«Нұрлы жол» әр саланың әрін келтіруде

1626
0
Бөлісу:

Ел Үкіметі өңірлер мен министрліктерге жыл соңында миллиардтап қаржы бөлу тәжірибесінен толық бас тартады. Министрлер кабинетінің  жиынында Премьер-министр Б.Сағынтаев осындай міндет қойды.
Бұл күні Үкімет мүшелері, бейне­байланыс көмегімен өңірлерден қосылған әкімдермен бірге, «Нұрлы жол» бағдар­ламасының жүзеге асырылу барысын қарады. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен Универсиада қорытындылары шығарылып, қысқы студенттік ойындар нысандарын кейінгі пайдалану жайы пысықталды.
Бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­менов 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы әр салаға үлкен игіліктер әкеліп отырғанын айтты. Бағдарламаға Жолдауда Елбасы да оң бағасын берді.
– Бүгінде «Нұрлы жол» экономикалық өсімнің негізгі локомотиві болып сана­лады және ол автожол, тұрғын үй құры­лыстарына, сонымен қатар әлеуметтік салаға зор серпін берді. Мемлекеттік бағ­дарлама аясында 2016 жылы 105 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жыл қоры­тындысы бойынша оған бөлінген мақ­сат­ты трансферт қаржылардың 469,6 млрд теңгесі немесе 99%-ы игерілді. То­лық игерілмеу жайттары, негізінен, мем­лекеттік сатып алуларда үнемдеулермен байланысты, – деді Тимур Сүлейменов.
Дәлірек айтсақ, 2016 жылы осы мем­бағдарламаға барлығы 739 миллиард теңге арна тартқан. Оның ішінде 472,8 миллиард теңге – мақсатты транс­ферттер, ал тағы 266,2 миллиард теңгесі – ұлттық холдингтердің облигациялық заемдары.
Министрдің мәліметінше, «Нұрлы жолдың» бір бағыты – Қазақстандағы көлік жолдарын жөндеуге және жаңа­ларын салуға 2016 жылы мемлекет151,3 млрд теңге шығындаған. Бұл қаражат толық игеріліпті. Нәтижесінде, 611 ша­қырым автожолда жол-құрылыс жұ­мыстары аяқталды. Осының арқасында «Астана – Теміртау», «Алматы – Қап­шағай», «Астана – Петропавл» бағыттары бойынша көлік қозғалысы ашылып, «темір тұлпарлардың» түр-түрі жүйткуде. Дегенмен министр биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын ескертті. Осы мақсатта Ұлттық қордан тағы 143,5 мил­лиард теңге алынады.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің дерегінше, 2017-2019 жылдары автожол саласына 1,7 триллион теңге қаржы құйылып, жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырымдық жол салынады және қайта жөнделеді. Құрылысы биыл жалғасатын 7 жобада – «Астана – Қара­ғанды», «Орталық – Шығыс», «Бейнеу – Ақтау», «Орталық – Батыс», «Қапшағай – Талдықорған», «Астана – Петропавл» және «Орал – Каменка» бойынша жыл қо­рытындысында 602 шақырым жол құры­лысын аяқтау жоспарлануда.

Логистикалық инфрақұрылымды дамытуға Үкімет 56,4 млрд теңге бағыт­таған, оны квазимемлекеттік сектор (ұлттық компаниялар мен мемкәсіп­орындар) толық игеріпті.
«Мәселен, бөлінген қаражат Астана әуежайының жаңа терминалының құры­лыс-монтаждау және әрлеу жұмыс­тарын, ішкі инженерлік желілерді тартуды аяқтауға, сондай-ақ технологиялық жаб­дықты жеткізуді қамтамасыз етуге мүм­кін­дік берді. Сонымен қатар өткен жылы Индустрияландыру күні аясында Мем­лекет басшысы «ҚТЖ» жүзеге асыратын ең ірі­ жобаларға рұқсат берді. Бұлар – Алматы – Шу учаскесінде екінші темір жол желісінің және Құрық портындағы паром өткелінің құрылысы Қазақстанның экспорттық-транзиттік әлеуетіне оң ықпалын тигізіп, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріне шығуымызға жол ашады» деді Ұлттық экономика министрі.
Мұның сыртында, оның айтуынша, еліміздің барлық өңірлерінде тұрғын үй құрылысы нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тар­тылуда. Ендігі 2 208 шақырым инже­нерлік желі төселген.
Бұл жобаның қызығын кәсіпкерлер де көруде: «Бизнестің Жол картасы – 2020» аясында бизнес нысандары зәру болып келген инфрақұрылымды тарту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. 2016 жылы 35 бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 77 шағын және орта бизнес субъектілеріне дейін инфрақұрылым жеткізілген.
«Нұрлы жол» аясында 2016 жылы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұры­лымына 400 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, былтыр 478 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, 8,3 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылды. «2017 жылдың соңына дейін аталған қаражат есебінен қосымша 33,8 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселелер одан әрі де «Нұрлы жол» аясында жүзеге асырылатыны нықталды.
