Конституциялық келісім

1575
0
Бөлісу:

«Ата заңымызға арналған реформа барысында Елбасымыз әрқашан туған халқымен бірге екендігін жарқырата көрсетті: Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдырды»

Қазақстан Конституциясын түзететін жаңа заң жобасын бүкілхалықтық талқылау өткен аптада аяқталғаны мәлім.  Елбасының қатысуымен өткен отырыста мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы өздеріне келіп түскен ұсыныстарды талдап, тұжырды. Бұл ретте Президент бастамашы болған конституциялық реформаға қоғам үлкен қызығушылық танытқаны анықталды. 

– Мен халыққа конституциялық реформа туралы Үндеу жария­лағаннан бері бір айдан астам уақыт өтті. Осы аралықта жұмыс тобы көп іс тындырды. Халықтың Конс­ти­туцияға енгізу үшін берген ұсыныс­тарын жинады, талдап, талқылады. Осы аралықта біз жұмыс тобының мүшелерімен кездесіп, көп мәсе­лелер бойынша ақылдасып отырдық. Түскен ұсыныстардың барлығы мұқият қарастырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жалпы, құрылғалы бері жұмыс тобы төрт рет отырыс өткізген екен.
Жұмыс тобының атына Парла­мент­тің рөлін, Үкіметтің және жер­гілікті билік органдарының жауап­кершілігін күшейту, құқық қорғау қызметін және сот жүйесін жетілдіру жөнінде, сондай-ақ меншік құқығы мәселелері және басқа да тақы­рыптар бойынша ұсыныстар мен ой-тілектер шын мәнінде, тас­қындай ағылыпты. Атап айтқанда, осыдан бір апта­дай бұрын 900-дей ұсыныс жи­нақталғаны хабарланған. Содан қабылдау мерзімі түгесілуге тая­ғанда жұмыс тобы ұсы­ныстар саны үш мыңға жуықтағаны ту­ралы баяндады. Кеше айқындал­ғанындай, ақыр соңында олардың саны екі есеге күрт артып, алты мыңға жетіп жығылыпты.
Жұмыс тобының мүшелері бар­лық ұсыныстарды қорытып, тақы­рыптары мен Ата заң баптары бойынша жүйелеген. Бұл жұмысқа отандық және шетелдік сарап­шылар, тиісті мемлекеттік орган­дар қатыс­қан көрінеді.
Өз сөзінде Елбасы Ата заңға өз­герістер бойынша бүкілхалықтық ре­ферендум болмайтынын айтты және оның себебін түсіндірді. Биыл­ғы 26 қаңтар мен 26 ақпан аралы­ғында қоғамымыз «Қазақ­стан Конс­титуциясына өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңы­ның жобасын жаппай тал­қылап шықты. Енді аталған заң жобасының бүкілхалықтық тал­қылау негізінде өңделген жаңа нұсқасы жоғарғы заң шығарушы орган қарауына шыға­рылатын болады.


