«Сіз кімге алғыс айтар едіңіз?..»

1897
0
Бөлісу:

2016 жылы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Мемлекет басшысының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған тілі басқа болса да, тілегі бір сан алуан этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті Қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Өйткені қазақ халқының сол бір қиын-қыстау кезеңде олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білгені тарихтан белгілі. Сондықтанда бүгінде бұл күн – Тәуелсіз Қазақстанда бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Сондай-ақ бұл күн қиын да күрделі кезеңде еліміз алдында тұрған асқаралы міндеттерді бірлесе отырып еңсеріп, Елбасы басшылығымен тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтың бір-біріне риясыз құрмет білдіретін күн. Осындай айтулы күні біз кең байтақ елімізде бақытты өмір сүріп жатқан  ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінен 1Сіз кімге алғыс айтар едіңіз?1 деп сұраған едік.

Руслан АЛИЕВ, Күрдтердің «Барбанг» этномәдени орталығы Алматы облыстық филиалының төрағасы:

– Бұл күн бір мақсат, бір үміт, біртұтас мемлекет жолындағы ізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды қолға алған барша қазақстандықтарды тәуелсіз еліміздің көк туы астына барынша топтасуға зор ықпал етеді. Біздер, қазақстандық күрдтер сол бір қиын қыстау кезеңде солақай саясаттың салдарынан ата-бабаларымыздың ежелгі атамекенінен Қазақстанға күштеп көшірілгенін әлі ұмыта қойған жоқпыз. Аға-ұрпақ өкілдері сол жылдары күрдтерді қазақ халқының айрықша қамқорлықпен құшақ жая қарсы алғанын ерекше ықласпен айтып, үнемі әңгімелеп отырады. Біздер, кейінгі ұрпақ өкілдері күрд ұлтының өмірден жоғалып кетпеуі үшін қазақ халқының риясыз көңілмен қандай көмек пен қамқорлық көрсеткенін жақсы білеміз. Қазақтардың әкелік қамқорлығы жағдайында қазақстандық күрдтер бүгінгі күні тәуелсіз Қазақ елінде бақытты  өмір сүрудеміз. Осында жоғары білім алып, отбасын құрып, Қазақстанның азаматы атандық. Көптеген аға-апамыз Ұлттық ғалым академиясының академигі лауазымына қол жеткізсе, енді бір қатары ғылым докторы немесе ғылым кандидаты атанып, ғылымның сан алуан саласында үлгілі қызмет атқаруда. Жасыратыны жоқ, мұндай ізгі жетістіктерге біздің ұлттың аға ұрпақ өкілдері мейірбан қазақ халқының шынайы қамқорлығы жағдайында қол жеткізді. Сондықтанда қазақстандық күрдтер Алғыс айту күні, ең алдымен, барша қазақ халқына үлкен рахмет айтып, олардың қолға алған істеріне сәттілік тілейміз!

 Юсупжан АМИНОВ, «Сафа» тәжік мәдени орталығының вице-президенті:

– Қазақ-тәжік достығының тамыры тереңде, сонау ғасырлар қойнауында жатыр. Мұны дәл қазіргі күні тәжік пен қазақ халқы өкілдерінің бір атаның балаларындай, тонның ішкі бауындай ажырағысыз достық пен

береке-бірлікте тұрмыс кешіп жатқандығынан айқын байқауға болады. Бұған біздер, ағайын-бауырдай болып кеткен қазақстандықтар халық өкілдері Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен бейбіт өмір жолындағы ізгі мақсат-мүдделерді бәрінен де жоғары қоя білуінің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Сондықтан да өз басым, көп ұлтты Қазақстан халқын бір шаңырақ астына біріктіре білген және сол ұлттардың береке-бірлігі мен ынтымағы үшін бейбіт өмір сыйлаған, осы жолда баянды еңбек етіп жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, бүкіл қазақ халқына барша тәжіктердің атынан шын жүректен зор алғыс айтамын! Тәуелсіз Қазақ елі гүденіп, алып адыммен ілгерілей берсін!

Исмаил ГИЛОВ, Қазақстан балкарлары этномәдени орталығының жетекшісі:

 – Алғыс айту күні – бүкіл қазақ халқын, Қазақстанда тұратын барлық ұлттың, яғни этнос өкілдерін анағұрлым жақындастыра түсетін мереке. Мысалы, өз басым сонау жылдары көптеген ұлт өкілін туған бауырындай қарсы алып, бір нанды бөле жеген қазақ халқына орасан зор алғыс айтамын! Жасыратыны жоқ, біз қазақ бауырларымыздың ыстық құшағы мен кеңпейілдігінің, қонақжайлығы мен ыстық алақанының нәтижесінде немере-шөбереге жетіп, бақытты өмір сүріп отырмыз. Барша қазақстандықтар үшін елімізде екінші жыл атап өтіп отырған Алғыс айту күнінің мәні мен маңызы зор. Бұл күн ең алдымен, барлық тұрғынның біріне бірі ізгілік пен мейірбандық танытатын жарқын күн. Бұған қоса, бұл күн ­мейірбандық пен достыққа, шынайы махаббатқа, өзара сыйластыққа толы күнге айнала бастады. Бұл ­– біріншіден! Екіншіден, Елбасының Алғыс айту күнін басқа күні емес, шуақты көктемнің бірінші күніне белгіленуі жайдан жай емес. Өйткені көктем бұл ­– бүкіл тіршілік атаулының ерекше күйге енетін мезгілі. Демек, дәл осы күні еліміздің тұрғындары біріне бірінің алғыс айтуы тамаша татулық пен жарқын жарасымның бастауы. Сондай-ақ бұл күн ­– Қазақстанда тағдыр тоғыстырған көп ұлтты халықтардың ортақ тарихын құрметтеу, қайырымдылық дәстүрлері мен өзара көмек көрсетуді қолдау күніне айналуы тиіс. Бұл – сонау жылдардағы репрессия жылдарында бізге қазақ халқы көрсеткен мейірімділік пен ақ көңілділік, қолда барымен бөлісу, адамның адамға көмек көрсету сынды рухани дәстүр күніне, яғни жалпыұлттық мерекеге айналса игі дейміз!

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*