Бұл бағдарламаның шапағаты білім беру инфрақұрылымын дамытуға да тарамақ: атап айтқанда, келесі 2018 жылға қарай апатты және үш ауысымда оқы­татын мектептерді толық жою көзделген. Қазіргі кезде осы мақсатта 52 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 35 мектеп пен 17 балабақша бар.
Артынша сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Нұрлы жолға» 2017 жылы 387 миллиард теңгеден астам қар­жы қарастырылғанын хабарлады. Оның ақпарынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында былтыр жергілікті атқарушы органдар 900 миллиондай теңгені үнемдепті. Бірақ, сонымен бірге, 2 мил­лиардтан астам теңгені қажетке жаратпай, игермей тастады. Игермеудің ең көп сомасы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыста­рының еншісінде.
«Игерілмеген 856,7 млн теңге – Ақмола облысының Бұланды ауданында индустриялық инфрақұрылым салу бойынша өтпей қалған конкурстар мен орындалмаған жұмыстарға байланысты. 354,5 млн теңгенің игерілмеуіне Қостанай қаласында индустриялық аймақ құру бойынша жоспарланған іс-шаралардың уақтылы өткізілмеуі себеп. 181,1 млн теңге – Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі, ол инженерлік желілер салу бойынша орындалмаған жұмыстар мен жұмыстардың кестеден кешігуіне байланысты. 170,2 млн теңгені Қарағанды облысы инженерлік коммуникациялар салу бойынша техникалық-экономи­калық негіздемелерді, қаржы-экономи­калық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге, жоспарланған іс-шаралардың уақтылы өткізілмеуіне байланысты игермеді», – деді Б.Сұлтанов.
Ол тағы бір жайтқа назар аудартты: «Атырау және Павлодар облыстарының әкімдіктері тыйым салуға қарамастан, инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылымды дамытуға көзделген Ұлттық қор қаражаттарын инвестициялық жо­баларға беріп жіберген». Қаржы ми­нистрлігі бұл облыс әкімдіктерінің әрекеттерін «бюджет заңнамасын бұзу­шы­лық» деп бағалады және бұл соман­ы толық көлемде республикалық бюджетке 2017 жылғы 1 наурызға дейін аударуға міндеттеді.
«Алайда 2017 жылғы 14 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар бұл қаражаттарды қайтарған жоқ!», – деп мәлімдеді Қаржы министрі.
Елбасы бюджеттің, соның ішінде «Нұрлы жолдың» әр тиыны көздеген жері­не жұмсалуға тиістігін тапсырды. Осы орайда министрлік мембағдарлама аясында жалпы құны 221 млрд теңге тұратын 420 мемлекеттік сатып алу рәсі­мін камералдық бақылаумен қамтыған. «Бұл ретте 17 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алу қорытындылары қайта қаралды, 38 млрд теңге шығындал­ғалы тұрған мемлекеттік сатып алу тоқтатылды» деді Бақыт Сұлтанов.
Бұған дейін депутаттар «Нұрлы жол» жобаларын жүзеге асырушы компа­ниялардың кейбірі салық төлемейтінін не аз аударатынын сынға алған болатын. Министрдің айтуынша, былтыр мұндай компаниялардың бюджетке төлеген салықтары өсіпті: жалпы көлемі 43,5 млрд теңге салық аударған. Бұл 2015 жылға қарағанда 1,4 есе артық: алдыңғы жылы небәрі 31,9 млрд теңге болған.
Талқылауды қорытқан Үкімет бас­шысы Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» жобаларын қаржыландыру жоспарларын қайта қарауды тапсырды: «Бөлінген қаражатты жоспарлау сапасы мен игеру мерзімі – үлкен мәселе. Игермеудің негізгі себебі – әкімдердің тиісті дәрежеде бақылау жасамауы деп білем. Қаржы­ландырудың екі жылдық жоспарында едәуір қаржы көлемін игеру екінші жылдың соңына қалдырылуда. Мұны қалай түзеуге болатынын ойласуымыз керек. Игерілмеу қаупі бар шаралар бо­йынша қаражатты қайта бөлу ұсыныс­тарын енгізулеріңіз қажет» деді Премьер.
Ол министрлерге облыс әкімдерінің халықпен есеп беру кездесулеріне қатысу үшін өңірлерді аралау кезінде міндетті түрде «Нұрлы жолдың» негізгі нысан­дарының құрылысы барысымен таны­суды және мұны өз есептерінде баяндауды тапсырды.
