Инновация мәселелері талқыланды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Астанада жұмыс кеңесін өткізіп, отандық ғалымдар мен ұйымдардың ғылыми-техникалық жобаларын талқылады. «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильонына қойылатын жұмыстармен танысты.
Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында инновацияларға қолдау көрсету, оларды өндіріске жылдам енгізу, ЖОО-лар, Назарбаев университеті және «Алатау» ИТП базасында ғылыми және инновациялық әлеуетті арттыру мәселелеріне баса назар аударған болатын. Осыған орай жиында Энергетика министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңес 139 инновациялық жобаның 27-сін іріктеп алды. Әзірлемелердің тақырыбы энергияның жаңа жаңғыртпалы көздерін дамыту, энергия үнемдеу және оның тиімділігі, қоршаған ортаға жағымсыз ықпалды төмендету технологияларымен байланысты. Сонымен қатар дербес күн қондырғысын, кіші деривациялық СЭС, қуаттылығы 200 кВТ-қа дейінгі гибридті жел электр стансасы, көмірі бар қалдықтарды плазма химиялық қайта өңдеу технологияларын құру жобалары да қарастырылды.
Бақытжан Сағынтаев әзірлемелердің авторларымен жобаларға қолдау көрсету және коммерцияландыру, жаңа индустрияларды құру мен инновация саласын дамыту мәселелеріне тоқталды.Бұдан бөлек Премьер-министр тау-кен-металлургия саласының ірі жүйе құраушы кәсіпорындарының басшыларымен кеңес өткізіп, Мемлекет басшысының базалық салаларды 2025 жылға дейін технологиялық қайта жарақтандыру туралы тапсырмасы аясында Индустрия 4.0 элементтерін енгізу мәселелерін талқылады.
Әмірлан МӘУЛЕН