«Ақылды қала» арман емес

2025
0
Бөлісу:
Ақылды қала

«Ақылды қала» дегенді жиі естіп жүрген шығарсыздар? Ол жерде ғимараттың әр кірпішіне сенсор орнатылған, хат алмасу оңай деседі. Бұл ешқандай да қиял-ғажайып ертегі емес. Өзіңіз салыстырып көріңізші, осыдан он жыл бұрын кинодан роботтарды көргенде «бұл мүмкін емес» деп таңғалушы едік. Сол секілді смартфон ұстау да күнделікті нәрсеге айналды. Ал әзірге технология көшінде мейлінше ілгерілеп, алға кеткен 5 елмен таныс болыңыздар.

Сингапур (хай-тек медицина және қоқысты демде тазалау технологиясы)
2014 жылы «Ақылды халық» бағдарламасы енгізілген. Бұл әзірге әлем бойынша деректер жинақтаудан алдыңғы қатарлы жоба саналады. Алдағы 20 жыл­да қала басшылығы әр үйдің кірпішін сенсор құрыл­ғымен жабдықтауды жоспар­лап отыр. Мәселен, бағдарлама шыққан жылы-ақ «Виртуал Сингапур» жобасы іске қосылды. Ондаған мың бейне­камера орнатылып, онлайн карта арқылы кез келген қала тұрғыны аймақта не болып жатқанын көре алады. Айта­лық, қоқыс тазалау қызметі қаланың қай бұрышы ластан­ғанын көріп, сол жерге дереу жетеді. Немесе көлік қыз­метіндегілер аялдамада адам саны көп екенін байқаса, қосымша автобус жібереді. Сонымен бірге, тұрақта қай орынның бос екенін де алдын ала қарау мүмкіндігі бар. Қарап отырсаңыздар, адам өмірін жеңілдету жолында жасалмай жатқан дүние жоқ. Бұдан әрі дамыса, қалай болар екен деп қайран қаласың…

Дубай (шопинг пен қауіпсіздік)
Big data көмегімен Дубай басшылығы 2020 жылға қарай оны әлемдегі ең бақытты әрі қауіпсіз қала етпек. Өзге ақыл­ды қалалар секілді бір-екі мә­селені ғана емес, түгел қиын­­шы­лықтарды технологиялар­дың көмегімен «көміп тас­тау­ды» жоспарлап отыр. Кейінгі кез­дері Дубай туристер тар­та­тын әрі бизнес жүргізуге қо­лайлы аймақ ретінде танылып келеді. Соңғы екі жылда қала­лық кафе мен мейрамханаларға туристер 4,7 млрд доллар қал­дырып кеткен болса, шопинг (сауда-саттық) үшін 4 млрд долларларын сарқыған. Осыны өте ұтымды пайдалануды көз­дейтін басшылық алдағы уақыт­та Uber, Airbnb, Groupon, Google Arts & Culture сынды өзге де қосымшаларды бірік­тіретін және тек өз нарық­тарына ғана арналған қосымша шығарамыз дейді. Сауда орта­лығына аяқ бассаңыз болды, сүйікті брендіңіздің жеңілдік жасап жатқаны, кеше киіп көрген көйлегіңіздің бүгін ар­зандағаны жөнінде жеке хабарламалар келе бастайды. Одан бөлек, дүкендердің өзі сатып алушыға ыңғайлы бол­сын деп сенсор айналармен, RFID-белгілермен жаб­дық­талған. Бір айта кетерлігі, келушілерді мезі етпеу де басты назарда.

Лондон (кептелексіз қала)
Соңғы 2000 жылда Лондон тұрғындарының саны күрт көбейген. Алдағы 10 жылда қала халқының саны 10 мил­лионнан асады деген болжам бар. Демек, энергия жетіс­пеушілігі, кептелек, ауаның ластануы секілді мәселелер болады, бүгінде де болып отыр дегенді білдірері анық. Бұл жағынан басшылық жақсы хабардар. Осыдан бір жыл бұрын Лондон метросы «Мұр­жа» атты жоба ойлап шығарды. Яғни, азот тотығын өңдеу ар­қылы энергия алынады. Жоба басталған 5 күннің өзінде-ақ түрленген энергияның көлемі оның алдағы екі күндік жұ­мысына жететіні анықталған. Бұл дегеніміз – жыл сайын 6 млн доллар үнемдеу. Сонымен бірге, Хитроу әуежайында Pavegen стартапы іске қосылған. Аяқ энергиясының көмегімен қуат алатын батарея ойлап табылған. Мәселен, сіз қадам басқан сайын ақылды тақталар энергия жинайды. Ол болса, шам бағанасына бағытталады. Гринвич зерттеу орталығында Sharing Cities жобасы бас­талды. Осының көмегімен Сингапурдағыдай тұрақ орындарын көрсететін онлайн-карта жасалу үстінде. Сонымен бірге, көлікті жалға алып, кең­сеге барған соң, оны арнайы тұрақта қалдыра аласыз. Яғни, көлік қандай болса да, алдын ала таңдап, дәл керек тұсқа қойғыза аласыз.

Атланта (аз ұлттардың қауіпсіздігі)
АҚШ-та ұлтара­лық өшпенділік өр­шіп кетті. Атланта – қара нәсілділер басым шоғырланып, ақтарға көп қысым көрсетілетін аймақ. Енді басшылық ақылды техно­логиялардың көмегімен осы мәселені шешуді қолға алып жатыр. Аумақтағы ең қауіпті аймақтар камералармен жаб­дықталған. Бірақ бұл аздық етеді. Сол себепті Атланта поли­циясы нейрон желілерге негізделген жаңа қауіпсіздік жүйесін сынап көруде. Ол бойынша қылмыскерлердің түр-әлпетін автоматты түрде танып, орын алған оқиға тура­лы ақпарат түсіп отырады. Осылайша, қауіпсіздік күшей­тіліп жатыр.

Коян (жасыл қала)
Миллион тұрғыны бар Корея мегаполисі Коянда да біраз мәселелер бар. Сол баяғы кептеліс, тұрақта орын жетіс­пеуі, денсаулық сақтаудың ескі жүйесі, көлік желісінің күр­делілігі және т.б. Ең бас­тысы, экология мәселесін қалай шешетіні қызық. Қала­дағы қоғамдық көлік аялда­малары ауа атмосферасының ластану деңгейін тексеретін құрылғылармен жабдық­талған. Қаланың әр шетіндегі аялдамаларға орнатылған 200 сенсордың мәліметтерін қо­рыта келе, жүйе шаң-тозаң, ауадағы пайдаланылған газ деңгейін анықтап, бір күнге арналған қаланың ауа карта­сын тұрғындарға таратады. Ең қызығы енді басталады. Егер сіз демікпемен, аллергиямен ауыратын болсаңыз, дәрігер-қосымша қаланың қай жерінде жүргеніңіз дұрыс екендігін айтып, кеңес береді. Бұл жүйе жақын арада қосылады деп жоспарланып отыр.

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*