Конституциялық реформалар бағдарламасы

1661
0
Бөлісу:

Меруерт МАМЫРОВА,
Саран қаласы техникалық колледжінің директоры:
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, Елбасының басшылығымен бес институттық реформаны жүзеге асыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту, Мәңгілік ел патриоттық актісін қабылдау мемлекет пен Қазақстан қоғамының Президенттің өз өкілеттіктерінің бөлігін Парламентке, Үкіметке және атқарушы билік жүйесіне беру туралы тарихи шешіміне толық дайын екендігін дәлелдеп отыр.
Үкімет пен атқарушы биліктің Парламент және жергілікті өкілдік органдарға есеп берушілігін
күшейту – Қазақстанның демократия жолымен одан арғы батыл және бұлжымайтын жаңа қадамы.
Бұл еліміздің Үкіметіне де, Парламентіне де Қазақстан халқы алдында айрықша жауапкершілік жүктейді. Елбасының бастамасы, сөзсіз, Қазақстанның үдемелі дамуының жаңа күші болады. Қазақстан әлемнің озық 30 елі қатарына кіруі бойынша, бірыңғай болашағы бар Ұлт қалыптастыру бойынша міндеттері ауқымды және салиқалы шешімдерді талап етеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдаған шешімі – қуатты саяси инновация және қоғамдық, әлеуметтік үдерістердің күрделенуіне, әлемдік саяси үдерістердің жаңа тенденцияларына жауабы.
Өкілеттіктерін қайта бөлу Президенттің атақты саяси қолтаңбасының жарқын көрінісі, әлем мойындаған «Қазақстандық жолдың» жаңа авторлық парағы болатыны сөзсіз.
Бұл қадам бейбітшілік пен келісімдегі қазақстандық саясаттың стратегиялық арнасына, сенім саясаты мен мемлекетті басқаруға қоғамның қатысуын кеңейтілуіне негізделген. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жігері биліктің заңнамалық рөлін күшейту арқылы халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайтатын Қазақстандағы демократиялық үдерістерге жаңа бастау береді. Қазақстан халқының гүлденуі мен саулығын жүзеге асыруға бағытталған Президентіміздің жаңа бастамаларының жемісті боларына кәміл сенеміз!

Виктор ДЕЙМУНД,
«Союз Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:
– Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі десек жаңылмаймыз. Шынымен де, бұл – Қазақстан дамуындағы жаңа кезең.
Әлемде болып жатқан өзгерістер алдымызға жаңа міндеттер жүктейді, жаңа қауіптер төндіреді. Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы ретінде осының бәрін көрегендігімен сезінгені анық. Билік тармақтары арасында өкілеттіктер бөлісу шешімін уақтылы деп есептеймін. Президент айтқандай, біз ешқашан ешбір мемлекеттің моделін көшірген емеспіз. Қазақстан қай кезде де тек өз тәжірибесіне сүйенді.
Күшті президенттік биліктің сақталуы біз үшін маңызды. Елбасының қолында қорғаныс, сыртқы саясат және өзге де стратегиялық маңызы бар мәселелер қала бермек. Бұл тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамалары Қазақстанды одан сайын күшейтіп, дамыта түсетініне еш күмәнім жоқ.

