БІЗ ҚАЗАҚҚА АЛҒЫС АЙТАМЫЗ

21176
0
Бөлісу:

Мұрат АХМАДИЕВ, Қазақстанның халық артисі,  «Астана опера» театры директорының шығармашылық ұжымдар жөніндегі орынбасары:

Менің ең сүйікті мерекем

– Елбасы Жарлығымен бекітілген 1 наурыз – Алғыс айту күні дәстүрімізге ресми түрде жаңадан енген игілікті іс болды. Елге серпіліс әкелді. Бұдан былай жүйелі жалғасын тауып, кең түрде қанат жая беруі керек. Біз кімге алғыс айтуымыз керек? Алдымен, әрине, бізді адам ғып жаратқан Жаратушы көкейімізде тұруы қажет. Одан кейін жарық дүниеге біздерді әкелген, аялап өсіріп, қанаттандырған ата-анамызға алғыс айтуға тиіспіз. Одан кейінгі орында ұлтымыз, Отанымыз тұрады. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген қаншама ұлыс өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен, барымен бөлісті. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының жүрек жылуын, ыстық ықыласын ешқашан ұмытпауы тиіс. Мәселен, өзім қазақтармен біте-қайнасып өсіп, атақты Шәкен Аймановтың өкіл баласы атанғанмын. Аймановтың үйінде 3-4 жыл бірге тұрғанмын. Батасын алғанмын. Қазақ «Батамен ер көгереді», «Алғыс алған арымас» дейді. Сол аталарымыздың берген батасының арқасында көгеріп, көктеп келе жатырмын.
Алғыс айту тұрақтылық пен татулықты, береке мен бірлікті нығайтады. Құдайға шүкір, елімізде әлемге үлгі етуге болатын бірлік зор, 140 этнос тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз бұған қуана білуге тиіспіз. Бұл – біздің аса қымбат құндылығымыз. Әрбір қазақстандық оны одан әрі сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі тиіс. Бұл – бәрімізге артылған маңызды міндет, зор жауапкершілікті жүк. Бірлігіміз күшейсе, тірлігіміз гүлденеді. Тірлігіміз гүлденсе, ірілігіміз күшейеді. Сол кезде елдің де, ердің де алдынан даңғыл жол ашылады. Қазір жер бетінде күн сайын қаншама қан төгіліп, босқындардың бас сауғалап қашып жатқанын теледидардан күнде көріп жүрміз. Діни соғыстың кесірінен қаншама жас жетім, қаншама әйел жесір қалып жатыр. Сондықтан бірлікке, ынтымаққа ештеңе жетпейді. Бірлік, ынтымақ болса, жетістік те, жарқын болашақ та болады. Сондықтан бір-бірімізге, көршілерімізге, айналамыздағы жандарға алғыс айтсақ, бұл – біздің бір-бірімізді бағалағанымыз, сыйластығымыз.
Міне, көктемнің алғашқы күні келді. Наурыз айы басталды. Ынтымақ пен бірліктің айы. Самарқанның көк тасы еритін күн. Көк тастың өзі еріп жатса, біз неге ерімейміз? Өкпеміз болса, ренішіміз болса, бір-бірімізді кеше білейік. Кешірімді болайық. Бір-біріміздің бойымыздан тек жақсылық іздейік. Жақсылық іздеген жақсылыққа жолығады. Барымызды бағалайық. Алғыс айтайық.
Елбасы айтқандай, Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына жан-жүрегіммен сенемін.


