Дамудың даңғыл жолы қалыптасты

2051
0
Бөлісу:
Даму

Серік ОРАЗҒАЛИЕВ, Назарбаев университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебі профессорының ассистенті:
– Қазақстан Президенті билік тармақтары арасында өкілет­тіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі халыққа Үндеуінде Конституция мен заңдарға өзгерістер енетінін мәлімдеді. Сондай-ақ екі негізгі бағыт бойынша іске асатын реформаға тоқталып өтті. Оның алғашқысы – әлеуметтік-экономикалық процестерді рет­теу­дегі біршама өкілеттіліктерді Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру. Екіншісі – мемлекеттік басқару жүйесінде Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту қажеттігі. Өз басым Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауда басым құқық иеленетінін құптаймын. Осыған ұқсас тәжірибені Ұлыбританияның орталық басқару жүйесінен кездестіруге болады. Бірақ қазақстандық үлгі британдықтардың жолын қаз-қалпында қайталамайды. Өйткені екі мемлекеттің құрылымының арасы жер мен көктей. Ұлыбританияның басқару формасы – конституциялық монархия. Қазақстанның жаңа саяси реформасы жағымды өзгерістердің бастамасы болары анық.

Александр ШПАКОВСКИЙ, Беларусь Журналистер одағының мүшесі,
«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы халықаралық сараптамалық кеңесінің сарапшысы:
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың консти­ту­циялық реформалар бағдарламасы – дер кезінде қабылданған маңызды шешім. Қазақстан осыған дейін көпұлтты мемлекет ретінде халықтар достығы мен тұтастығын сақтай отырып, демок­ратиялық қоғам орната білді. Мемлекет басшысы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді бір ортаға тоғыстырып, қоян-қолтық жұмыс істеді. Бүкіл өкілеттіліктерді өз қолына ала отырып, сындар­лы саясаты мен ақыл-парасатының арқасында елді қиын-қыстау кезеңнен алып шықты. Нәтижесі көңілге қонымды, оны қазақстандықтар ғана емес, дүниежүзі мойындап отыр.
Дамудың даңғыл жолы қалыптасты.
Президент билікті өз қолына алған күннен бастап, көш соңында ілбіп жүруді емес, Көшбасшы болуды көздеді.
Көтерген бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапты. Сыртқы саясатта беделі артты. Ендігі жерде ел болашағы үшін ішкі саясатқа да көңіл аударатын уақыт келді. Бұл жолда да Қазақстан Президентінің дара шығарына сеніміміз мол!

Бауыржан ТӘТІБЕКОВ, «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ сарапшысы:
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ел экономикасы талай ауқымды өзгерістерді бастан кешірді. Экономикалық дамудағы жетістіктер еліміздің өсіп-өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына, жұмыспен қамтылуына, көңіл күйлерінің орнықты болуына оң ықпал етті. Түрлі әлемдік қаржы дағдарысының зардаптарына төтеп беруге көмектесті. Әсіресе, 1991-1997 жылдары экономиканы барынша тұрақтандыруға күш жұмсалды. Одан кейін «Қазақстан – 2030» стратегиясы жолданып, ел дамуының бағдарламасы бекітілді. Нәтижесінде, бұл жоспар уақытынан бұрын орындалды. Еліміз алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттік қатарына енді. Бүгінгі таңда қазақстандықтар ұлт Көшбасшысының стратегиялық жоспарына сәйкес, гүлденген мемлекетті құруды жалғастыруда. «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары идеясын алға жылжытып, жарқын болашақ үшін адал еңбектенуде. Осы орайда билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта қарау мәселесін – заман дидарын өзгертудің төте жолы деп қабылдап отырмыз. Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беруі, Парламент пәрменін арттыруы көп ұзамай өз жемісін береді. Елбасының сөзімен айтқанда, мұның бәрі елдің болашақ дамуына жауап береді және бес институттық реформаға сәйкес келеді. Мемлекет басшысы «Ашық үкімет» – осы өкілеттіліктерді елеулі түрде қайта бөлуді қарастырған болатын. Биліктің барлық тармақтары тиімді және жауапкершілікті жұмыс істеуі үшін олардың арасында тиісті тепе-теңдіктер мен арасалмақтар құру маңызды» деп атап өтті. Сол себептен, Үндеу уақыт талабы деп есептеймін, біз сол талапты орындауға міндеттіміз.
Бұл міндет өз кезегінде біздің елімізді алдағы қиындықтан еш шығынсыз алып шығады. Тұрмыс-тіршілігіміздің жақсаруына кепілдік береді, жаңа инвестициялардың тартылуына ұйытқы болады. Жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформалар елімізді даму мен жаңарудың тағы бір биік белесіне көтерері сөзсіз.

