Нұротандықтар Елбасын қолдайды

3273
0
Бөлісу:

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының жаңа бағыты

– Бүкіләлемдік қауымдастықтың назары тағы да біздің елімізге ауды. Қазақстан жаңа 2017 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде бастады. Бұл Елбасымыздың Еуразиядай алып құрлықтың басты бейбітшіл тұлғасы ретіндегі биік беделінің халықаралық деңгейде бағалануының нақты көрінісі ретінде қабыл­данды. Қазақстан басшысының тікелей араласуымен өткен жылы бүкіл әлемді алаңдатқан Иранның ядролық проб­лемасы ойдағыдай шешілді. Елбасымыз Украинадағы қантөгісті тоқтатуға да өзінің үлкен үле­сін қосты. Ресей мен Түркия президенттері Н.Назарбаевтың осы екі елдің ушығып бара жатқан қарым-қатынасын қалпына келтірудегі арағайындығы үшін аса зор алғыстарын білдірді.
Кеше Елбасымыз өзінің тарихи Үндеуімен тағы да бүкіл әлемнің назарын Қазақстанға аударды. Елімізде 2005 жылғы Президентіміздің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауынан кейін мемлекетті реформалаудың кезең-кезеңге негізделген жаңа үдерісі басталды. Мемлекет басшысының бүгінгі Үндеуін қазақ қоғамын жаңартып, жаң­ғыртудың заңды жалғасы деп білемін. Елбасымыз осы Үндеуі арқылы Қазақстан Республикасының тари­хындағы жаңа кезеңді бастап берді.
Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын өз қолымен қалап, оны осы жылдар ішінде орын алған бірнеше бүкіләлемдік дағдарыстардан аман алып шығып, әлем таныған абы­ройлы мемлекетке айналдырды. Біз тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде ешбір әсірелеусіз ға­сыр­ларға бергісіз даму мен гүлденудің жолынан өттік.
Тәуелсіздік алған кезде коммунистік жүйеден еншімізге бар болғаны мешеу шаруашылық, қарау­сыз қалған зауыттар, қаңыраған ауылдар, жабылған дүкендер, жаппай жұмыссыздық және тұралаған экономика тиді.
Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанды экономикалық дамудың даңғыл жолына түсіп, әлеуметтік тұрақтылықты ту еткен қуатты мемлекет ретінде таниды. Ең бастысы, Қазақстан ширек ғасырда бейбітшілік пен келісім салтанат құрған көпұлтты халықтың алтын бесігіне айналды. Соның арқасында еліміздің әлемдік аренадағы абырой-беделі артып, республикамызға миллиардтаған инвестициялар тартылуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуымыз бен Астананың EXPO – 2017 көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алуы да соның айқын дәлелі.
Президент еліміздегі ең басты мәселелерді шешумен қатар мемлекеттік басқарудың заманауи, тұрақты, ұтымды үлгісін қалыптастыру саясатын да қарқынды жүргізді. Соның нәтижесінде, Қазақстанда кәсіби Үкімет, қуатты Парламент және тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Олар қазірдің өзін­де сенімділігі мен тиімділігін дәлелдеп үлгерген мемлекеттік аппараттың «тежемелік және теңгермелік» жүйесінің негізін құрайды. Сондықтан Елбасымыз атап өткендей, мемлекеттік билік тар­мақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесі ел дамуының заңды және жүйелі кезеңі.
Бұл батыл қадам Парламент пен Үкіметтің өкілеттіліктерін арттырып қана қоймай, оларға қабылдаған шешімдеріне сәйкес жауапкершілік жүктейтінін де ерекше атап өткен жөн. Соған қарамастан, Қазақстанда халықтың бірлігі мен тұрақтылығына, мемлекеттік билік тармақтарының реттілігі мен үйлесімді жұмысына, азаматтар құқығының сақталуына, мемлекеттік шекарамыздың беріктілігі мен еліміздің қорғаныс қабілетінің конституциялық қорғалуына кепілдік беретін күшті президенттік билік сақталады.
Қашанда ұрпақ қамын ойлайтын Мемлекет басшысының Конституция кепілі ретінде қабылдаған жаңа тарихи шешімі қазақ қоғамындағы саяси тұрақтылық пен экономикалық қарқынды дамудың нақты дәлелі деп білемін. Бұл – еліміздің Президент айқындаған «Қазақстан – 2050» бағдарламалық құжатында белгіленген стратегиялық мақсаттарға адалдықтың айқын кө­рінісі. Елбасының жаңа бағытын: күшті президенттік билік – кәсіби Үкімет – жауапты Парламент – тәуелсіз сот жүйесі – ашық қоғам деп қарапайым түрде түсіндірер едім. Осының бәрін Қазақстан мен оның әлем таныған Елбасының өзіне және болашаққа нық сенімінің көрінісі деп бағалаған жөн.