– Бұған дейін де біз Парламент арқылы Конституцияға өзгерістер енгізгенбіз. Біздің Конститу­ция­мызда мұндай өзгерістерді ре­ферен­дум арқылы да, Парламент арқылы да енгізуге болады деп нақты ай­тылған. Оны Президент шешеді. Сондықтан бұл жолы конституция­лық құқығымды пай­даландым. Се­бебі, негізгі саяси жүйені айтар­лықтай өзгерткелі отырған жоқпыз. Қолға алынған конституциялық реформа елі­мізге, мемлекетімізге қажетті. Дегенмен өзгерістер заңгер­лік-құқықтық мәселелерге қатысты болғаннан кейін, жұрттың бар­лығын дүр көтермей, оларды Пар­ламент арқылы өткізуді дұрыс деп санадым, – деді Елбасы.
Жалпы, Ата заңымызға 1998 жылы, 2007 және 2011 жылдары үш рет түзетулер қабылданған екен. Мем­лекет басшысы «олар­дың бар­лығы да өз уақытында елдің дамуына айрықша серпін бергендігін» айтып, жоғары ба­ғалады. Әрі бұл жолғы конститу­циялық жаңарулар да ел мен мем­лекетке сондай игілік әкелеріне, еліміздің дамуына ерекше серпін береріне, сөйтіп, алдағы өрлеу жолындағы маңызды қадамға ай­наларына сенім білдірді.
Н.Назарбаев Ата заңды өз­гертіп, өз өкілеттіктерінің басым бөлігін Пар­ламент пен Үкіметке бөліп бере­тінін жариялағанда, бұған алаңдаған біраз азамат хат жолдап, мазасыз­данған екен. Олар әлімсақтан елдің туын ұстап, көшін бастап, рухын асқақтатқан ұлы хандарын ұлықтаған хал­қымыздың игі дәстүр, салт-сана­сын еске сала отырып, елдегі мықты президенттік биліктің әлсі­реуін қаламайтындарын мә­лім­деген екен. Қазақстан Көш­басшысы олардың алаң көңілін сабасына түсірді.
– Айқын мәселе сол, біз Қа­зақ­станның саяси моделін – прези­денттік республиканы сақтап қа­ламыз. Еліміз президенттік рес­­публика болып қала береді. Сонымен бірге, мемлекеттік басқару жүйесі де дәуір талабына сай икемді болуға тиіс. Жүргізілер реформа нәтижесінде, билік өкілеттіктерінің бір бөлігі биліктің бір тармағынан екіншісіне беріліп, өкілді орган­дардың Үкімет пен атқарушы ор­гандарға қатысты жүргізетін бақылау функциялары күшейтілетін болады. Бұл оларды кәсібилендіруге және халық билігі қағидаттарын бекітуге бағыт­талады. Биліктің әрбір тармағы өзіне қатысты өкілеттіктерін то­лық иеленіп, дербес жұмыс істей­ді. Соған сәйкес, олар жауап­кершілікті де сезінуге тиісті, – деді Н.Назарбаев.
Ол Конституцияның 23-бабына және заңдарға 35 өзгерту енгі­зілетіні айқындалғанын мәлім етті.
– Бұл жерде бір мәселеге назар ау­дарғым келеді. Енгізілетін өз­геріс­тердің басты мәні сол, бұлар­дың бар­лығы Президенттің бір­қатар өкі­леттіктерін биліктің басқа тар­мақтарына беруді қарас­тырады. Өздеріңіз білесіздер, басқа елдерде керісінше, Пре­зиденттің өкілеттігін арттыру үшін референдумдар өткі­зіліп, Конституцияға өзгерістер енгі­зіліп жатыр. Біз болсақ, қайта Пар­ламент пен Үкіметтің рөлі мен құ­­зыретін, тиісінше, жауап­кер­шілігін арттырғалы отырмыз, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Тәуелсіз­діктің 25 жылы ішінде басқарудың президенттік моделінің табыс­тылық факторына айналғанына, соның ар­қасында еліміздің әлем­дік қоғам­дастықта танымал бол­ғанына, халық­тың әл-ауқатының артып, оны бұдан әрі жақсарту жөнінде жос­парлы жұмыстар жүр­гізіліп жат­қанына қатысушы­лардың назарын аударды.
– Біз тәуелсіздігімізді нығай­тып, мемлекеттілікті күшейттік. Қазақ­станның жаһандық аре­надағы дәрежесін көтердік. Хал­қымыздың әл-ауқаты жақсар­тылды. Енді да­мыған елдердің отыздығына кіру бағдарында өркендеуге бет алдық. Елімізде іске асырылып жатқан бес инс­титуттық реформаға және
