Ресейде сән үйін ашқан сәнгер

1671
0
Бөлісу:
KHAPIZOV ERMEK

Жырақта түтін түтетіп жүрген омбылық қандасымыз, жас та болса талантты сәнгер Ермек Хапизов есімі тек Ресейге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де жақсы таныс. Өткен жылы «Ресейдің ең үздік жас шығармашылық қайраткері» атанған ол осы ел үкіметінің «Өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» Алғыс-хатымен марапатталған болатын. Ресей Суретшілер одағының, Халықаралық Суретшілер одағының мүшесі, «Ресейдің болашағы» қоғамдық сыйлығының иегері атанып отырған Ермек қай жұмысын бастаса да ұлттық нақышты танытуды мақсат тұтып отырғаны сүйсінтеді. Омбыда туып-өскен өрен 13 жасынан бастап дизайн және сән өнерінің әліппесін меңгеріп, көптеген халықаралық конкурстарға қатысып танылады. Мектепте оқып жүріп Мәскеуге шақырту алып, Вячеслав Зайзевтің де шеберханасында қызмет етті. Әсіресе, «Бигайша ана», «Рубаи» атты этностильдегі топтамалары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп отыр. Сән әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған азамат 31 қаңтар күні Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігі жанында KHAPIZOV ERMEK сән үйін ашты. Осылайша, Ресейде сән үйін ашқан тұңғыш қазақ дизайнерімен әңгімелесудің де сәті түсті.

KHAPIZOV ERMEK

– Жаңа бастамаңыз құтты болсын! Тұсаукесер рәсімі қалай өтті?
– Бұл Омбы қазақтары үшін үлкен мереке болды. Себебі, бар­лық ұлттық мейрамдарда елшілік жанында, осы Шоқан Уәлиханов көшесінде жина­лып, мерекені тойлаймыз. Сондықтан дәл осы көшені таңдауым да кездейсоқ емес еді. Омбыдағы «Мөлдір» атты қазақ мәдениетінің Сібір орталығы да бұл баста­мамды қолдады. Оны 28 жыл­дан бері ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Алты­най Жүнісова апайымыз басқа­рып келеді. Ол қазақ тілін, мәдениетін дәріптеу жолын­да қыруар жұмыстар атқа­рып келе жатқан ұлтжанды апайларымыздың бірі. Ашылу салтанатында сол орта­лық­тан «Әйгерім» би ансамблі өнер көрсетті. Ал лентаны қиюды өзімді тәр­бие­леп өсірген ардақты ата-анама тапсырдым. Жиылған халық қарасы көп болды. Кел­ген қонақтар соңғы топтамам­мен танысып, тапсырыстар бергендерде табылды.
Бұл сән үйін ашу – менің көп­тен бері ойлап жүрген арманым еді. Расында бір Омбының өзінде 300 мыңға жуық қазақ тұрады. Алайда ұлттық киімдер мен ұлттық дүниелерді шығаратын өндіріс орны жоқтың қасы. Сон­дықтан бұл бірінші кезекте ұлттық брендті қалыптастыру мақса­тында ашылған сән үйі. Бес түрлі бағытта жұмыс істейміз. Бірінші, жеке тапсырыспен киім тігу бөлімі, екінші, этникалық стиль­дегі киімдер дүкені болса, үшінші, ұлттық зергерлік бұйымдар жасау, төртінші, үйге арналған ұлттық стильдегі бұйымдар бөлімі. Ал соңғы бөлімде тері мен был­ғарыдан жасалған бұйымдарды дайындаймыз.
KHAPIZOV ERMEK– Омбыда 300 мың қазақ тұ­рады екен. Қандастарымыз ата-дәстүріміз мен тілімізді қанша­лықты біледі?
– Мен – қазақтың баласымын. Ата салтымыз бен ұлттық мәде­ниетімізді тереңірек зерттеп, бар­ша әлемге ұлттық киімдерімізді танытуды мақсат тұттым. Мені алаңдататыны, әлі күнге дейін Ресейде қазақ мектебі ашылған жоқ. Ресейдің Білім және ғылым министрлігінің заңнамасына сәйкес, қазақ тілі, Қазақстан та­рихы тек қосымша курс ретінде ғана оқытылады. Осындай жайт­тар қазақ баласының өз ана тілін, тарихын білуіне кедергі келтіреді. Ресейде көптеген ұлт пен ұлыстар тұрады. Қай ұлтты алып қарасаңыз да, бір-бірімен өз тілінде тілдесе­тінін көріп таңданасыз. Ал бізде жағдай мүлдем бөлек. Сондықтан қазақ қазақтығын сақтау керек. Омбыда «Мөлдір» атты қазақ мә­дениетінің Сібір орталығы да бар. Қолдан келгенше, барлығымыз қазақ­тықты сақтауға атсалысып ке­леміз. Бірақ ең бірінші «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұранды негізге алу қажет. Жасыратыны жоқ, жастардан бұрын апталдай азаматтардың өзі ұлттық киімдеріміздің атауларын дұрыс білмейді. Міне, осының өзі менің ұлт­тық дүниені жаңғыртуыма сеп болды. Ұлттық киім­дерімізді жаңғыртып, қайта шығарсақ қана бүгінгі өске­лең ұрпақ оның мән-маңызы мен тарихын ұғы­натыны айдай анық.
Омбы қаласында мектеп­те оқитын оқушыларға арнап «Қазақтың ұлттық киімдері» тақырыбында лекциялар өткізіп тұрамын. Қазақтың өзге ұлттарда жоқ ерекшелігі – жеті атасын сақтауы. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген көнеден қалған сөздің аста­рында үлкен пәлсапа жатыр. Атасының ғана емес әулетінің шежіресіне қанығып өскен бала­ның ата тегін қадір тұтатыны бел­гілі. Сонымен қоса, жаһан­ның медицина қызметкерлері мен генетик ғалымдары жеті атадан қыз алыспаудың ұрпақ ден­саулығы мен қан тазалы­ғының кепілі екенін жамыра жар салуда. Сондықтан қазақ халқының мұндай тектілігін қай жерде жүрсек те ұмыт­пағанымыз абзал.

