Путин неге кешірім сұрады?

1430
0
Бөлісу:

Ресей мен Түркияның арасына тағы да сына шағылуға шақ қалды.

Сирияда ислам содырларымен соғысып жатқан Ресейдің авиациясы осыдан бірнеше күн бұрын жаңылысып, Түркияның әскерилеріне әуеден соққы жасап жіберді. Соның салдарынан түріктердің 3 сарбазы қайтыс болып, 11 – адам жарақат алды. Өздерінің қателігін дереу түсінген Ресей жағы бірден мәселені шешуге тырысты. Дәл қазір екі жақ та орын алған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп, комиссия құрды. Түрік баспасөзінің мәліметінше, Путин Ердоғанға телефон соғып, кешірім сұраған. Бірақ жағдай қалай орын алды? Әскери мамандардың бағалауынша, түрік жағының дұрыс ақпарат бермеуінің салдарынан ресейлік авиация Алеппо провинциясындағы түрік әскеріне соққы жасаған. Ресейдің Қорғаныс министрлігі түрік сарбаздарының қайтыс болғанын растады. Ресей әуе күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов түрік тарапына көңіл айтып, енді мұндай тосын оқиғаның қайталанбауына уәде берді. Алдағы уақытта тығыз ынтамақтастықта жұмыс істеуге уағдаласты.
Ресей президенті Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, Түркия президенті Ердоғанмен телефон арқылы тілдескенін мәлім етті. Әскери мамандар тосын оқиға орыс-түрік қатынасын тағы шиеленістіреді деп ойлаған. Өз кінәларын дереу түсінген Ресей тарапы алғашқы адымды алдымен жасап, кешірім сұрады. Расында да қазір Сириядағы соғысты сараптау қиын. Мамандардың айтуынша, бүгінде майдан Ел-баб провинциясы үшін жүріп жатыр. Аталған елджімекен толықтай «Ислам мемлекеті» содырларының бақылауында. Қазір аталған қалаға солтүстіктен – Еркін Сирия армиясы, оңтүстіктен – Сирияның үкіметтік күштері, әуеден орыстар шабуыл жасауда. Алдын ала барлау және мәлімет беруде қателікке жол берілген. Сондықтан да орын алған оқыс оқиғаға саяси астар берудің қажеті жоқ.
Ресей сарапшылары «қанқұйлы соғыста нешетүрлі күтпеген оқиғалар орын алады. Оған көп мән беруге де болмайды. Бірақ «Ислам содырларына» өзара пікір алмаса отырып, барлық мәліметтерді алдын ала жинап алғаннан кейін ғана соққы берген жөн. Сондықтан әскерилерге жаңылыспаңы керек» деп отыр. Расында да бұл жанды пікір. Ресейдің әскери ұшақтары «Евфрат қалқаны» операциясын жүргізіп жатқан түрік әскерилері орналасқан ғимаратқа соққы жасаған. Түрік жағының қауіптенетіндей жөні бар. Олар 2016 жылдың 24 тамызынан бері «Евфрат қалқаны» әскери операциясын жүргізіп келеді. Онысы түсінікті де. Өйткені түрік билігі Сирия мен Түркияның шекаралық аймағында күрді топтары автономиялық республика құрады деп қауіптенеді.
Сондықтан үш жақ, атап айтқанда, Ресей, Түркия мен Иранның «Ислам мемлекеті» содырларын жоймайынша, Сирияда соғыс тоқтамайды. Бұл жуық арада аяқталады деп айтуға әлі ерте. Бірақ Сириядағы жанжалды тоқтатудың барлық әрекеттері жасалуда. Мұның бір айғағы ретінде өткен айдың соңында Сириядағы жауласушы жақты татуластыруға шақырған «Астана процесін» айтсақ та, жеткілікті. Демек, әлемдік аренада ресми Астана кең көлемдегі диалог алаңына айналып келе жатқанын мойындауымыз керек. Ал Сириядағы 5 жылға созылып келе жатқан соғысты тоқтату барша бейбітсүйгіш күштерге қатысты екенін айтуымыз қажет.
…Бірақ кез келген мәселеден ши шығаратын кейбіреулер түрік сарбаздарының тосын өлімін өткен жылы орыс ұшқышын атып түсірген түріктерге жауап ретінде ресейлік әуе күштері әдейі жасады» дегенді айтуда. Бірақ шын мәнінде олай емес. Жалпы «саперге қателесуге болмайды», осы тұрғыдан қарасақ, соғыс болған аймақ құрбансыз болмайды. Бірақ әңгіме жауыңа жаңылыспай соққы беруде ғой…

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*