Қа­зақ­стан халқына арналған жаңа Жолдауға сәйкес, респуб­ли­ка­мыздың саяси жүйесі де нақты өз­герістерді қажет етіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы конс­титуция­лық реформа бойынша заң жобасын халықтың талқылауы барысын «мұ­қият қадағалап отырғанын» жеткізді. «Нық айта аламын: бүкілхалықтық талқы­лауға шығаруда көздеген мақ­сатымызға жеттік. Талқыға салу кезінде қазақстандықтар, не­гі­зінен, біз ұсынған консти­ту­циялық өз­герістерге қолдау біл­дірді», – деді Президент.
Осыдан кейін Президент Әкім­шілігінің басшысы, жұмыс тобы­ның жетекшісі Әділбек Жақсы­беков халықтан Ата заңға қатысты қандай ұсыныстар келіп түскеніне шолу жасай кетті.
Оның айтуынша, конститу­ция­лық реформаның мәнін әр қа­зақстан­дыққа жеткізу үшін бір ай бойы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстары жүргізілген. Саяси пар­тиялардың, қоғамдық бірлестік­тердің, жоғары оқу орындарының қатысуымен 150-ден астам іс-шара ұйымдасты­рылды. Парламент де­путаттары да сайлаушыларымен 1200-ден аса кездесу өткізіп, бүкіл елі­міз бойын­ша шамамен 200 мың адам­дық аудиторияны қамтыған.
Республикалық және өңірлік ақпарат құралдарында 5 мыңнан астам материал жарияланды, соның ішінде 1,5 мыңдай бей­несюжет көрсетілді. Конститу­циялық рефор­маны белсенді тал­қылау әлеуметтік желілерде өрістеді. Онда азаматтар мыңдаған пікір қалдырған.
Сонымен қатар танымал тұл­ғалар, Үкімет мүшелері, мемле­кеттік ведомство басшылары, қоғамдық қайраткерлер, барлық саяси пар­тиялардың, шығар­ма­шылық зиялы қауымның өкілдері, белгілі спорт­шылар өз көз­қарастарын білдірді. Жұмыс тобы халықпен кездесулерде айтылған және БАҚ пен интернетте жа­рияланған барлық пікірлерді, мәселелер мен ұсыныстарды тіркеп, назарға алыпты.
Ә.Жақсыбеков Президент Әкім­­шілігі кез келген азаматтың өз материалын жолдауы үшін арнаулы пошта мекенжайларын ұйым­дастырғанын еске салды.
– Азаматтардың қызығушы­лығы мен мүдделілігі өте жоғары болғанын атап өтуіміз керек. Ұсыныстар бар­лық өңірлерден, әртүрлі мамандық иелерінен түсті. Ғалымдар, заң­герлер, қоғамдық қайраткерлер, бизнес қоғамдас­тықтар сан түрлі идеяларын жол­дады. Ұсыныстардың өте үлкен ауқымы талқылаудың соң­ғы күнінде келіп жетті. Нәтижесінде, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына әртүрлі мазмұндағы 6 мың­нан астам ұсыныс түсіп отыр. Барлық ұсыныстарды жұмыс тобы жинақтап, жіті зерделеді. Мұның бәрі конс­титуциялық рефор­ма­лар­ды қоғамда талқылау жөніндегі сіздің шеші­міңіздің дұрыс бол­ғанын көрсетіп отыр, – деді Елбасыға қайырылған Әділбек Рыскелдіұлы.
Оның түсіндіруінше, 6 мыңнан асатын ел ұсыныстары Конститу­цияның 98 бабының 63-ін және барлық тарауын қамтыған. Ұсы­ныс­тар әр алуан болып келеді екен және тек бүкілхалықтық талқылауға шы­ғарылған заң жо­басындағы тақырып­тармен шек­телмейді. Бұл ретте жұ­мыс тобы барлық ұсыныстарды бір­неше бөлік бойынша жүйелеген.
– Мемлекет басшысының мәр­тебесі мен өкілеттіктерін анық­тайтын бөлік бойынша 40-тан астам ұсыныс түсті. Бұл жолғы конституциялық реформаның мақ­саты – Прези­дент­тің өкілет­тіктерін қайта бөлу және оны Үкі­мет пен Парламентке бері­ле­тіндігіне қара­мас­тан, көптеген адамдар Мемлекет бас­шысының өкілеттіктерін кері­сінше, күшей­туді ұсынады. Олар «президенттік басқару әлсірейді» деп наразылық білдіреді, – деді жұмыс тобының жетекшісі.
Парламент құзырына қатысты
88 ұсыныс түскен. Қазақстан­дықтар Үкіметті қалыптастыруда депутаттық корпустың рөлін кү­шейту қажет­тігімен келісіп, қол­дайтын көрінеді. Тіпті «пар­ламенттік республикаға» көшу туралы да ұсыныстар болған.