Қуаныш ЕЛУБАЕВ,
Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Елбасымыз мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесінің республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып cаналатынын атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылында біз осыған қол жеткізуді мұрат еттік. Әрине, елдігіміз қалыптаса бастаған алғашқы жылдарда бүкіл биліктің Мемлекет басшысының қолында болғаны ауадай қажет еді. Басқаша жағдайда біз дәл бүгінгідей әлеуметтік-экономикалық дамуымыздағы, әлемдік аренада өзіне лайық орнын алған беделді мемлекет ретіндегі зор табыстарымызға жете алмас едік. Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында Парламентте қандай жағдайлардың болғанын естеріңізге түсіріп көріңіздер. Депутаттар арасында үнемі өршіп тұрған даулар мен теке-тірестердің кесірінен бірде-бір экономикалық реформаны тиімді іске асыру мүмкін болмады. Сол уақытта еліміз жауапты және батыл шешімдерді қажет етті. Халықтық шаруа­шы­лықтың кеңестік жүйесінен кетіп, зауыттарды тірілтіп, ауылдарды құтқарып, шетел инвестициясын тартып, зейнеткерлер алдындағы қарыздардан құтылу керек болды. Бұл ел өміріндегі өте қиын кезең еді. Міне, осы кезде Нұрсұлтан Әбішұлына мұндай жауапты жұмыстың бәрін өз мойнына алып, дүниежүзін аралап, ол кездері ешкім аса біле бермейтін Қазақстанға инвесторлар тартып, тұрып қалған кәсіпорындарға назар аударып, атқарушы биліктің жауапкершілігінде болған өзекті мәселелерді шешуіне тура келді. Біз қазір осының бәрінің оңай болмағанымен, Президент тарапынан жасалған өте дұрыс қадам болғанын көріп отырмыз. Қазақстанның бүгінгі табыстары – соның айқын дәлелі. Бүгінгі таңда, біздің республикамызда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылық қалыптасты. Бізде күшті Парламент пен кәсіби Үкімет бар. Елбасы өзінің күш-жігерін стратегиялық мәселелерге жұмсап, Үкімет пен Парламент өзекті мәселелермен айналасуы үшін Мемлекет басшысы, атқарушы және заңнамалық билік арасындағы жауапкершілікті бөлудің уақыты келді деп ойлаймын.


Нәсіп ШАЛАБАЕВА,
«Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Кеше Мемлекет басшысы ел алдында тарихи Үндеуін жариялап сөз сөйледі. Бұл шын мәнінде, Қазақстан дамуының жаңа кезеңі. Батыстың «жалған сарапшыларының» бізге жат мемлекеттік құрылымды жапсыруға тырысқаны естеріңізде ме?! Сонда Президентіміз бәрін өз орнына қойып беріп, сыртымыздан тон пішетін кеңесшілерге мұқтаж емес екенімізді ескертіп, біздің өз даму жолымыз бар екенін атап өтті. Енді міне, қазір тәуелсіздік жылнамасының жаңа кезеңінің куәгері болып отырмыз. Қазақстан алға қарай жауапты да, сенімді жаңа қадамын жасауға дайын. Мен Үкіметке экономика саласындағы қосымша атқарушы өкілеттіктердің берілу мәселесіне айрықша назар аударғым келеді. Бұл өте күрделі қадам. Өйткені аталған жағдайда туатын басты мәселе – біздің атқарушы биліктің өз іс-әрекетіне жауап беруге қаншалықты дайын екендігі. Елбасы Үкіметке жаңа өкілеттіктерді атқара алатын өте мықты команданы жинады деп ойлаймын. Дегенмен Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңғыртылған жүйедегі басты қызметті Парламент атқаруға тиіс. Ең бастысы, республикамызда күшті президенттік билік сақталып қалады. Қорғаныс, ішкі саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тиімді жұмысты қамтамасыз етудегі негізгі мәселелер Президент құзыретінде болады. Яғни, қазақстандықтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу эволюциялық жолмен өтеді. Бұл экономикалық-әлеуметтік, сондай-ақ қоғамдық-саяси саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің шешуші факторы.


Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті педагогика жоғары мектебінің директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Кеше барлық қазақстандықтардың назары көгілдір экранға ауып, Мемлекет басшысының Үндеуін ықыласпен тыңдап шыққанына сенімдімін. Елбасы сөздері ешкімді де бейжай қалдырмады. Үкімет пен Парламентке бұрын-соңды болмаған өкілеттілік берілгенімен, біздің елімізде күшті пре­зи­денттік биліктің сақталып қалатынына қатты қуаныштымын. Өйткені Елбасымыз халықтар бірлігі мен мемлекеттік биліктің, Конституция тұрақ­тылығының, азаматтарымыздың құқы мен бостандығының символы мен кепілі болып саналады. Бұл біздің мызғымас қағидамызға айналды. Елбасының дана да, дара саясаты Қазақстанды ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдардан сақтап қалды. Мемлекет басшысы елімізді 90 жылғы өте ауыр жағдайдағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыстардан алып шықты және ол Қазақстанның әлемдік аренадағы басты брендіне айналды. Бастапқы кездегі таза Президенттің құзыретіне жатқызылған өкілеттіктер мөлшерінің азайтылуын өте дұрыс қадам деп санаймын. Шындығында да, бағдарламаларды бекіту бөліміндегі, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер, басқарудың жаңа органдарын құру мәселелеріндегі өкілеттіктерді Үкімет пен Парламентке неге бермеске? Үнемі мұндай сіресіп қалған мәселелермен айналысуды Елбасының мойнына жүктей беруге болмайды. Бәріне тек Президентті жауапты етіп қой­ғанымыз дұрыс емес. Министрлер мен депутаттар да өздері ұсынған заңдар мен бағ­дарламары үшін жауап берсін. Бәрін Президентке ысыра салмай өздері де мә­селелерді шешудің жолын ойлансын. Ел Президентінің онсыз да жұмысы бастан асады.


Рүстем БЕГАЛИЕВ,
Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Бүгін жұрттың бәрі де Президенттің қазақстандықтарға арнаған тарихи Үндеуіне қатысты пікір білдіруде. Мемлекет басшысының бәрін өз орнына қойып бергені өте дұрыс болды. Енді біз мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуден не күтуге болатынын анық білеміз. Мен үшін Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттік басқару жүйесіндегі Парламенттің рөлін күшейту мәселесін қойғаны өте маңызды. Істің мәнісін айтатын болсақ, бізде Парламентті халық сайлайды. Үкімет сайлауда жеңіске жеткен партиядан немесе депутаттық фракциядан жасақталады. Әрине, мұндай жағдайда көп мәселелер бойынша Парламенттің Үкіметке байланысты рөлін қайта қарау ақылға қонады. Депутаттар үнемі министрліктермен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Сонда дұрыс емес шешімдерден сақтандыратын қосымша механизмдер пайда болады және тұтастай алғандағы аппараттың тиімділігі артады. Әсіресе, экономикалық процестердің қарқынды дамыған заманында Үкімет пен Парламенттің жұмыс істеу үлгісінің осындай болуы өзекті болып саналады. Сондықтан Президент пен бүкіл халық шенеуніктерден тиімді және ойластырылған шешімдерді күтеді. Бүгін Елбасы айтқандай, кейде министрлер өздері тікелей жауап беруге тиіс бағдарламалары үшін жауапкершілікті басқаларға ысыра салуға тырысады.


Гүлбақша МҰСАБАЕВА, 

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан университетi құқық кафедрасының доценті, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Құқықтанушы ретінде мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы­ның ауқымды іс атқарғанын атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының барлық саласына қатысты заңдарды қайта қарап шықты. Атап айтқанда, 11 конституциялық заң, 20 кодекс және 298 заң сарапталып, қайта қаралған. Осыдан-ақ, қан­шалықты ауқымды жұмыс істелгенін аңғаруға болады. Бұл жұ­мыстың ауырлығын үнемі тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған механизмді қайта жаң­ғыртумен салыстыруға болады. Бұл үлкен жауапкершілік. Біз барлығымыз заманның бір орында тұрмайтынын түсінеміз. Сондықтан өзгерістер керек, әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесінде. Мұндай ережелерді уақыт талап етеді. Мен теледидардан Мемлекет басшысының Үндеуін мұқият тыңдадым. Президенттің келешектегі ауқымды өзгерістер жайлы айтқан мысалдарын толығымен қолдаймын. Өз басым мемлекеттік биліктің бір бөлігін Парламент пен Үкіметке бөліп беруді дамудың жар­қын көрінісі ретінде қабылдаймын. Осындай билік түрі әлемде дамыған елдерде кең тараған. Алдымызға әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына ену мақсатын қой­ған­дықтан, сол талапқа барлық жағынан сәйкес келуіміз керек. Ең бастысы, біз бұл модель­ді басқа елден көшіріп алып отырған жоқпыз, бұл жүйені өзімізге жақын қы­лып жасадық.