Серікбол БЕРІКҚОЖА,
«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық мәслихаты депутаттық фракциясының мүшесі, «Қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Елбасының Үндеуін мұқият тыңдап шықтым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Үндеу жариялап, билік тармақтарындағы өзгерістерге тоқталды. Бұл Президенттің мәлімдемесінде айқындалған өзгерістер – жай ғана өзгерістер емес. Жаңа жаңаруда емес, бұл – конституциялық жолмен еліміздің саяси жүйесіне өзгерістер енгізу. Бұл, негізінен, еліміздің дамуындағы саяси маңызды парасатты қадам.
Елбасымыздың Үндеуінде айтылған өзгерістерге келетін болсақ, біріншіден, бұл еліміздегі демократиялық процестің ары қарай жалғасын тапқандығын көрсетеді. Екіншіден, бұл саяси биліктегі екі негізгі тармақтың Үкіметтің және Парламенттің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Үшіншіден, бұл Үкіметтің де жұмысының, Парламенттің де жұмысының кәсібилігін олардың жауапкершілігін, елдің саяси экономикалық дамуындағы жауапкершілігін арттыруға сонымен қатар тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Бұл реформалардың халықтық талқыға салынуы, негізінен, биліктің ашықтық принципін, әрбір бастаманы халықпен бірлесіп талқылауға дайындығын көрсетеді. Сонымен қатар бұл талқылау азаматтық қоғамның қатысуын да қажет етеді. Яғни, әрбір топ бұл талқылауға белсенді қатысып, өзінің пікірін білдірсе, бұл қоғамдағы азаматтық сезімнің артқандығын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, бұл – өзгеріп жатқан әлемге жаңа көзқарас. Біз нақты саяси реформалардың алдында тұрмыз. Үкімет Парламентпен бекітілетін болады. Ең негізгісі, Үкімет Парламенттің алдында отставкаға кетеді. Яғни, билік тармақтарының арасындағы қарым-қатынастың форматы өзгереді. Бұл – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі деп білемін.

Ескендір СЕРГЕБАЕВ,
Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:
– Президенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы бастамасы бүгінде елде қызу талқыланып жатыр. Парламент пен Үкіметке өз өкілеттігінің бір бөлігін беру жайында шешім қабылдаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуі көпшілік көңілінен шықты. Соған орай тарихи сәтке куә болып отырмыз деп айтуға болады.
Елбасының конституциялық реформалар туралы Үндеуі елді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Билік тармақтарының өкілеттіктерінің қайта бөлінуі мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына ықпалын тигізеді. Егер Конституцияның жаңа жобасы қабылданатын болса, Қазақстан жартылай парламенттік басқару жүйесіне өтпек. Мұндай жаңа бағыт ел мен мемлекетке зор пайда әкеледі деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының ұсынысы қолдау тапса, Премьердің құзыреті күшейіп, министрлерді де тағайындайтын құқыққа ие болады. Ұлттық қауіпсіздік, ішкі-сыртқы саясат та назардан тыс қалмақ емес. Бұл саланы бақылауында ұстайтын Елбасы Сыртқы істер мен Қорғаныс министрін де өзі тағайындайды.
Қысқасы, министрлер заң шығарушы органға есепті болып, жұмысы жайында үнемі есеп беріп отырады. Бұл Үндеуді жетісулықтар, соның ішінде қапшағайлықтар жақсы қабылдап, өздерінің оң бағасын беруде. Мұндай жаңа өзгерістер мемлекеттің дамуына, қанатын кеңге жайып, өркендеуіне өз септігін тигізеді деп толық сеніммен айтуға болады.

Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ,
саясаттанушы:
– Елбасы Н.Назарбаевтың бес институттық реформа аясында мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы ұсынысы уақыты жеткен және саяси жүйені сауықтыруға бағытталған деп санаймыз. Бұл күшті президенттік биліктен өкілеттігі бұрынғыдан шектелген президенттік институтқа көшудің басы болса керек. Құзыреті зор Үкімет пен пәрменді Парламент бізге өте қажет. Үкіметтік деңгейдегі олқылықтар мен қателіктерге жекелеген шенеуніктердің жауаптылығымен шектелмей, тұтас билік тармақтарының мемлекет пен қоғам, азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейту керек. Үкімет дербес атқарушы билік тармағы емес, өте шабан орындаушыға айналып шыға келді. Ол Үкімет мүшелерінің артында табан тіреп тұрар электорат немесе қозғаушы күш жоқ. Сондықтан іске келгенде сылбыр, Парламент те тегеурінді позиция ұстана бермейді.
Осы кезге дейін Үкімет пен Парламент Конституцияда белгіленген құзыреттері мен өкілеттігін толық деңгейде пайдалана алып отырған жоқ, сондықтан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөліп қана қоймай, анықтап алу керек. Меніңше, Конституцияға өзгерістер енгізбей-ақ, Ата заңда міндеттелген өкілеттіктерін толық мәнінде пайдалана білуі тиіс. Жалпы алғанда, көппартиялық тартыста Парламент Үкімет құрамын анықтап, Үкіметке атқосшы рөлін атқаруы керек. Бірақ бұл үшін партиялық бәсеке, электорат үшін тартыс көрігін қыздыратын саяси мәдениетімізді қалыптастырған лазым.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Аккредитация және білім беру бағдарламаларының сапасы орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты:
– Елбасы Үндеуі саяси заңдылықтарға арқа сүйей отырып, билік тармақтарының арасындағы өкілеттікті қайта қарау мәселесіне бағытталды. Ғаламдық саяси трендтердің өзгеруі, жаңа жағдайда Үкіметтің ұжымдық жауапкершілігін арттыру қажеттілігі, заң шығарушы билік тармағы мен атқарушы билік тармақтарының арасында өзара үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету қажеттілігі, Елбасын осы маңызды іс-шаралар желісін бастауға түрткі болғандығы сөзсіз.
Біз жаңа ғасырда жаңа қажеттіліктерге арқа сүйейтін, демократиялық қағидаларды басшылыққа алатын қоғам мен мемлекет құруды Ата заңымыздың негізгі белгісі ретінде қабылдаған болатынбыз. Егемендігіміздің алғашқы жылдарында экономикалық реформалардың тиімділігін арттырып, күрделі дағдарысты бастан кешіру үшін орталық билікті нығайтқандығымыз да белгілі. Дегенмен уақыт өзгерді. Еліміз белгілі бір жетістіктерге жетті. Бұл билік тармақтарының арасындағы өкілеттікті қайта қарауды қажет ететін жаңа кезеңнің басталғандығын көрсетсе керек.
Әрине, бұл реформа Елбасымыздың өкілеттігінің бір бөлігін Үкімет пен Парламентке беруді көздеген­мен, бұл тетіктердің жүзеге асуы мықты, орталықтанған президенттік билік жүйесінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін екендігі белгілі. Билік тармақтарының бөлінісі теориясының негізін қалаушылар Ж.Руссо, Ш.Монтескъе, Дидро ел дамуы үшін бұл факторлардың маңыздылығын айта келіп, әр қоғамның өзіндік ерекшеліктеріне назар аудару керектігіне тоқталған.
Әлемдік тәжірибеге арқа сүйесек, Франция секілді мықты президенттік билікке арқа сүйеген мемлекеттің өзінде, Үкіметті құру функциясы Парламентте көпшілік орынға ие болған жеңуші партияның миссиясы ретінде қарастырылады. Айталық, Франсуа Миттеран заманынан бастап, Николя Саркозиге дейінгі аралықта Президент пен Үкімет әртүрлі партияның өкілдерінен құралғандығы белгілі. Бұл бірінші кезекте Президент институтына деген сенімділікті күшейткен, оның беделінің мызғымас­тығын қамтамасыз еткен саяси жүйе. Үкіметке байланысты Парламент ықпалының күшеюі – заң шығарушы билік тармағының қоғамдағы беделін арттырып, конституциялық функцияларын толық­қанды жүзеге асыру үшін жол ашатындығы сөзсіз.
Саяси реформаның кезек күттірмейтін келесі қадамы сот билігін күшейту деп қабылдау керек. Тек тәуелсіз, әділетті сот жүйесінде ғана адамның құқықтары толыққанды сақталуы мүмкін. Бұл – сонау алғаш ағылшын құқығының қайнар көзі ретінде қабылданған Habeas Corpus Act-тан бергі бұлжымаған қағида. Елбасының билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта құруға бағытталған қадамдары осы бағытта да өз жалғасын табады деген ойдамын.

Бөлісу:

Пікір жазу


*