Бірқатары Парламентті қа­лыптас­тыру тәртібін де өзгертуді қалай­тындарын жеткізген. Атап айтқанда, «Мәжіліс депутаттарын партиялар атынан емес, бұрын­ғыдай бір мандатты округтар бойынша жеке-жеке сайлау, бірпалаталы Парламент ретінде қайта құру» туралы ұсыныстар келіп түскен.
«Азаматтар депутаттық кор­пусқа қойылар талапты күшейтуді, Мәжіліс депутаттары мен сенаторлар үшін жас бойынша шектеуді көтеруді, кей­бірі тіпті қалаулылардың қайта сай­лануын біреумен шектеуді сұрай­ды», –­ деді Әділбек Жақсыбеков.
Үкіметтің қызметі мен мәртебесі бойынша ұсыныстар «негізінен, оның Парламент алдындағы есептілігін күшейтуге қатысты» бол­ған. Дәлірек тоқталсақ, «Үкі­меттің бүкіл құрамын Мәжіліспен міндетті түрде келісу», «Үкіметтің тек Мәжіліс алдында ғана емес, бүкіл Парламент алдында есеп беруі» ұсынылған.
Ең көп (2148) ұсыныс құқық қор­ғау және сот органдарына қатысты болып отыр. Тоқтала кетсек, судья­ларға қойылар талап­ты күшейту, сот болудан үміт­керлердің жасын және заңгерлік мамандық бойынша жұмыс өтілін көтеру мәселесі қаузалады. «Судьяларды халық сайласын» деген бастама көтеріліпті.
Президент Әкімшілігінің бас­шысы сөзін түйіндей келіп, конс­титуциялық кеңесті қалыптастыру тәртібін өзгертуге және оны конс­титуциялық сот ретінде қайта құруға бағытталған ұсыныстарды атап өтті.
Осы орайда Мемлекет басшысы азаматтардан келіп түскен түрлі сипаттағы әр алуан пікірлер мен ұсыныстар біздің қызметімізде кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін көрсететінін, алдағы жұмыс барысында оларды жою қажеттігін айтты.
Отырыс барысында жұмыс тобының барлық мүшелері сөз сөйледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданыстағы редакциясында меншік құқығына қатысты 26-бапқа ұсынылған түзетулер талқыланды. Жұмыс тобы мүшелері аталған нормаға ұсы­нылған өзгерістерге қатысты халықтан түрлі ұсыныс түскені туралы айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарының пікірін ескеріп, 26-бапқа өзгеріс енгізбеуді ұсынды, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру және оның негізгі ережелерін түсіндіру шараларын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге, жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысын ел азаматтарының көпшілігі пәрменді президенттік вертикальді билікті сақтау қажеттігін айтып, кейбір өкілеттіктердің қайта бөлінуіне алаңдаушылық білдіріп отырғаны туралы хабардар етті.
Отырыста, сондай-ақ Прези­денттің өкілеттіктерін қайта бөлуге қатысты емес Ата заңға өзгерістер бойынша ұсыныстар жеке ай­тылды. Елбасы ұсынған «тілдердің үштұғыр­лылығы» қағидатын Ата заңда бекіту үшін «ағылшын тіліне де ресми тіл мәртебесін беруді» ұсынғандар табылыпты. Халық мемлекеттік тілдің рөлін де күшейтуді көздейтін ұсыныстар ба­ғыттапты. Өлім жаза­сын қол­дайтындар және оған қар­сылар да конституциялық реформа аясында үн қосқан екен.
Дегенмен жұмыс тобының мү­шесі, Мемлекеттік басқару академия­сының профессоры Зинаида Федотованың айтуынша, жұмыс тобы жаңа заң жобасында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу және олардың құзыры мен жауап­кершілігін күшейтуден өзге ұсыныстарды қарастырмауға шешім қабылдаған көрінеді.
Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған түзетулерді талқылау барысында ел азаматтары жоғары белсенділік танытқанын айта келіп, алдағы реформаның маңыз­дылығы мен өзектілігін тағы бір мәрте атап өтті.
– Мемлекет құрылымына ұсы­нылған өзгерістер қоғамымызды де­мо­кратияландыру ісін күшейтіп, халық билігінің негізін одан әрі ны­ғайтуға, Парламенттің рөлін, Үкі­мет­тің президенттік ­басқару нысаны ал­дын­­­да­ғы­ дербестігі мен жауап­кер­шілі­гін арттыруға бағыт­тал­ған. Ре­форманың түпкі мәні де осын­да жа­тыр. Бұған қоса, құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің конс­ти­туция­лық негізі жаңғыр­тылады, конс­ти­ту­ция­лық қадағалау жүйесі жетілдірі­леді. Конститу­ция­лық құ­­ры­лы­­мымыз­дың мыз­ғымас­тығына деген кепілдік те бекем бола түседі. Жақын арада Конституцияға енгізілетін өз­герістер жобасы Парламентке тал­қылау үшін ұсы­нылатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы жұмыс тобының барлық мүшелеріне табысты және маңызды тарихи жұмыстары үшін алғыс айтты.

