Жаңа технологиялық стратегия әзірленуде

3052
1
Бөлісу:

Елбасы Жолдауындағы міндеттер жүзеге асқан соң, мемлекет бизнеспен бәсекелесуін қояды. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай мәлімдеді.

Оның айтуынша, Үкіметке қа­райтын қазіргі кәсіпорындар мен компаниялар жаппай бизнес ор­таға сатылады да, мемлекеттің экономикадағы үлесі ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін азаяды. Бұл көптеген дамыған елдерде қолданылатын стандарт екен. Осы орайда 2020 жылға дейін жекеше­лендірілетін 800-ге жуық кә­сіпорынды қамтитын тізбе жа­сал­ған болатын. Енді бұл мерзім қыс­қартылып отыр: Жолдау бойын­ша Үкімет сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңы­на дейін аяқтауға тиісті.
– Бұдан мемлекетке екі бірдей қайтарым және тиімділік болады. Біріншісі – қаржылық. Яғни, қандай да бір мемлекеттік меншік сатылғанда, бюджетке кіріс түседі. Оның үстіне әлгі объектіні ұстап тұруға шығындалған бюджеттік қаржылар үнемделеді. Екіншісіне сәйкес, жеке бастамалар, кәсіп­кер­лік үшін экономикалық кеңіс­тік, өріс босайды. Әйтпесе, әртүрлі салалардағы қаптаған мемлекеттік АҚ, ЖШС, РМК-лар жеке биз­неспен бәсекелестікке түседі. Яғни, алдымызда тұрған орасан зор ауқымдағы міндет – мемле­кеттің отандық бизнеспен бәсеке­лесуден кетуі болмақ. Бұл – негізгі экономикалық тиімділік болып саналады, – деді министр.
Т.Сүлейменов «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы» секілді базалық, басты стратегиялық кәсіпорын­дардың да «бақылаулық емес, бірақ қомақты акциялар пакеті» жекешелендірілетінін мәлім етті. «Олар ІРО арқылы қор нарығында сатылады. Тиісінше, бұдан мем­лекет нақты қанша қаржыға қол жеткізетінін есептеу өте қиын. Олар 2018-2020 жылдары саудаға қойылады. Ол кезде нарықтық ахуал-конъюнктура қандай бо­лады? Бұл кәсіпорындардың сол тұстағы жағдайы, инвестициялық ұсыныстары қандай болмақ? Міне, осы жайттар бұл шарадан мем­лекетке түсер қаражат көле­міне әсер ететін болады» деді Ұлт­тық экономика министрі.
Осы тұста журналистер «биз­нес­мендер қызығушылық білдір­мейтін мемкәсіпорындар мен жергілікті коммуналдық қызмет­тердің» тағдыры не болатынын сұрады. Себебі, тізімге кірген 800 объектінің біразының жекеше­лендірілуіне осы фактор – қалтаға құяр табысы аз кәсіпорындарға, әсіресе, әлеуметтік нысандарға инвесторлардың ынта-ықылас білдірмеуі кедергі болуда.
Өз жауабында Т.Сүлейменов алдымен мемлекеттік меншікті саудаға қою тәсілдерін түсіндіре кетті:
– Танымал емес активтер бойын­­ша айтсақ, өткен жылы заңнамаға түзетулер енгізілді және мемлекеттік меншікті өткізу процесі жеңілдетілді. Яғни, қазір бұл процесс үш деңгейлі болып келеді. Біріншісі бойынша, егер мемлекеттік меншікке инвестор­лардың қызығушылығы зор болса, оның әділетті бағасы қалыптасып отырса, аукцион жарияланады да, кім көп ұсынса, сол иеленеді. Егер объект біз ойлағандай танымал болмай шықса, екінші әдіс іске қосылады: баға біртіндеп тө­мендетіле бастайды, бірақ баға­лаушылар белгілеген нарықтық бағасының елу пайызынан арзан­датылмайды. Үшінші әдіс бойын­ша объектінің құны әлдебіреу сатып алуға құлық танытқанға дейін төмендетіле береді, – деді министр.
Мұның сыртында, жекешелен­діруге шығарылған мемлекет мен­шігіне бірде-бір инвестор қызығу­шылық танытпауы, шығыны тым көп болғандықтан, тіпті «бір тиынға да сатып алғысы келмеуі» ықтимал. «Мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Шығыны мол, бірақ мемлекетке де қажет емес объектілер қайта ұйымдастыры­лып, жойылады. Рас, бұл ретте ондағы мемлекеттік мүлік кешені мемлекет меншігінде қалады, бірақ кәсіпорынның өзі заңды тұлға ретінде жұмысын тоқтатады. Бұл дәл сол салада жеке бастамалар өркен жаюы үшін жасалады» деді Тимур Сүлейменов.
Ол өзектілендірілген тізімге сай, 783 объектіні жекешелендіру жоспарланғанын нақтылады. Әйтсе де, биыл тағы түгендеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде, бұл қатар қосымша 100-ден аса объектімен толығуы ықтимал екен. Әзірше, осы науқан басталғалы шамамен 150-дей нысан сатылған.
Өз Жолдауында Елбасы Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Журналистер бұл құжат бұрынғыларынан несі­мен ерекшеленетінін сұрады.
– Мемлекет қазір дамыған елдер қатарына қосылуды көз­дейтін «Қазақстан – 2050» стратегиясымен өмір сүруде. Осы жолмен жоспарлы қозғалу және қол жеткен нәтижелерімізді бағам­дап, өлшеп отыру үшін 2025 жылға дейінгі жоспар қажет. Оны шартты түрде «Стратегия – 2025» деп атауға болады. Біз қазір оны пысықтап жатырмыз. Мемлекет басшысы пысықтау ісіне сарап­шыларды, ғалымдарды кең тар­тып, қоғам талқысына салуды тапсырды, – деген министр
Т.Сүлейменов стратегиялық жаңа құжаттың нақты мазмұны да сонда мәлім болатынын нықтады.
Оның дерегінше, «Қазақ­станның ұлттық технологиялық бастамасы» атты осы құжат биыл­ғы тамыз айында әзір болады деп күтілуде.

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*