Бұл жаңғыру болашаққа сенімді көпір

2034
0
Бөлісу:

Кеше Орталық коммуникациялар қызме­тінде өткен брифингке Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарағұсова, Мәжілістің экономикалық реформа және аймақ­тық даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов қатысты. Нұротандық депутаттар брифингте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды. Осы тұста бір айта кететін жайт, бірінші және екінші жаңғырту кезеңінен сүрінбей өткен еліміз қазір жаһандық өркениеттен қалмау үшін үшінші жаңғырту кезеңіне қадам басты. Ол қандай болмақ, еліміз жүрер сара жол қайсы? Өркениет көшінен қалмау үшін не істеуіміз керек? Осының бәрін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда нақты дерек-дәйектерді алға тарта отырып көрсетіп берді. Онда: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, бола­шаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» аясында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қата­рына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге ла­йықталған. Бірінші басымдық – экономи­каның жеделде­тілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифр­лық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индус­трияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет», – делінген.
Шындығы сол, әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Елбасының тілімен айтқанда: «Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабыл­дауға тиіспіз». Демек, еліміз бір орнында тұрып қалмас үшін жаңа бағытқа қадам жасауы тиіс. Заманның ыңғайына сай өзгеру қажеттілік. Енді Орталық комму­никациялар қызметінде өткен брифингке келетін болсақ, депутаттар Жолдауды толы­ғымен қолдайтындықтарын, онда көте­рілген бастамаларды түгел орындауға еліміздің әлеуеті жететінін жеткізді. Депутаттар Президент Жолдауында айтылған басымдық­тардың бірі – макроэкономикалық тұрақты­лықты қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл бағытта ақша-несие саясатының ынталандыру рөлі мен банктер­дің негізгі ықпалын қалпына келтіру назарда болмақ. Бұл өз кезегінде экономиканың «қан-тамыры» ретінде ел дамуына өзіндік үлесін қосуы тиіс. Демек, қаржы-несие саяса­тына өзге­ше көзқарастың қалыптасуы Ұлттық банк­тің де реттеушілік һәм бақы­лаушылық рөлін өзгертеді. Сонымен қатар Жолдауда айтылған тағы бір маңызды бағыт – бюджет процеду­раларын жеңілдету бастамасы да депутаттардың көңілінен шықса керек. Халық қалаулылары бюджеттен бөлінген әр тиынның тиісті жеріне жетуін әрі орынды жұмсалуын қадағалаудың маңыздылығын жете түсініп отыр. Бір сөзбен айтқанда «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы Президент Жолдауында қарасты­рылған барлық басымдықтарды тұтастай қолдап, олардың жүзеге асуына атсалыспақ.
Осы орайда Мәжіліс төрағасының орын­ба­сары, «Нұр Отан» партиясы фрак­циясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауы бұлжымас дәстүрге айналып отыр. Өйткені әр Жолдауда еліміздің тағдыр-талайы жатыр. Жолдау еліміздің дамуы мен өркендеуінің бағыт-бағдары. Мұнда ішкі-сырт­қы саясаттың бекемделуі, тосын қауіп-қатер­лердің алдын алу, олармен күресу және эконо­микалық өсу, әлеуметтік салалардағы нәтиже, халықтың әл-ауқатын түзеу секілді қадау-қадау мәселелер қамтылады. Сондықтан халық жыл сайынғы Жолдауды тағатсыздана күтері анық.
Ал биылғы Жолдаудың мәні де, жетелер бағыты да өзгерек. Содан болар, «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр», – дейді.
Елбасы Жолдауда төртінші өнеркәсіптік революция басталғанын, еліміздің осы додада асығы алшысынан түскенін қалай­тынын жеткізген. Елбасының айтуынша: «Болаша­ғын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отыр­мас­тан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Әлемде кезекті, төртінші өнеркәсіптік революция басталды.
Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.
Бүгін мен Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.
Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әртүрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек».
Демек, Қазақстан келешекте әлемде ең дамыған 30 елдің қатарына қосылсын десек, осындай сатылардан өтуге тиіс. Бұл жөнінде Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева: «Әлем Қазақстанды жүргізіп отырған салиқалы саясаты және көршілерімен ынтымақта отырған бей­біт­шіліксүйгіш ел ретінде таниды. Еліміз Достас­тыққа мүше мемлекет­тердің ішінен суырылып алға шығып, бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етті. Бұдан тыс БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Мұның өзі еліміздің өзге әлем алдындағы беделін көрсетеді.
Сондай-ақ Қазақстан халықаралық бейбіт келіссөздердің алаңына айналды. Алда елімізде бүкіләлемдік Expo – 2017 көрмесі өтпек. Мұны­мен қатар Қазақстан аймақтық қаржы орталы­ғына айналуға тырысуда. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан аймақтық көшбасшы мемлекетке, халық­арлық деңгейде өзіндік көзқарасы бар саяси мойындалған ойыншыға айналды. Нарықтық экономикада жетістіктерге жетті. Әлеуметтік салада сындарлы реформалар жасады. Білім беру саласы түбегейлі өзгерді, тереңдетілді.