Айхан ШӘРІП


Әлеуметтік  желілерден пікірлер

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– 26-бапқа қатысты мынаны айту керек шығар. Осы бір айдың ішінде біраз ашық та, жабық та, ресми де, бейресми айтыс пен тартыс болды. Бір қуантқаны: қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу. Азаматтық қоғам оянуда. Немкеттілік пен немқұрайдылықтан арылып келеміз. Жалпы алғанда, Президент әкімшілігіне түскен ұсыныстардың дүйім көпшілігі аталған бапқа қатысты болды деп ойлаймын. Бұл да бір жеңіс.
Екіншіден, билік те жер митингілерінен сабақ алып, тиісті нәтиже шығарған сияқты. Қазақ қоғамы мен зиялы қауымның алаңдауын, нара­зылығын ескере білді. Бұл мәселеде әлеуметтік желілердің беделі мен күші айқын танылды десем әбестік болмас.
Басты мәселе біреу – ел егемендігі, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі, ұлттың ұйысуы, жердің тұтастығы. Бұдан асқан, бұдан биік мұрат жоқ! Ортақ жеңіс деп есептелік. Барлығын да даурықпай шешуге болады. Жау іздеудің қажеті жоқ деп санаймын. Қалғанын шеше жатармыз. Қалғанына тарих төре, уақыт таразы.

Ғалым БАЙТОҚ, Қазақстан Блогерлер альянсының президенті:
– Өз басым 26-баптың мәселесіне қатысты ешқандай пікір білдірмедім. Бірақ бұл реформа биліктің мүмкін біршама кешіктірген, дейтұрғанмен, дұрыс шешім деп ойладым. Қалай болса да, бүгінде реформалардың бастау алып, азаматтық қоғамның тарапынан қолдауға ие болып жатқаны аса маңызды. Бұл – бірінші кезекте, Үкімет пен Парламенттің өзіне жүктелген жауапкершілігін сезінуі үшін қажет. Елбасы 40-тан астам құзыретін заң шығарушы және атқарушы билікке тапсырды. Енді Министрлер кабинеті жауапкершілікті Мемлекет басшысына ысыра салмай, әрбір іс-әрекеті үшін халық алдында жауап беруі тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы 26-бапқа өзгеріс енгізуді құптамады және бұрынғы мазмұнында қалдыруды тапсырды. Бұл – сөзсіз азаматтық қоғамның жеңісі!