Премьер қаржы министріне «егер өңірлер жыл соңында ірі көлемде қаражат сұратса», оны бөлмеуге тапсырма берді: «Тендер уақытылы өтпей, жыл аяқтал­ғанша игерілмейтінін және тиісінше, тексеруші органдар мұны көзге шұқып көрсететін білсек, жыл соңында мил­лиардты бағыттаудың қажеті қанша? Кейінге қалдырайық. Жыл басталған соң алсын да, игерсін», – деді Б.Сағынтаев. Ол осылайша, қаржы алып, игеріп үлгер­меген Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің баяндамасына көңілтол­мастық білдірді. Бұған жауап ретінде өңір әкімі ол қаржыны жыл басында сұрат­қанын еске салды.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ай­туынша, Алматыдағы Универсиаданы «әлем­нің 80 елінде 1 миллиард телекөрер­мен тамашалаған». Министр өз әріптес­терін Қазақстанның тарихындағы ірі жетістікпен – Универсиадада жалпы­командалық есепте құрамамыздың 2-тұғырға көтерілуімен құттықтады. Қа­зақстандық 171 студент-спортшы 12 жарыс түріне қатысты. Оның ішіндегі сайыпқырандарымыз медальдардың рекордтық санын – 36-сын (11 алтын, 8 күміс және 17 қола) олжалады. А.Мұха­медиұлы 5 медаль иеленген шаңғышы Анна Шевченконы, биатлоншы Галина Вишневскаяны (4 медаль) және ел қоржынына алтын медаль салған басқа да спортшыларды ерекше атап өтті.
– Универсиада – 2017-ге барлығы 57 елден 1 632 спортшы қатысты, 3 мыңнан астам ерікті үлес қосты. Универсиаданың барлық іс-шараларына қатысуға 230 мыңнан астам билет сатылды. Студент­тердің жаһандық спорт сайысы көрсе­тілімі EUROSPORT 1 және 2, CBS (АҚШ), CCTV (Қытай), KBS (Оңтүстік Корея), Матч-ТВ (Ресей), Eurosport Asia-Pacific (Австралия және Океания) арна­ларынан 80 елде 1 млрд телекөрермендік аудиторияға көрсетілді, – деді ол.
Ал осыдан кейін сөз алған Алматы әкімі Б.Байбек «Универсиададан кейінгі өмір» жайына, яғни, соған тартылған нысандарды кейінгі пайдалану мәсе­лелеріне тоқталды. Жалпы, Бүкіләлемдік қысқы Универсиада сайыстары 8 спорттық нысанда өтті, олардың үшеуі – «Алматы арена», «Халық арена» және «Атлетикалық ауыл» арнайы салынған.
Әкімнің хабарлауынша, Атлетикалық ауылдағы 140 мыңнан астам тұрмыстық техника мен заттар, компьютерлер және басқа да офистік техникалар, арнайы құ­ралдар Алматының 500 әлеуметтік меке­мелері арасында сенбіден бері бөліске салынуда. Бұл жоба – «Универсиада мұрасы» деп аталыпты. Яғни, спортшы­ларға қызмет еткен «керуерттер мен төсек жабдықтары, тоңазытқыштар, кіржу­ғыштар, бар жиһаз, спорт құралдары, медициналық жабдықтар (барлығы 450 аталым) қалалық ауруханаларға, мек­тептерге, емханаларға, балабақшаларға, колледждерге, спорт мектептеріне, жатақ­ханаларға, балалар үйлері мен ардагерлер үйлеріне тапсырылуда».
Осы «ауылдағы» пәтерлер әкімдікте үй кезегінде тұрғандарға «кейінгі сатып алу құқығымен жалға» берілуде.
– Мемлекет басшысының тапсыр­масымен 1748 пәтерді үй кезегіндегілер арасында бөлу жұмысы басталды. Біз бұл мәселені Наурыз мейрамына дейін қысқамерзімде аяқтауды көздеп отырмыз. Бұл Алматыдағы баспана кезегін 10 пайызға қысқартады. Бізде қазір шамамен 17 мың адам кезекте тұр, – деді Б.Байбек. Универсиадашы спортшылар тұрған пәтерлер алматылық баспанасыздарға 8-ден 20 жылға дейін жалға беріледі және осы уақыт ішінде азаматтар ай сайын әр шаршы метр үшін 1 036 теңге аренда ақысын төлейді. Бұл баспаналарға үмітті 1300 адамның әзірге 430-дан астамы төлем қабілеттілігін растаған.
Қалабасы Универсиада нысанда­рының барлығы штаттық режимде жұмыс жасап тұрғанын және алматылықтар мен қонақтар үшін қолжетімді екенін мәлімдеді. Мұз ареналарында бұқаралық коньки тебу 17 ақпанда басталмақ.
Премьер-министр Б.Сағынтаев Уни­версиаданың өткізілуі Алматы қаласын дамытуға серпін бергенін, Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында осы тәжірибені пайдалану керектігін атап өтті.
«Мәдениет және спорт министрлігіне Универсиада жеңімпаздары мен жүл­дегерлеріне, жаттықтырушыларына сыйақыларын уақытылы төлеуді тапсы­рамын. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі Алматы қаласының әкім­дігімен бірлесіп, спорттық ғимараттарды одан әрі пайдалану мәселесін нақты шешуге тиіс», – деді Үкімет жетекшісі.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*