Мұның бәрі біліктілікті, білімділікті қажет етті. Біз бұл үрдістен шыға алдық. Осындай алға қойған ұлы мақсаттарға қол жеткізуге, елдегі тұрақтылық, бірлік-береке демеу болды. Алда, қазақстандықтарды бұдан да үлкен мақсат-мүдде күтіп тұр. Мұны бәсекеге қабілетті ұлт қана шеше алары хақ.
Бір сөзбен айтқанда, үшінші жаңғыру – бұл мемлекетіміздің одан ары өркендеуіне, һәм жаңа дәуірге қадам жасауына бастар сара жол. Дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылуға жетелейтін алтын көпір дегім келеді», – деді.
Мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова өз сөзінде Елбасы Жолдауында макроэко­номикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі ретінде айқын­далғанын атап көрсетті. Қаржы-кредиттік саясаттың ынталандырушылық рөлін және банктердің негізгі міндеті экономиканың «өзек­ті жүйесін» қалпына келтірудің маңыз­ды­лығына тоқталды. «Осындай маңызды іс-ша­раларды жүзеге асыру арқылы Ұлттық банк­тің бақылаушы және үйлестіруші ретін­дегі рөлі өзгереді. Мұның өзі аудиторлық ком­па­ниялардың рөлі мен жауапкершілігін кү­шейтуді, компаниялардың ашықтығы мен ак­цио­нерлердің мөлдірлігін қамтамасыз етеді.
Шын мәнінде, тиімді бюджеттік және салықтық саясатсыз макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы орайда Елбасының бюджет қаржысын тиімді пайдалану қажеттігіне әрдайым назар аударып келе жатқаны белгілі. Сондықтан да Елбасы бұл жолы қаржыны тиімді пайда­лануды барынша арттыру міндетін қойып отыр. Өйткені бюджеттен бөлінген кез келген қаржы­ны тиімді пайдалану, ең алдымен, еліміз азаматтарының тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал етуі қажет.
Міне, осы мақсатта Мемлекет басшысы бюджеттік процедураларды анағұрлым жеңілдету және бюджет қаржысын ұтымды пайдалану міндетін қойып отыр. Мұның басты себебі, еліміз тұрғындары бөлінген қаржыны пайдаланудың нақты нәтижесін көруі қажет», – деп атап көрсетті Мәжілістің қаржы және бюд­жет жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова.
Брифингке қатысқан Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және аймақтық даму жөнін­дегі комитеттің төрағасы Нұртай Сабилья­нов Елбасы Жолдауына қатысты өзінің ойын айтты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауының мәні мен маңызы ерекше. Бұл Жолдауды Қазақстанда алдағы кезеңде жүзеге асыруға белгіленген іс-жоспарлары мен басымдықтары барынша жан-жақты сарапталған. Сөз жоқ, терең толғаныстан туындаған өте маңызды құжат. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын талдап-жасап, қабылдау және Үкімет жанынан экспорттық саясат жөніндегі кеңес құрып, біртұтас экспорттық стратегияны жасаудың Үкіметке тапсырылуы, бұл – бюджет қаржысын талан-таражға салмай тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін және өзін толық көлемде ақтайтын осы заманғы батыл шешім. Мұның өзі экспортер­лердің қызметінде мөлдірлікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қазіргі күні елімізде инвестицияларды тарту және экспортты ілгерілету жөніндегі жұмысқа бірнеше құрылымдар – Елшілік­тердің жанындағы инвестициялық кеңес­шілер, ұлттық компаниялардың шетелдердегі өкілдіктері мен сауда жөніндегі өкілдері, «Экспорт және инвестициялар жөніндегі КAZNEX INVEST ұлттық агенттігі» АҚ» тартылды. Сондай-ақ Елбасы Жолдауда Үкі­метке «Самұрық – Қазына» холдингін сапалық тұрғыдан тарнс­фор­мациялауды және басқару мен өндірістік бизнес-про­цестерді толық ревизиялап, оңтайландыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – Қазақ­станның ұлттық әл-ауқатының барынша дамуын нақты арттыруға мүмкіндік береді. Әрине, бұл үшін активтерді тиімді басқару, компаниялар мен холдингтердің құнын арттыру, портфельді басқару тиімділігін арттыру, басқарудың жаңа қағидаларын енгізу қажет, – деп атап көрсетті Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Сонымен бірге, брифингте депутаттар адам капиталы сапасын жақсарту мәселесіне де назар аударды. Өйткені адам сапалы болмай өнім де, қызмет те, қоғамның тыныс-тіршілігі де, тұрмыс та жақсы болмайды. Ал сапалы адам капиталын қалыптастыру үшін білім беру саласы түбегейлі өзгеруі тиіс. Жаһанды жайла­ған жұрт кибер­нетика мен нанотехноло­гиялардың, жасанды зейін мен ақпараттық технологиялардың игілігін көре бастаған кезінде көштен қалуға болмайды. Бүгінгі ғылым да, экономика да, әлеуметтік сала да осынау жаңа буын технологияларына сүйеніп отыр. Технологиялық жетістіктер қазіргіден де қарқын ала түсеріне күмән да жоқ. Демек, Президент өз Жолдауында ІТ білімге, қаржылық сауаттылық пен бірнеше тіл білуге, сапалы білім алу мүмкіндіктеріне қол жеткізуге назар аударуының да маңызы ерекше. Мәжілістегі нұротандықтар Жолдаудағы осы басымдықтарға да назар аударып, Елбасының бұлбағытта берген тапсырмаларының орындалуына үлес қосатындықтарын айтты.
Қысқасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір, Қазақстанды жаңа белестерге жетелейтін бағдаршам. Ал «Нұр Отан» партия­сының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы Президент Жолдауының жүзеге асуы үшін аянып қалмақ емес.

Бөлісу:

Пікір жазу


*