KHAPIZOV ERMEK

– Қазақтың ұлттық киімдеріне Ресейде сұраныс бар ма?
– Біздің әрбір салт-дәс­түрімізден бастап, ұлттық киімдерімізге дейін өзге ұлт өкілдерін таңдандыратыны ақиқат. Тіпті қазақтың оюлан­­ған барқыт камзолына тапсырыс беретін орыс қыз­дары да жетеді. Олар тіпті ұлт­тық оюларымыздың әрқайсы­сының өзіндік мән-мағынасы бар екеніне қызығады. Бірақ айта кететін жайт, көптеген сәнгерлер оюларымызды орынсыз пайдала­натынын байқап жүрмін. Яғни, қолданылу орнын ажырата алмайды.
Қазақтың оюларының көпші­лігі мүйізге негізделген. Атап айтсақ, «қошқармүйіз», «арқар­мүйіз», «бұғымүйіз», «қырық­мүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «төртқұлақ», «түйе­табан», «сыңарөкше», «қо­салқа», «құс қанаты», «қаз-табан» деп жалғаса береді. Сонымен бірге, базарларда қырғыздың оюланған камзолдары мен көйлектері тұрады. Ал мұны айырмаған адамдар қазақтың оюы деп сатып алады. Киім тігу де – өнер. Ал ұлттық киім үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Этникалық стильді таңдаған сәнгер ұлттық тарихпен танысып шығып, әрбір бедер мен оюды дұрыс пайдалана білсе құба-құп.
Жуырда Алматыда болдым. Бірінші кезекте отандық дизай­нерлердің дүкендерін аралап шықтым. Сонда байқағаным, маталардың көпшілігі Қырғыз­станнан әкелінген. Тіпті қыз ұза­туға арналған салтанатты көйлек­тердің өзінен қырғыз хал­қының нақышы байқалады. Бұл да үлкен қателік. Қазақы оюды ажырата алмағандықтан осындай кемшіліктер орын алып отыр. Ал жеңілдікпен алы­натын көйлек 100 мың теңгенің шамасында тұрады. Мұндай киімді әркім сатып ала алмайды. Осылайша, біз ұлттық дүниені бүгінгі заман­мен үндестіріп, халыққа таныс­тыра алмайтыны­мыз анық. Сон­дықтан Қазақ­станда жеңіл өнер­кәсіпті да­мытып, тікелей киім тігу саласына субсидиялар бөлін­се деген тілегім бар. Отандық өндірісті дамыту өте маңызды. Ал арнайы гранттар бөлу бұл салаға жаңа дем беретіні анық.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*