Артур БАРТЕЛЬ,Неміс жастары одағының төрағасы:

Қасиетті Отанымызға айналды

– Неміс ұлтының атынан қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді. Ата-бабамыз қаншама қиын-қыстау заманды басынан өткізіп, депортация кезінде Қазақстанға келді. Сол кезде қазақ халқы бізді құшақ жая қарсы алды. Өздерінің соңғы бір түйір нанына дейін бөлісті. Қазақтардың өз отбасында 11-12 баладан болғанына қарамастан, неміс отбасыларына аса үлкен қамқорлық танытты. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Ата-әжелерім сол заманды көзіне жас алып, бізге үлгі ретінде үнемі айтып отыратын. Бүгінде міне, Елбасының сарабдал саясатының арқасында неміс халқы өзінің мәдениетін сақтап отыр.
Біз, неміс жастары оны жақсы түсінеміз.
Алғыс айту күнін атап өтудің маңызы зор. Себебі, дәл осы күні тарихты сақтаушы шежіреге айналған бірегей құрылым – Қазақстан халқы ассамблеясы өмірге келді. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр. «Ризашылық» деген сезімнің өзі – үлкен құбылыс. Мәселен, бала ата-анасына риза. Себебі, ата-ана оны өмірге әкелді, тәрбие берді. Адам қоғамға риза. Қоғам оған өмірден өз орнын табуына ықпал етті. Ал қазақ халқы түрлі этностың тарихи ұлт ретінде сақталуына мүмкіндік берді. Бұл – үлкен ерлік. Бұл бізді жақындастырады. Елімізді мекендейтін барша ұлтты қазақ халқының маңайына топтастыра түседі. Тағдырлас халықтардың тарихы бірлігі мықты елдің ғана озатынын көрсетті. Сондықтан да, осы тарихи тамырды болашақпен байланыстыру маңызды.
Басқасын айтпағанда, қазақтың даңқты жазушысына айналған Герольд Бельгердің көзі тірісінде Германияға қайта оралуға мүмкіндігі болды. Бірақ ол Қазақ жерін айырбастаған жоқ. Себебі, Қазақстан барлығымыз үшін шын мәніндегі қасиетті Отанға айналды.


Оксана ЛОСКУТОВА, журналист:

Қазақстанның болашағы жарқын

– Көктемнің алғашқы күні, әсіресе ұзақ қыстан шаршаған солтүстік жақ үшін өзі бір мереке. Оның үстіне ресми түрде мереке болып бекітілгені көптің көңілінен шықты. Алғыс айту күнін былтырдан бері тойлай бастадық. Бұл – тәуелсіз Қазақстанды құруға атсалысқан азаматтардың бір-біріне алғыс білдіру күні. Яғни, қазақ, орыс, неміс деп бөлінудің қажеті жоқ. Кезінде тағдырдың тәлкегімен, сол кездегі саясаттың кесірінен қазақ жеріне келіп қоныстанған өзге ұлттың ризашылығы. Сол ұлттар қазақпен бірге бүгінгі елді құрды. Әрине, бұл күнге жетуге, ұрпақ таратуда қазақ халқының еңбегі зор. Сол кезде осында келген ұлттар жерді қабылдамаған гүл секілді солып қалғанда бүгінгідей біз мақтанатын халық болмас па еді?! Баршамызға бүгінгідей татулықты тілеймін! Қазақстанның болашағы жарқын болсын!


Шарафаддин АЗИЗОВ, №7 қалалық клиникалық ауруханасы урология бөлімшесінің меңгерушісі,  жоғары санатты дәрігер, уролог-андролог:

