кісі Мұ­қағали өлеңдерін сатып тұр. Сата бер­сін. Игі іс қой. Қазір өлең оқып жарасын жазатын адамдар қалса, өлең сатушы талай сауап жинап жүрген болар.
Бірақ… ақынның жинағын жарна­ма­лауы – жабайы. «Табиғатпен сырласып…» дегені қандай жасанды!.. Жаттанды сөздер жанды жадау ететінін неге сол адам түсін­бейді екен? Одан да тұрып алып, Мұқағали өлең­дерін кезек-кезек оқыса ғой… Өткен-кет­кеннің біреуінің болмаса, екіншісінің құла­ғы елең ете қалар еді…
– Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер?
… Мұқағали ата, ақынның жанын еш­кім ешқашан түсінген емес. Ол солай бо­лып қала береді…

 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*