Нормундс ГРОСТИНЬШ,
саясаттанушы, «Бостандық үшін» Еуропалық альянсының вице-президенті, Болашақ Латвия институтының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы жанындағы саяси сараптама және стратегиялық зерттеулер орталығы халықаралық сараптама кеңесінің мүшесі:
– Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі шешімі – Қазақстан дамуындағы күмәнсіз тарихи қадам.
Бұл шешім қазіргі әлемде барлық мемлекеттер бетпе-бет келіп отырған, жедел өсіп келе жатқан басқару ісіндегі тапсырмаларды табысты орындауға толыққанды дайындықты бейнелейді. Шешуге тиісті тапсырмалар көлемі жағынан ғана емес, қажеттілігі жағынан да жедел қарқын алды. Осындай жағдайда Парламент пен Үкіметті нығайту, олардың өкілеттілігін кеңейту, сөз жоқ, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырары даусыз.
Нәтижесінде, заң шығарушылар мен атқарушы орындардың жауапкершілігі артады. Бұл елдің демократиялық өркендеуі жолында маңызды мүмкіндік береді.
Ерекше айтар жағдай, реформа Президентке Қазақстанның сыртқы саясатына басымырақ көңіл бөлуге мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Еуроодақ қарым-қатынасы аясында елеулі нәтиже бермек.

Ерлан МӘДИЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының маманы:
– Қазақстанның саяси жүйесін реформалау, одан әрі ырықтандыру мәселесі еліміз тәуелсіздік алғаннан бері басты назарда.
Мемлекет басшысы Үндеуінде «күшті президенттік басқару» Қазақстан өз аяғынан қаз-қаз тұра бастаған кездегі қиындықты жеңу үшін қажет болғанын атап өтті. Осылайша, жоғарғы саяси билікті орталықтандыру мемлекет дамуының нақты кезеңінде қажетті шара болды. Тәуелсіздік таңы атқанда ел басшылығы Кеңес Одағы тараған кезде бүкіл әлемді жайлаған жаһандық демократияға бас-көз жоқ ілесіп кетпеді. Фрэнсис Фукуяма секілді батыстық сарапшылар батыстық либеральдық модельдің жан-жақтылығына толық сенімде болды. Бірақ соңғы жылдардағы оқиғалар әр қоғамның өз жолы болатынын, саяси реформалаудың жан-жақты рецепті болмайтындығын анық көрсетті.
Осыған байланысты өткен жүзжылдықтың орта шегінде С.Хантингтон саяси қарым-қатынаста басты ерекшелік «басқару формасында емес, ыңғайға қарай басқаруда», яғни әр елдің ерекшелігіне байланысты негізгі саяси институттардың тұрақтылығы мен тиімділігінде екенін жазып қалдырған.
Яғни саяси жүйенің тұрақтылығы және экономикалық даму бір-бірімен тығыз байланысты екені – академиялық ортада бұрыннан қалыптасқан ұғым.
1992 жылы америкалық оқымыстылар тобы, ішінде Н. Рубини секілді Нобель сыйлығының экономика саласы бойынша иегері бар топ, әлемнің 113 елінің 1950 мен 1982 жылдардағы мәліметтерін талдай келе, тұрақты режимдегі елдерге қарағанда Үкіметі заңды немесе заңсыз жолдармен жиі ауысатын елдердегі экономикалық өсу әлдеқайда төмен деген қорытындыға табан тіреген.
Сингапур және Шығыс Азияның басқа да елдеріндегі табысқа жетудің ерен үлгісі күшті мемлекеттік басқару экономикалық дамудың басты қозғаушы күші екенін көрсетті.
Осыны ескере отырып, Қазақстан саяси реформаға эволюциялық жолмен жету жолын таңдады. Күшті президенттік басқаруға сүйене отырып, біздің еліміз «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген өзіне тән даму жолын таңдады.
Осылайша, Қазақстан демократиялық даму жолында халықаралық тәжірибелерді ескеріп қана қоймай, елдің нақты жағдайы мен қажетін ескере отырып, өз соқпағымен алға жылжуда.