Бірліктің бастауы – татулық

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген көш­бас­шылығының арқасында мемлекетіміз тағы бір тағылымды мерекемен толыққан болатын. Алғыс айту күні – түрік халқы үшін ерекше мереке. Себебі, қазақ халқы мен түрік елінің байланысы ежелден басталған. Ғасырлардан бері жалғасқан екі ел арасындағы көне достық мәдениетімізбен де астасып жатыр. Алты атадан бері Қазақстанда тұрып жатырмыз. Осыдан кейін бұл менің Отаным емес деп қалай айтуға болады? Түрік халқы да басқа ұлт өкілдерімен бірге аумалы-төкпелі заманда пейілі дарқан қазақ даласына табан тіреген еді. Осы ұлан-байтақ қазақ даласында өсіп өндім. Сондықтан ата-анамның қазақ еліне, жеріне, дарқан көңіліне үнемі айтып отыратын алғысы менің жүрегімнен ойып тұрып орын алған. Қазақ халқының арқасында түрік мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап қалды. Сол себепті қазақ халқына алғысымыз шексіз. Осы өлкеде дәстүріміз бен ұлттық құндылығымызды жоғалтпай өмір сүріп келеміз. Елбасының дара саясатының ықпалымен біз секілді талай ұлттың ұрпақтарына бір шаңырақтың астында білім алып, жұмыс істеп, бақытты өмір сүруге мол мүмкіндік беріліп отыр.
Алғыс айту күні ынтымақты нығайту үшін белгіленді деп түсінемін. Бұл күн бірліктің бастауы болары анық. Қазақстандағы әр этнос өкілінің өз тарихы бар. Сондықтан олар 1 наурыздың Алғыс айту күні болып аталуын тек ризашылық күні емес, тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке деп қабылдайды. Қазақстан – әр ұлттың басын қосқан ғажап мемле-кет. Бүгінде көптеген ел Қазақстанды өздеріне үлгі ететіні де бекер емес. Біз үшін бұл да мақтаныш. Алғыс айту күні – біз жеткен жетістікті жастарға аманаттайтын жарқын мереке. Мереке қазақ халқының бойындағы бауырмалдылық қасиеттерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, болашағымыздың жарқын болуына сеп болсын!


Андрей ФЕНДРИКОВ, күйші:

Қазақстаным – құт мекенім!

– Барлық ұлтқа бейбіт шаңырақтың астында өмір сүруге мүмкіндік беріп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – әрдайым алғысқа лайық тұлға. Алғыс айту күні – өткенімізге көз тастап, еліміздегі достықтың күшін нығайтуға үлкен мүмкіндік. Қазақ жатсынуды, бөлектеуді білмейді. Сондықтан да Алғыс айту күнінде орыс ұлтының атынан баршаның баласын бауырына басқан қазақтарға мың алғыс айтып, құтты мекенге айналған Қазақстанды ерекше жақсы көретінімді жеткізгім келеді. Менің алғыс айтуым, қазақтың мәдениетін, өнерін баршаға таныту деп түсінемін. Мектеп жасымнан бастап домбыраға қызығушылық танытып, үйрене бастадым. Кейін күйшілік өнерді өмір жолыммен байланыстырдым. Балаларға домбыра ойнауды үйретемін. Әрбір жастың бойынан қазақ өнеріне, мәдениетіне деген сүйіспеншілік оята білсем, бұл мен үшін үлкен жетістік. Сонымен бірге, халық әндерін айтқанды ұнатамын. Мұндағы мақсатым – өскелең ұрпақты қазақ өнеріне жақындастыру, сол арқылы қазақ халқының бай мұрасын жаңғырту.
Біз Қазақстанды мекендеген барлық халықтың достастығы мен төзіміне, сыйластығына да ризашылық білдіруіміз керек. Бүгінгі бірлік – бірге еңбек етіп, төккен теріміздің нәтижесі. Жылдан жылға бірлігіміз нығая берсін! Алғыс айту күні Елбасымен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарына ризашылығымды білдіріп, тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтейтінімді айтқым келеді.


Максим РОЖИН, блогер, фотограф:

Бір нанды бөлісе білген қазақ халқына мың алғыс!

