Қуат тиімділігі өнімнің өтімділігіне жол ашады

3263
1
Бөлісу:

Қазақстан электр қуатын тиімді жұмсау арқасында бір жыл ішінде жалпы көлемі 1 миллион тонна қатты және жұмсақ отын түрлерін үнемдеген. Кеше Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы экономикалық саясат кеңесінің отырысында осындай қызықты дерек жария етілді. Жиында нұротандық депутаттар Ұлт жоспарының 59-қадамын жүзеге асыру аясында орта және шағын бизнес кәсіпорындарында, бюджеттік салада энергияны үнемдеу және оның тиімділігін арттыру жобаларына инвестициялар тарту мәселелерін талқылады.

Іс-шараға министрліктер, ұлттық компаниялар, энергетикалық сала кә­сіпорындарының өкілдері қатысты. Оты­рысты ашқан Экономикалық саясат кеңесінің төрағасы Б.Мамраевтың ай­туынша, 2012 жылы Парламент қабыл­даған «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңын жүзеге асыру кезінде осы бағыттағы шара­­ларды қаржыландырумен байла­нысты бірқатар проблемалар бас көтерген.
– Сондықтан артынша аталған заңға түзетулер енгізілді. Олар энергосервистік компаниялар тетіктерін ендіруді қарас­тырады. Осы арқылы қуат үнемдеу бойын­ша жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті заңнамалық тетіктер мен тиісті база құ­рылды, – деді депутат.
Инвестиция және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау өз сөзінде «Мемлекет басшысының ЖІӨ-нің энергия шығындау көлемін 2008 жылмен салыстырғанда, 2020 жылға қарай 25 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға азайту туралы міндет қойғанын» еске салды.
– Бұл стратегиялық жоспарларда, соның ішінде еліміздің әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіруін көздейтін «Қа­зақстан – 2050» стратегиясында көрініс тап­ты. Себебі, қуат үнемдеу және қуат тиім­ділігі – экономиканың бәсекеге қабі­лет­тілігінің басты бір көрсеткіш, – деді ол.
А.Рау бұл бағыттағы Қазақстанның қадамдарын жақсы деп бағалады:
– Тұтастай алғанда, ЖІӨ-нің қуат сыйымдылығын төмендету бойынша ди­намика жаман емес. Қазақстан ТМД елдері арасында жақсы көрсеткіштерге ие. Осы мәселелермен ондаған жылдан бері айналысып жатқан дамыған елдерден біршама алыстамыз. Дегенмен Қазақстан­ға бұл тараптағы жұмыстарды «нөлден», тақырдан бастауға тура келгенін ескеруіміз керек, – деп атап көрсетті бірінші вице-министр.
Альберт Раудың мәліметінше, мемлекеттік энергетикалық реестрге (МЭР) кірген кәсіпорындар тұтынған қуатының жалпы көлемі 2015 жылы 46 миллион тонна шартты отынды құрады. Бұл – Қазақстан тұтынған барлық энергияның 45 пайызы. 2016 жылы МЭР-ге кірген ірі субъектілер 41 миллиард теңгеден артық қаржыларын қуат үнемдеу шара­ларына жұмсады. Тек осының арқасында ғана 1 миллион тоннадай шартты отын үнемделді. Егер ақшаға шақсақ, бір жыл ішінде 6,3 миллиард теңге үнем болған.
Арнайы түзілген жоспарларға сәйкес, 2020 жылға дейін қуат үнемдеуге және энер­гиялық тиімділікті арттыруға 380 мил­лиард теңге инвестициялау жоспарда бар. Нәтижесінде, 3,6 миллион тонна шартты отын үнем болады. Бұл қазіргі бағада 63 мил­лиард теңге тұрады.
Энергетика вице-министрі Б.Жақ­салиев «жаңғыратын қуат көздерін» (ЖҚК) дамытусыз энергия тиімділігіне қол жеткізу мүмкін еместігіне назар аудартты.
– ЖҚК өндіретін электр энергиясының жалпы энергетикадағы үлесі елімізде жыл сайын өсіп келеді. Атап айтсақ, 2016 жыл қорытындысында ЖҚК-нен 928 миллион киловатт/сағат қуат өндірілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда, 31 пайызға көп. Жалпы өндіріс көлеміндегі ЖҚК үлесі 1 пайызға сәл ғана жетпей қалды: 0,98 пайызды құрады. Қазақстан 2020 жылға қарай қалпына келетін осы энергия көзде­рінен алынатын қуат үлесін 3 пайызға дейін жеткізуді жоспарлауда. Бұл ауқым республи­камыздың 300 мыңға дейін тұрғыны бар ірі қалаларымыздың бірін қуатпен қамтамасыз етуге жетеді, – деді Бақытжан Жақсалиев.
Егер дәл қазір елімізде судан, желден, күннен, биогаздан және басқа да жаңғыратын қуат көздерінен өндірілетін барлық қуатты нақты бағыттасақ, ол 170 мың тұрғыны бар Қызылорда және 117 мың адам тұратын Талдықорған қалаларын бірдей электрмен жабдықтауға жетеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ЖҚК-ні пайдаланатын 50 кәсіпорын жұмыс жасауда.
Кеңес отырысында баяндама жасаған «Нұр Отан» фракциясының мүшесі
С.Симонов сарапшылардың бағалауларына жүгіне отырып, республиканың қуат үнемдеу әлеуеті 4,6 миллион тонна шартты отынды немесе жыл сайын шамамен 2 миллиард долларды құрайтынын мәлім етті. Ол сонымен бірге, саладағы мәселе­лерге де тоқталды.
– 2016 жылғы 26 шілдеде, МЭР-ге кірген және энергиялық аудит өткізуге міндетті 2203 субъектінің тек 647 кәсіпорны ғана соны жүзеге асырған. Яғни, 1556 субъекті әлі күнге мұндай аудиттен өтпей отыр. Біріншіден, энергиялық аудитті өткізу шығындарына 50% мөлшерінде мем­лекеттік субсидия ұсынылып отыр­ғанына қарамастан, көптеген кәсіпорын оны пайдалана алмады. Себебі, бұл субсидияны тек соңғы алты айдағы шығындарға ғана алуға болады. Екіншіден, аудиторларға «Қазақстанда кем дегенде үш жыл қызмет атқару» талабы кедергі келтіруші факторға айналуда, – деді депутат.
Отырыста хабарланғандай, ұлттық энергия-сервистік қызметтер операторына жалпы сомасы 65 миллиард теңге шығынды қажет ететін 113 өтініш келіп түскен. Мұ­ның сыртында 400 миллион теңге инвес­тиция құйылатын 15 жоба іске асырылуда.
Жиында депутаттар Үкімет мүшелері­нен өз сұрақтарына жауап ала алды. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді, олар ел Үкіметіне жолданады.

Елдос Сенбай

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Данияр 17 Ақпан, 2017 at 18:06 Жауап

    Кешірім өтінем, бірақ талдықорған қаласында 170 мыңға жуық халық тұрады. Мақалада 117 мың деп көрсетілген.

Пікір жазу


*