Динара ӘУБӘКІРОВА,
«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының маманы:
– Президенттік басқарудың қазіргі формасы екі маңызды факторға байланысты. Бұл бір жағынан жан-жақты жаңғыртудың қажеттігін – кеңестік кезеңнен келе жатқан жоспарлы экономикадан қазіргі заманғы нарықтық экономикаға көшуді жеделдетуді қажет етеді. Екінші жағынан мемлекеттік басқару механизмін тұрақты және тиімді құрудың маңыздылығын көрсетеді.
Сондықтан осы стратегиялық мәселені шешу үшін басқарудың күшті орталығын құруды Президенттің өзі бастап берді. Мемлекеттік басқару жүйесі бір орнында тұрақтап қалған емес, кезең-кезеңімен жетілдірілді және реформаланды.
Осылайша, қазіргі негізгі реформаның жасалуына түрткі болған жағдай:
– Технологиялық және ақпараттық салада түбегейлі өзгерістерге бейімделудің қажеттілігі. Оның катализаторы – төртінші өнеркәсіптік төңкеріс;
– Мемлекеттер арасындағы жаһандық және аймақтық бәсекелестіктің күшеюінің мемлекетті жүйе мен саяси басқаруға ықпалының артуы;
– Мемлекеттік басқаруды одан әрі дамыту жүйесінде әлеуметтік және экономикалық шапшаңдықты қамтамасыз етуді жүйелеу.
Осындай жағдайлар Президенттің саяси реформа жасауына себепші болды. Бұл өз кезегінде Қазақстанды дамудың жаңа сатысына көтереді. Сонымен қатар мынадай маңызды сәттерге баса назар аударған жөн.
Бірінші. Қазақстан президенттік республика ретінде қала бермек. Осындай жағдайда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жауапкершілігі билік тармақтары арасындағы қатынаста жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.
Екінші. Қазақстан демократияның жоғары құндылықтарына және азаматтық қоғамның принциптеріне беріктігін тағы бір дәлелдеді.
Үшінші. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құрылысындағы саяси реформаны теңестірді және қазіргі заманғы бастамашыл мәртебесін дәлелдеді.

Татьяна ЛИПИНА,
«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының маманы:
– Мемлекеттік басқару жүйесі – ойшылдардың ғасырлар бойғы рефлексиялық нысаны. Ежелгі Грекия антикалық философтарының жарқыраған шоғыры, Ежелгі Қытай философтары және басқалары идеалды мемлекет формуласын табуға тырысты. Алайда тарих көрсетіп отырғандай, мұндай формула жоқ болып шықты. «Әлемде мемлекеттік құрылымының әмбебап үлгісі жоқ» деді Қазақстан Президенті өз сөзінде. Бұл бағытта тұрақты жол іздеу дегеніміз – ол қоғам өзіндік мемлекеттік басқарудың моделін жетілдіруге ұмтылады.
Алайда көпғасырлық әлемдік мемлекеттік құрылыс тәжірибесі көрсеткендей, тек қана биліктің бөлінуі жеткіліксіз, бұл жерде тепе-теңдікті сақтау қажет. Бірінші кезекте өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін ғана емес, сондай-ақ, белгіленген құқық шегінде билік тармақтарының өзара шекарасын анықтайтын құқықтық нормаларды жасау болып саналады.
Сондықтан кез келген мемлекет міндетті түрде «беріктік қорын жасау» үшін табиғи эволюциялық жолға түседі немесе өмір сүруін тоқтатады. Біздің елдегі қазіргі тұрақты саяси жүйенің арқасында салмақты жүйеленген және дәйекті жаңғыртуға қол жеткізілді. Реформалар шынайы уақытқа сәйкес, сондай-ақ кейіннен оң нәтижелер берген стратегиялық іске айналды. Әрі қарай Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі мемлекеттік және қоғамдық институттардың дайындығы деңгейіне, сондай-ақ сыртқы қауіп-қатерлерге сәйкес түзетіліп отырды.
Парламент өкілеттілігінің кеңеюі, жергілікті атқару билігінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және көптеген басқа нормалардың нығаюы халықты мемлекеттің өміріне кеңінен тартуға, саяси плюрализмнің дамуына, Қазақстанның саяси жүйесінің нығаюына әкелді. Парламенттің өкілеттігін кеңейту және мемлекеттік менеджмент жүйесіне азаматтық қатысуларды жиілету саяси жүйеде «беріктік қорын» құруға жағдай жасады.
Мемлекеттің барлық жүйелері тығыз байланыста және бір-біріне ықпал етеді. Сондықтан бұл реформадан біз кешенді жағымды жағдайды көріп отырмыз. Халықты Конституцияға өзгеріс енгізуді талқылауға тарту оның құқықтық дамуына ықпал етеді. Бұл жерде мұндай ауқымды реформа бірінші рет тәуелсіз Қазақстанда қалыптасқан ұрпақ өкілдерінің, яғни демократиялық көзқарастары мен құндылықтары басым адамдардың қатысуымен өтетінін баса айтуымыз керек. Тұтастай алғанда, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу – Қазақстанның демократиялық даму жолындағы кезекті заңды кезеңі.

