Жанкүйерлер де жарап тұр

1295
0
Бөлісу:

Қазақстандықтар Универсиада мен оның қатысушыларын қызу қолдап жүр. Оған жарыстар кезінде лық толатын трибуналар, үлкен сұранысқа ие болып, өте тез сатылып кетіп жатқан билеттер дәлел.

FISU квотасы есебінен қосымша билеттер сатылымға түскелі бері, касса алдында жарыстарды тамашалағысы келетіндердің кезегі бірден түзіліп кететіні қалыпты жайтқа айналған. Көрермендерге деген қамқорлықтың көрінісін осы кезеңнің өзінде-ақ байқауға болады. Бұл тұрғыда ұйымдастырушылар билет сатып алушылардың қамын ойлап, оларды кезек күту қажытпауы үшін касса алдында ыстық сусындар мен тәттілер таратылып отырады.

Жанкүйерлердің ойындарға келіп, белсенді қолдау көрсетуі спортшыларға күш беріп, өздеріне деген сенімін арттырып, рухын көтеретіні белгілі.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар да жанкүйерлердің қолына шартылдақтар мен сан алуан «тарсылдақтарды», Қазақстанның жалаушаларын ұстатып, нағыз спорт думанын жасау үшін барын салуда. Жарыстар арасындағы үзіліс кезінде көрермендер уақытын бос өткізбесін деп спорт нысандарында әртүрлі шаралар ұйымдастырылып та тұрады. Көрермендер көрмелер мен инсталляцияларды тамашалап, фотоға түсуге мүмкіндігі бар. Әсіресе, Универсиаданың нышаны -кішкентай сұңқар көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген. «Халық Арена» стадионында көрермендер арнайы дулығаны киіп, виртуалды түрде мұз айдынына шығып, «мұз жасағының» мүшесі болу қандай екенін сезініп көре алады.

Ал «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде қаламыздың қонақтары үшін арнайы «360 градус» атты проекциялық киіз үй орнатылған, оның экранынан Алматы маңындағы табиғат пен заманауи қала өмірін тамашалауға болады.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар спорт нысандарының барлығында көрермендерге мән беріп, көрген додаларын талқылап, өз әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік беретін тамақтану орындарын ұйымастыруды да ұмытпаған.

Алматыдағы Универсиада – бұл спорт додасы ғана емес, сондай-ақ, кең ауқымды бағдарлама да. Күн сайын Республика сарайы алдындағы Medal Plaza алаңында өткізілетін жеңімпаздарды марапаттау салтанаты спорт думанының ажырамас бөлігіне айналып отыр. Сондай-ақ, осы күндері бүкіл қалада көптеген фестивальдер, театр және цирк әртістерінің қойылымдары өтіп жатыр.

Осынау сан алуан шат-шадыман оқиғалардан тіпті басың айналып қалуы мүмкін, ондай кездері көрермендерге Универсиада еріктілері әрқашанда көмекке келуге дайын. Олар қонақтарға жан-жақты ақпар беріп, көптеген іс-шаралар мен оқиғалар ішінен қызықтысын таңдауға көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отырады.

Осындай ауқымды спорт оқиғасы елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Сондықтан қазақстандықтардың, алматылықтардың осы мерекеге атсалысуына қарап, тәнті боласың. Универсиада нысандары қала тұрғындары мен қонақтарын өзіне тартып отырған жаңа орталықтарға айналуда.

Дода аяқталған соң да, осы нысандардың қала өміріндегі маңыздылығы артпаса, азаймақ емес. Спортпен әуестену және салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылу – бүгінгі өмірдің бас трендтері, ал Алматыдағы Универсиада мұны тағы да бір рет дәлелдеп отыр.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

суреттерді түсірген автор

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*