Кәсіпкерлікті насихаттау –­ баршаға міндет

1667
0
Бөлісу:

Болар елдің баласы билікқұмар емес, бизнеске ынтық болуға тиіс. Кеше Сенатта өткен парламенттік тыңдаудағы спикер сөзінің түйіні осыған сайды. Бұл жиында «Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттің осы саладағы өзара іс-қимылы» тақырыбы талқыланды.
Жоғарғы палата басшысы жастардың мемлекеттік қызметке ұмтылысы алаң­дататынын білдірді. Спикердің байламынша, жас ұрпақ та «үкімет өлтірмейді» деп мем­лекетке қарап отырмай, өз ісін бастап, бизнесін гүлдендіруі тиіс. Сөйтіп, бүкіл елді өркендетуі үшін олардың арасында кәсіпкерлік кең уағыздалғаны абзал.
– Кәсіпкерліктің жастар арасында наси­хат­талғаны өте маңызды. Қазіргі кезде жас буын өкілдері мемлекет қатысымындағы ірі компанияларда немесе мемлекеттік қызметте жұмыс жасауды қалайды. Осы үрдіс, әрине, алаңдатпай қоймайды, – деген Қ.Тоқаев бұл беталысты түзету үшін елімізде бизнес-білім беру жүйесін ендіруді ұсынды. Оның айтуынша, оқушыларды да бизнес жүргізу негіздеріне оқытқан жөн, бәлкім, сонда олардың бір бөлігі мектеп қабырғасынан-ақ өз кәсібін ашуға құлшынар?!
– Біз студенттер арасында, тіпті мектеп­терде кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды бастауға тиіспіз. Бизнес жайында білім беру жүйесін жолға қоюымыз қажет. Тиісінше, бізге тиісті білім беру бағдарламалары керек болады. Жастардың бизнеспен айналысуына кедергі келтіретін бөгет-кедергілерді батыл түрде жоюға, кәсіпкерлікпен шұғылдану тартымды, беделді әрі қолжетімді болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазақстан қазіргі кезде конституциялық реформа аясында меншіктің қорғалуы кепілдіктерін нығайта түсуге ден қойды. Мәселен, енді жекеменшікке ешкімнің қол сұға алмайтыны Ата заңда бекітілмек. Осы орайда Сенат төрағасы меншіктегі мүлікті тәркілеудің заңдылығы екіұшты емес, айқын болуға тиістігін қадап айтты. Ұлттық заңнамаға кәсіпкерлердің жағдайын жақсартатын түзетулер енгізілді. Әйткенмен, оның бағалауынша, бұл бағытта әлі көп жұ­мыс күтіп тұр. Бизнес пен мемлекеттің қа­ты­нас­тарын реттейтін заңдар әлі кемелдіктен алыс, жетілдіруді қажет етеді. Спикер кәсіп­керлік қызметімен байланысты емес істер бойынша бизнесмендердің мүлкін тәркілеу проблемасына назар аудартты.
Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*