Әкімжан Бекмағанбетов,
Челябинск мемлекеттік университеті Қостанай филиалы директорының орынбасары:
– Қазақстанда Мемлекет басшысы саяси жүйені демокра­тияландыруға бағытталған аса маңызды конституциялық рефор­маны жариялады. Қазақстан Республикасында саяси жүйені реформалау бағдарламасының жобасы – жұмыстарды жетілдіру және мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылы бойынша көпжылдық жұмыстың нәтижесі.
Президент атап өткендей, «алдағы реформа біздің даму логикасына және тұтастай алғанда қазіргі заманғы даму логикасына сүйенеді». Осылайша, биліктің өкілеттігін қайта бөлу бағдарламасы қолда бар тұрақты саяси, институттық және нормативтік базиске негізделген және ел дамуының жаңа кезеңінің қатерлеріне жауап береді.
Бұл идея Қазақстанның демократияландыру процесіне қуатты серпін береді. Саяси реформалардың бағдарламасында Қазақстанның ашық қоғамының айтарлықтай әлеует және тұрақты жұмыс істеуі үшін құқықтық негізі қаланды. Жаңа реформалар ережелерін бекітуге бағытталған бүкілхалықтық конституциялық өзгерістерді талқылау жаңа Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғамен – 1995 жылы қабылданған Конституциямен өзара үндеседі.
Қазір реформаны жаппай талқылау басталған кезде, саяси партиялардың ұстанымы өте маңызды. «Нұр Отан» партиясы ең бұқаралық партия ретінде, азаматтық қоғамның барлық мүдделі институттарымен, сараптамалық қауымдастықпен және БАҚ-пен барлық аспектілері бойынша Елбасының реформалары туралы кең талқылауға кірісті.

Невзат ШИМШЕК,
Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан ашылған Евразия ғылыми-зерттеу институтының директоры (Алматы қаласы), экономика ғылымдарының докторы, доцент, «Нұр Отан» партиясы жанындағы саяси талдау және стратегиялық зерттеу орталығы халықаралық сараптама кеңесінің мүшесі:

– Алдымен өкілеттікті бөліп беруге байланысты заңдық өзгерістер Қазақстандағы демократиялық институттардың нығаюы мен демократиялық мәдениеттің дамуына маңызды үлес қосатынын айтқым келеді. Мен президенттік және парламенттік басқару жүйесін салыстырып жатпаймын, өйткені бұл сұрақ түрлі ғылыми еңбектерде әбден талқыланған. Дегенмен демократияны нығайтуға байланысты бір маңызды сәтті атап айтқым келеді. Бұл бойынша елдің ұлттық ерекшелігі мен биліктің саяси жүйесі арасындағы өзара ынтымақтастық өте маңызды деп ойлаймын. Бұл сұрақты нақтылай түссем, Президенттің экономикалық-әлеуметтік процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілуі Парламенттің бақылауын күшейтпек. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, демократиялық жолмен елдің дамуын жеделдетудің дүниежүзілік тәжірибесіне жүгінсек, Үкіметтің тікелей жауапкершілігін арттырумен қатар, құқықтық мемлекет құрудың принциптері мен билік тармақтарына өкілеттікті бөліп берудің тән екенін көреміз.
Белгілі болғандай, мемлекеттік құрылымның принципті жауапкершілігін сақтауды, сонымен қатар мемлекеттік құқықтық принциптерді және билікті бөлу қазіргі заманғы демократияның храктерлік жағынан ерекшелігін көрсетеді. Осылайша, мемлекетті жасаушы күштерді жүйелеу тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік құрылымдардың есеп беруінде маңызды рөл атқарады. Бұл басқару жүйесі қандай жағдайда да маңызды.
Тағы бір айта кетер жағдай, демократияның дамуы мен демократиялық басқарудың принциптері мемлекеттік басқарудың формасында тікелей байланыс болмайды. Сонымен бірге, баса атап өтерлік жағдай басқарудың парламенттік формасы бірқатар басымдыққа ие, ол демократия мәдениетінің тәжірибесін енгізуге дәнекер. Алайда әр мемлекеттің қоғамдық институттарының дамуын жеке тәртіппен қараған жөн.
Мемлекеттік басқару формасының қазақстандық моделінің маңызды элементтері саяси тұрақтылық пен елдің экономикалық өсуін қолдау болып саналады және ол Қазақстанның үкіметтік бағдарламаларында көрініс береді.
Қазіргі Қазақстан – түрлі мәдениеттердің ордасы, этникалық топтар мен діндер де осында тоғысқан. Осымен байланысты қазақстандық модельдің негізгі тұжырымы толеранттық принциптеріне негізделген. Бұл принцип демократияны дамытудың ажырамайтын бөлігі деуге болады. Бұл жағынан Қазақстанда 25 жылдық тәжірибе бар және ол елде тұрақтылықты қамтамасыз етті, экономиканы дамытты, толеранттық принциптерін нығайтты. Қол жеткізген ішкі саяси тұрақтылық, сонымен қатар мемлекеттің Тәуелсіздіктің 25 жылында жүргізген сыртқы саяси белсенділігі жоспарланған қайта құрылымдауды табысты жүргізуге мүмкіндік берді. Жүргізілген пікірталастар көрсеткендей, Президент өзінің компетенцияларын Үкімет пен Парламентке бөліп беруі әлеуметтік және экономикалық саладағы саясатта өз ықпалын күшейтеді.
Осы орайда негізгі заңдарға толықтырулар енгізуді ұсынамын. Бұл үшін Үкіметтің, Мемлекет басшысы мен басқа да атқарушы органдардың өкілеттіктерін тыңғылықты талдау керек деп ойлаймын. Билік тармақтарындағы өкілеттіктерді бөлісу құқықтық мемлекеттерге тән халықаралық тәжірибелерді үлгі етумен қатар, Қазақстандағы нақты жағдайды ескере отырып, іске асырылуы дұрыс деп санаймын. Көзделген өзгерістер Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуін арттырады деп сенемін.

Руслан ЖАҚЫПОВ,
«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының маманы:
– Еліміздің Конституциясында мемлекет өміріндегі ана­ғұрлым маңызды мәселелер демократиялық әдістермен шешіледі деп нақты жазылған. Елбасы әрдайым осы қағиданы ұстанады және мемлекеттік институттар мен қоғамның еліміздің дамуы­н­дағы маңызды мәселелер жөніндегі келіссөздеріне үнемі айрықша назар аударып отырады. Мемлекет басшысының Үндеуінен кейін «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заңының жобасы жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды.
Елбасы әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеу жөніндегі Президенттің заңмен бекітілген өкілеттіктерінің едәуір бөлігін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру қажеттігін реформаның бірінші кезектегі міндеті ретінде атап көрсетті. Сондай-ақ заңда Президенттің 40-қа жуық өкілеттілігінің Үкіметке немесе Парламентке берілуі мүмкін екендігі де қарастырылған.
Екінші міндет анағұрлым күрделі, бірақ бұл – бірінші міндетті жүзеге асыруды қамтамасыз ететін мүмкіндік, бұл – биліктің тармақтары арасындағы қатынастарды, атап айтқанда, конституциялық деңгейде теңгеру деген сөз.
Мемлекеттік биліктің жоғары органдарының қызметін ұйымдастыру мен қалыптастыру тепе-теңдігі төмендегідей ережелерге сай негізделеді:
1) халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі;
2) президенттік басқару формасы;
3) Президенттің келісімімен құрылған мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының және билік органдарының халық алдында жауапкершілігін қамтамасыз ету;
4) Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
5) мемлекеттік билік біртұтас, Конституция мен заңдардың негізінде және олардың заңдық, атқарушы және сот тармақтарына бөліну қағидасына сәйкес, сондай-ақ олардың арасындағы ұстаным мен қарама-қайшылықтарды бір жүйеге келтіру барысында жүзеге асырылады.
1998, 2007 және 2011 жылдарда Конституцияға енгізілген өзгертулер мен қосымшалар қоғамды біртіндеп демократияландыруға бағытталып, елімізде саяси әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Осы жолы ұсынылып отырған конституциялық реформа президенттік басқару формасын сақтай отырып, Парламент пен Үкіметті одан әрі күшейтуге бағытталып отыр. Осы уақыт аралығында елімізде демократиялық процестердің тұрақты сипат алғаны анық.
Қазақстан бүгінгідей барша әлемге танылған кезде қоғамның талабы да анағұрлым күрделеніп, саяси партиялардың белсенділігі артып, аймақтық және ғаламдық дабылдар күшейіп, білім деңгейі анағұрлым арта түсетіні белгілі. Міне, сондықтан Мемлекет басшысы ұсынған саяси өзгерістер бұрынғыдан да маңызды әрі заман талабына сай.
Ең бастысы, Конституцияның әлеуеті жойылмайды. Атап көрсетерлік маңызды нәрсе, мысалы, 45-баптың 3-тармағы: «Республика Президенті қол қойған Парламент актілері, сондай-ақ Үкіметтің бастамасымен әзірленген Президент актілері Парламент палаталары төрағаларының бірінің немесе Премьер-министрдің қолы қойылып бекітіледі. Оларға заңдық тұрғыдан осы актілердің заңдылығы үшін жауапкершілік жүктеледі». Сөйтіп, мұндай конституциялық норма заң шығару қызметінің сапасын қамтамасыз етуі тиісті Парламент пен Үкіметке жүктеледі.
Қорыта айтқанда, билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлудің жоспарлануы, бұл – осы жылдар аралығында ойдағыдай жүзеге асырылған асқаралы іс-шаралардың заңды жалғасы. Ең бастысы, бұл шаралардың барлығы еліміздің дамуына, мемлекеттік саясатты дәйектілікпен қалыптастырып, жүзеге асыруға, сондай-ақ жоғарғы мемлекеттік органдардың қызметінде ауызбіршілік пен жеделдікке қол жеткізуге ықпал етеді.