Ерлан САИРОВ, саясаттанушы:
– Мемлекет басшысы Конституцияның 26-бабын қаз қалпынша қалдыруды тапсырды. Еліміз жаңғыру жолында екеніне еш күмәнім жоқ. Кеңес берудегі демократияның даму барысына көзіміз жетті. Бұл жолы өз басым үлкен жауапкершілікті сезіндім.
Исмаилбек БЕКҚОЖИН,  блогер:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдырды. Бәрекелді, халықпен әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істеуді үйренді. Маз­мұнына өзгеріс енгізгенімен, мәні өзгере қоймайтын бапты баяғыша қалдырып, есесіне, ел тұрғындарына қажет нақты істерді өзгерту қажет.

Талғат ҚАЛИЕВ, саясаттанушы:
– 26-бапқа өзгеріс енгізу, шын мәнінде, осы Консти­туциялық реформаның жалғыз кедергісі болды. Бәзбі­реулер, барлық жағдай дәл осы мәселе үшін жасалды деп те есептеді. Пікір қайшылығы мен түрлі қақтығыстың соңына нүкте қойылды. Негізінде, Үкімет пен Парламент Елбасы тапсырған құзыреттер кешенін қажет деңгейде өкім ете алған жағдайда түбегейлі мәнге ие болады. Бұдан бөлек, демократияландыру тұрғысынан алып қарасақ та, бұл – расында ілгері жасалған қадам. Өзіне құзыреттер тізімін алатындар жетіп артылады, ал өз еркімен бөлісетіндер жалғыз.
Дағдарыс жағдайларының туу себебі неде? Шын мәнінде, мәселе жер дауында емес, әділетсіз құбылыстың (ойынның) болуы хақында еді. Түрлі жағдайдан кейін пайда болған көңілдегі күдік те болатын. Түсіндіру жұмыс­тары туралы мәселе көтерілгенде көзделетін жағдай – «Хабардың» стиліндегі тікелей насихаттау жолы емес, Үкіметтің қоғаммен ашық әрі әділ байланысқа шығуы. Сол қарым-қатынастың адал да таза болмағы соншалық, азаматтық қоғамның көкейінде әділетсіздік хақында күмән қалмауы қажет.
Тоқсаныншы жылдары халыққа «Қаражат жоқ, бірақ сендер шыдаң­дар!» деп ашық айтудан билік ұялған жоқ. Сол уақытта ел тұрғындары шыдап бақты және қолдай білді. Рузвельттің өзі кешқұрым алауошақтың жанында әңгіме құрып, халыққа жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын түсіндірді емес пе? Ол кезде де халық барлық бастамаларға қолдау көрсетті.
Бәрекелді! Бұл шиеленістің де түйінін абыроймен шеше білдік. Ешкім тұрақсыздық пен азаматтық текетірестің болуын, экономикалық құлдырауды қалап отырған жоқ. Бірақ диалог ашық әрі әділ болуы тиіс. Ендігі кезекте «түсіндіру» сөзінің мәнін дұрыс түсінеді деп сенейік.
Жанна ИЛЬИЧЁВА, блогер:
– Мемлекет басшысы Ата заңның 26-бабын бұрынғыша қалдырды. Ел тұрғындары бір ай бойы Конституцияға енгізілетін өзгерістер турасында талқылады және негізгі сын дәл осы 26-бапқа қатысты айтылды. Сондай-ақ конституциялық реформа тек осы өзгерісті енгізу үшін басталғанын айтқан да еді. Президент, Парламент пен Үкіметтің құзыретін баяғыда-ақ ретке келтіру керек еді. Дейтұрғанмен, ештен кеш жақсы.

Сырым ӘБДІРАХМАНОВ, сарапшы-блогер:
– Құтты болсын, Алаш жұрты! Көктемнің алғашқы күнінде Елбасымыз Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдыруды жөн санады. Бұл – барша қазақ xалқының жанайқайы еді. Алғысым шексіз, Нұрсұлтан Әбішұлы!

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*