– Ашаршылық жылдар. Қиын-қыстау күндер. Қазалы станциясы. Темір жолда күніге алты жасар қыз бен төрт жасар бала шпалдың арасынан бір нәрсе теріп жүр. Ол менің нағашы әжем мен інісі болатын. Олардың теріп, азық қылғандары пойыздан жерге үгітіліп түскен күнжараның ұнтағы. Вагондардың соқтығысынан жерге түсетін күнжара болмағанда, 10 баласы бар көрші отбасыңа барып, 11 және 12 бала болып қосылады. Амал қанша, әжемнің анасы екі баласын жалғыз асырады. Өзі аш болса да, сол екі баласының қамын ойлап, күндіз-түні жұмыста болды. Ал екі балапанын өз баласындай көрген Әлеке аға бөтенсімей, бар қамқорлығын аямаған. Ашығын айтқанда, аман алып қалған сол кісі.
Ол кісіні әжемнің күнде айтатын рахметі мен ризашылығының арқасында жақсы танимын. Ол кісіні осылай етіп тәрбиелеген қазақ халқына мың алғыс! Әжем секілді басқа да ұлттардың баласымен, қиын сәтте бір үзім нанды бөлісе білген ұрпақтарыңызға, қазақ халқының әрбір өкіліне Алла Тағала екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін! Мен, менің ұрпағым, сіздің алдыңызда әжеме жасаған жақсылық үшін қарыздар! Әжемнің алғысы бір күндік емес, оның алғысын күнде естимін. Қазір әжемнің жасы – 87-де. Оны көріп, әңгімесін естіп өскендіктен болар, бізге қайырымдылық көрсеткен жандардың алдында басымды иемін! Татулығымыз жарасқан, бірлігіміз асқан еліміз өркендей берсін!


Руслан ТоКтахунов, Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры:

Отан – қуат, отбасы – шуақ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2016 жылдан бастап 1 наурыз – Алғыс айту күні деп бе­кітілді. Мемлекет басшысы бұл күнді адамдардың бір-біріне және елге күштеп қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің қонақжай, бауырмал қазақ халқына алғыс айту күні екенін айтқан. Елімізде 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілі бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениет пен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет. Біз ұйғыр халқы еліміздегі басқа ұлттар секілді Қазақстан еліне, бауырлас қазақ халқына өз ризашылығымызды білдіреміз. Елімізде біздің өз тіліміз, әдебиетіміз, өнеріміз, мәдениетіміз, ежелден келе жатқан салт-дәс­түріміз дамуда. Ана тіліміздегі мектептер, республикалық «Уйғур авази» газеті, Мемлекеттік академиялық ұйғыр театрымызбен мақтанамыз.
Біз Қазақстанда дүниеге келдік, оқып білім алдық, өмірден өзіміздің орнымызды тап­тық. Қазақ елі – ежелден еш нәрседен тайынбаған, ешкімге мойынсынбаған ел. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, туған жеріміз Қазақстан бүгінде Кеңестік одақ ел­дері арасында даму жағынан алдыңғы қатардан көрініп келеді. Еліміз қаншама ұлт өкіл­деріне құт мекен болған арайлы өлке ретінде әлемде өзінің лайықты орнын алды.


P.S Алғыс айту – Мәңгілік елдің ұлттық біртұтас идеясы. Мұның арқауында – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың ынтымағы, береке-бірлігі жатыр. Әлемде Алғыс айту күнін тойлайтын мемлекеттер де бар. Мәселен, АҚШ пен Канада. Бұл мемлекетте халықтар қараша айының төртінші бейсенбісінде бір-біріне алғыс айтатын көрінеді. Оның себебі, атаулы күнді тойлау алғаш рет ХVІІ ғасырда бастау алған екен. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырап, қиыншылыққа душар болған уақытта губернатор халықтың көңілін көтеру мақсатында Алғыс айту күнін белгілепті. Содан бері бұл мереке дәстүрге айналып кетті.
Сол секілді Алғыс айту – адамдардың құрметі пен қадір-қасиетін арттыратын күн. Ел ынтымағы мен ауызбіршілігінен айнымасын! Мәңгілік елдің мұраты – береке-бірлікте!

 

 Т.ТӘШЕНОВ, Г.БЕКТАС, А.ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*