Бір қайыры бар

1372
0
Бөлісу:

Баяғыда Африкадағы ұшы-қиырсыз сахараға билік жүргізген бір әмірші алмас кездікпен алма аршып жеймін деп отырып бір саусағын байқамай кесіп алыпты. Сөйтіп, қызметшілері бәйек болып, қолына киіз күйдіріп басып, жаны қалмай әбігерге түсіп жатқанда оның бас уәзірі әрі жақын досы: «Қапа болмаңыз, патшам, бұдан да бір қайыр бар шығар», – деген екен.

Мұны естіген әміршінің көзі шақшиып, алмас кездікке бір, жерде жатқан саусаққа бір қарап, қып-қызыл боп ашуланып: «Ой, ақымақ, бұдан не қайыр болушы еді?! Сенің көзіңді шел басып, мені мазақ етейін деген екенсің! Әй, жендеттер, мына залымды зынданға апарып тастаңдар!» – деп ашуланыпты.

Әміршінің айтқанын жендеттері екі етпей, әп-сәтте орындайды. Бірақ, сәлден соң саусағының қаны тыйылып, ашуы басылған әмірші: «Әй, әлгі пақыр зынданға түсіп бара жатқанда тәубасына келіп, кешірім сұрады ма?» – дейді. Сонда жендеттер: «Жоқ, тақсыр. Біз оны зынданға алып барғанда да: «Бұдан да бір қайыр бар шығар» деп, өз еркімен түсіп кете берді», – депті. Енді әмірші басын шайқап: «Әй, ол расында да, ақылынан алжасқан болар. Мен қателеспеген екенмін. Бәлкім, зынданда жатып, есін жияр. Қайыр дегенді қайдан шығарған өзі?» – деп ойлайды.

Күндердің бір күнінде ол қасына бір топ нөкерлерін ертіп, аң аулауға шығады. Қанжығаларын майлап, қызық қуып, сайран салып жүргенде қалың орманды мекендейтін адам жегіш жабайы тайпа тұтқиылдан бас салып, аяқ-қолдарын байлап, тұтқынға алады.

Сөйтіп, бір-бірден сойып жей бастайды. Кезек әміршіге жеткенде жабайы тайпаның жендеттері оның бір саусағы жоқ екенін көріп бастарын шайқап, «бұл болмайды» дегендей белгі береді. Сірә, бір мүшесі кем адамды олар жемейтін болса керек. Сөйтіп, әміршінің қол-аяғын шешеді де, тұтқыннан босатып жібереді.

Арып-ашып еліне келген соң әмірші есін жиып, саусағына қарап ойланып отырып: «Әлгі бас уәзірді алып келіңдер!» – деп бұйырады. «Қап, әттең! Қателік менен кеткен екен», – дейді өкініп. Ол келген соң құрмет көрсетіп, болған жайды түп-түгел баяндайды да: «Сен айтқандай, бұдан да бір қайыр бар екен», – деп кесілген саусақтың орнын көрсетеді.

Содан соң  әміршіге тағы да бір ой түсіп: «Бірақ, сен өзіңді зынданға салғанда да осы сөзді айтқан көрінесің. Ал енді, одан не қайыр көрдің?» – деп сұрайды. Сонда бас уәзірі иіліп: «Тақсыр, сіз мені зынданға салмағаныңызда, өзіңізбен бірге аң аулауға алып шығатын едіңіз. Әлгі пақырлармен бірге мен де сол жабайыларға жем болар едім», – деген екен.

Мәлік ОТАРБАЕВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*