Қолыңды соз, ағайын!

998
0
Бөлісу:

«Мен бес балалы анамын. Алла  қаласа,алтыншы перзентім бір айдан соң дүниеге келеді. Біреудің бір бөлмелі үйшігінде төрт жылдан бері тұрып келемін. Баспана қожайыны біраз уақыттан бері үйді босатуымызды сұрап отыр. Менің бұдан басқа барар жерім, басар тауым жоқ. Қазірдің өзінде бір бөлмелі лашыққа әзер сыйып отырған жайымыз бар. 

Алтыншым дүниеге келсе, не істерімді білмеймін… Балалық шақтары ыс сасыған қуықтай тар лашықта өтіп жатқан ұл-қыздарымның ертеңіне алаңдаймын. Олар таңертеңнен кешке дейін терезеге телміріп, ауасы тар қапаста өмір сүруде. Соны ойласам, жанымды қоярға жер таппай­мын. «Шіркін, балаларым кең тыныс алып, еркін шапқылап ойнап, рақаттанып жуынып-шайынатын өз баспанамыз болса ғой» деп армандаймын. Көмек сұрап, кірмеген есі­гім қалмады. Отандық телеарналарға ба­рып жәрдем сұрайын десем, үлкен ұлымның есі кіріп қалған. Камераға түскісі келмейді. Намыстанады. Осылай әр күнім әркімге жал­барынумен өтіп келеді. Ендігі үмітім, жаны жомарт, пейілі даламыздай кең елі­міз­дің бай-бағландары мен Атымтай жомарт азаматтарында».
Бұл – бес баланың анасы Анар Тоқ­ман­бе­тованың жанайқайы. Махаббатта жолы бол­маған ол «Күйеуіңіз қайда? Сізді күйе­у-
і­ңіз қалайша мұндай халде тастап кетті? Ба­ла­ларын тірі жетім етуге қалай дәті барды?» де­ген сауалымызға төмендегіше жауап берді.
– «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, мен жақсы әйел болуға тырыстым. Күйеуім балажан болғандықтан, перзенттерімді бірінен кейін бірін туа бердім. Уақыт өте келе, оның маған деген махаббаты суып, ішімдікке салынды. Отбасы мен бала-ша­ға­сына қарауды қойды.Тапқан-таянғанын арақ­қа жұмсайтын болды. Нанға тиын тап­паса да, бір бөтелке ащы суға ақша табатын. Мені үнемі алдаумен келеді. «Әне-міне тү­зелемін, адам боламын, ақша табамын» дей­ді де жоғалып кетеді. Шыдамның да шегі бар. Онымен ажырасқым келді. Сотқа келмегендіктен, ажыраса да алмадық. Сіздер мені «алды-артына қарамай, көп бала туа бергені несі? Оның үстіне тағы да жүкті екен» деп ойлап отырған шығар­сыздар. Бұл да Алланың берген сыйы ғой. Мен одан бас тарта алмаймын. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген сөз бар. Сондық­тан Алланың салғанына көндім.
«Баспаналы болсақ, балаларым бақытты өмір сүрсе» деп күндіз-түні Аллаға дұға ете­мін. Бесеуін де өзім бағып-қағып адам қыл­дым. Алтыншысын да ешкімге жәутең­дет­пей, өзім асыраймын. «Қой егіз тапса, шөп­­­тің басы айыр шығады» деген сөз бар ғой. Алла тек күш-қуат берсе болғаны, – дей­ді тағдырдың теперішін көп көрген Анар.
«Журналистер келеді» дегенді естіп,
14 жа­сар Диас пен 10 жасар Диана намыс­та­нып, үйден қашып кетіпті. «Елдар – 8-де, Ди­дар – 6-да, кенже қызым Кәусар 5-те»,–дей­ді көпбалалы ана.
Балаларының бәрі тұмауратып қалып­ты. Әсіресе, Диас қатты ауырғанға ұқсайды. Анар өзі дәрі әкеп, соны егіпті. Қалған ба­ла­ларға да ине салайын десе, дәрі бітіп қал­ған екен. Оны алуға қаржысы жоқ. Ағаш ойын­шықты сөйлетіп, өзімен-өзі ойнап отыр­­ған кішкентай Кәусарға қарап жаны­мыз ашыды. Дидар мен Елдар қолдарына қарындаш алып, ақ қағазға сурет салып жатыр. Үшеуі де еркеліктен ада.
Мен өскен лашық бір бөлме,
Бір бөлме маған мың бөлме, – деп кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған еді. Осы өлеңнің маңызы әлі де жойыла қоймағаны өкінішті. Дей тұрғанмен сол бір бөлмелі лашықтан мың жылда бір туатын алыптар шыққан еді. Мына ла­шық­­та кімдер өсіп келеді екен? Олардың тағ­дыры сіз бен біздің қолымызда, құрметті оқыр­ман! Жетімі мен жесірін жылатпаған ха­лық едік қой. Соны тағы да бір дәлелдейік, ағайын!
Егер осы отбасына көмектескіңіз кел­се, онда мына телефонға хабарласып, жәр­дем бере аласыз.Тел:8-708-909-83-25. Анар Тоқ­манбет.
(Көмектескісі келетін қайырымды жан­дар үшін: Анар Тоқманбет. Халық банк KZ906010002008401651)

Ершай ӘЗІРЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*