Түйткілді тақырыптар талқыланды

1603
0
Бөлісу:

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Икрам Адырбеков бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының Венада өткен қысқы сессиясына қатысты. Делегация құрамында сенаторлар Нұртай Әбіқаев, Мұхтар Алтынбаев, Михаил Бортник, Ләззат Қиынов, Дулат Құсдәулетов және Парламент Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен бар.

Делегация саяси мәселелер және қауіпсіздік, экономи­калық істер, ғылым, техноло­гиялар және қоршаған орта, демократия, адам құқықтары және гумани­тарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитет­тердің отырыс­тары аясындағы пікірсайыстарға белсенді түрде қатысты. Ха­лықаралық тер­роризм және ра­дикалданумен күрес, адам құ­қық­тарының сақталуы, кли­­мат­тың өзгеруі күн тәрті­біндегі негізгі мәсе­лелер болды. Одан басқа, Минск келісімдеріне сәйкес Украина төңірегіндегі жағдай­ды реттеудің келешегі, сондай-ақ ЕҚЫҰ кеңістігіндегі басқа да мәселелер талқыланды.
Экономикалық істер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитеттің отырысында ЕҚЫҰ Экономика-экология­лық комитетінің төрағасы, Венадағы халықаралық ұйым­дар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі жөніндегі жұмыс­тардың негізгі бағыт­тарын пар­ламентшілер назарына ұсынды. Сенатор М.Бортник пен Мәжіліс депутаты Қ.Қаракен әскери-саяси және қауіпсіздіктің гу­манитарлық мәселелері жө­ніндегі пікірсайыста қауіп­­сіздікті нығайтудағы ЕҚЫҰ-ның эконо­микалық-эколо­гиялық өлшем­дері­нің маңызды рөлін атап өтті.
– Елдер өзара тұрақты бай­ланыстарға қол жеткізуге ұмты­луы тиіс. Экономикалық бай­ланыстарды дамыту ЕҚЫҰ мен оның аясынан тыс жер­лерде жалпыға бірдей қауіп­сіздікті ілгерілету тұрғысында сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етеді, – деді Қ.Қаракен.
Шара аясында парламенттік делегация басшысы И.Адыр­беков ЕҚЫҰ ПА төрағасы, Австрия парламентінің де­путаты Кристин Муттоненмен және ЕҚЫҰ ПА бас хатшысы Роберто Монтелло­мен екі­жақты кездесу өткізді. Та­раптар Сириядағы шиеленіс жөніндегі Астанада өткен келіс­сөздердің нәтижелерін, Орта Азия аймағы аясын­дағы ынты­мақтастықтың келеше­гін, украин дағдарысын реттеу мәселелерін талқылады.

Серік САДЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*