Жанерке КОЧЙИГИТ,
«Нұр Отан» партиясы актілер мен ақпараттарды жинау жөніндегі орталықтың қызметкері:
– Мемлекет басшысы биліктің тармақтары арасында өкілет­тіктерді қайта бөлу жөнінде халыққа арнаған Үндеуінде «Біз мемлекеттік құрылымның бөгде модельдерін көшірумен ешқа­шан айналысқан емеспіз» деп айрықша атап көрсетті. Саяси модерниза­ция­лаудың казақстандық моделі Батыс мемлекеттері институттарының тә­жіри­­бесіне негізделмеген. Себебі, Қазақ­станның мемлекеттік құры­лысында қазақ халқының әлеуметтік мәдени тұрмысы, мемлекеттік-құқық­тық салт-дәсүрлері мен саяси рефор­ма­лар­ға экономикалық дайын­дығы тәрізді факторлар ескерілді.
Елбасы атап көрсеткендей, саяси реформалардың әрбір кезеңі экономиканың даму дең­ге­йіне сай жүргізіледі. Қазақстан моделінде саяси реформаларға қарағанда экономикалық реформаларды модернизациялауға айрықша басымдық беріледі. Сондықтан біздің мемлекет жедел саяси модернизациялаудан бас тартты. Мұның өзі аймақтарда экономиканы дамыту бойынша Қазақстанның көш басынан табылып, халықаралық аренада биіктен көрінуіне мүмкіндік берді.
Саясаттанушылар демократияландыру және нарықты экономиканы құру процесінде негізгі үш кезеңді бөліп қарастырады. Бірінші кезең – саяси биліктің жо­ғар­ғы құрылымдарын транс­фор­мациялаумен және экономиканы біртіндеп тұрақтандырумен сипатталады. Екінші кезең­де де­мо­к­ратиялық жүйені қалыптастыру – жаңа Конституцияны қабылдау, жаңа сайлау жүйесін бекіту, демократиялық процедураларды қоғамдық тәжірибеге енгізуді қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Саяси мәдениет пен экономиканың тұрақты өсуіне негіз­дел­­ген демократиялық институттардың тұрақты түрде қалыптасуы үшінші кезеңге өтуді біл­діреді. Міне, осы теорияға сүйен­сек, дәл қазір Қазақстан демократиялық процесстің екінші және үшінші кезеңінде тұр. Ел­басы атап көрсеткендей, саяси модернизациялаудың осы кезе­ңін­де Қазақстан үшін саяси жүйедегі тұрақтылықтың көптеген жылға жетерлік қорын құру міндеті тұр.

Бөлісу:

Пікір жазу


*