 


Алтынбек НУХҰЛЫ,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Қазақстан ең басты – институттық реформаны жүзеге асы­руға кірісті. Бүгіннен бастап бүкіл халықаралық басылымдар осы жайлы «атой» салып жазатындарына сенімдімін. Мемлекет бас­шысының Үндеуі сөзсіз үлкен әсер тудырғаны рас. Бұл біз үшін Тәуелсіздіктің 25 жылында жеткен жетістіктерімізді қайта сарап­тап, саралайтын кез. Қазақстанда президенттік билік институты толығымен өз жұмысын 100 пайызға атқарды. Мұны бү­кіл әлем мойындайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында еліміз саяси те­кетірес пен ұлтаралық араздастықтың ордасына айналып, экономикалық дағдарысқа ду­шар болуымыз әбден мүмкін еді. Батыстың тіс қаққан сарапшылары осындай болжам жасаған болатын. Бірақ аталған жағымсыз болжамдардың біреуі де Пре­зидентіміздің арқасында жүзеге аспады. Елбасы көптеген кедергілерге қарамастан, дамудың даңғыл жолын жаңылмай таба білді. Бүгінде шетелдік сарапшылар мен саясаткерлер Қазақстанның бұл жетістігінің басты сыры осыда екенін жиі айтуда. Осыған байланысты мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу барысында Қазақстанға күшті, ықпалды президенттік билікті сақтап қалу қажет. Мемлекеттік маңызды мәселелер, басқару, тұрақтылық, қорғаныс, сыртқы саясат, Конституцияны қорғау және билікті тармақтарға бөлу Мемлекет басшысының құзы­рында қалатыны өте дұрыс. Сондай-ақ Үкіметке көбінесе экономикалық және ат­қару­шы міндеттерді, ал Парламентке ақтқарушы билікті бағындыратын тетіктер бе­рілсе бұл заманауи мемлекеттік менеджменттің елімізде жүзеге асырылуы болмақ.


Айбек БЕКТҰРҒАНОВ,
«Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы» ЖШС директоры,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Бес институттық реформаның жүзеге асуы ел өміріне осындай ауқымды өзгерістер әке­летінін ешкім күтпеген шығар. Бірақ Президент өткен жылы Қазақстанды үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтқан болатын. Енді барлығы өз ор­нына келді. Мемлекет басшысының Үкіметтің Пар­ламент алдында есеп беру міндеттілігін арт­тыру бастамасын толықтай қолдаймын. Бұл атқарушы биліктің жұ­мысына халықтық бақылау жасаудың нақты механизмі. Себебі, депу­таттар халықпен биліктің арасындағы алтын көпір болып саналады. Енді өз міндетін дұрыс атқармаған, еліне, халыққа залал келтіретін істері үшін кез келген министрді жауапқа тарта алады. Десек те, Пар­ламенткеде сайлаушылармен және министрлермен өзара қатынасын өз­гертуге тура келеді. Өйткені қабылданған әр заң үшін олар тікелей жауап береді. Сондай-ақ бұл үлкен кадрлық мәселелерге де қатысты. Мемлекет басшысы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкі­леттіктерді қайта бөлу арқылы барлық мемлекеттік аппаратқа тың сер­піліс берді. Президент барлығын дұрыс істеді. Бағдарламаларды бе­кіту, Үкіметтегі кадрлық мәселелерді шешу, жаңа басқармалық ор­гандарды құру Үкіметпен Парламентке беру – заман талабы. Қалай де­сек те, елімізде күшті президенттік билік сақталатынын ұмытпауы­мыз керек. Сондықтан Парламент пен Үкімет арасында түсініспеушілік болса, Мемлекет басшысының араласу құқығы сақталатыны көңіл қуан­тады.


Мерген ТОҚСАНБАЙ,
жазушы, ақын, Ақмола облысы,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Ең алдымен, Ақмола облысының және Қазақстандағы барлық шығармашыл жастар­дың атынан жасаған Үндеуі үшін Елбасымызға шы­найы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз­дер. Мемлекет басшысы жария еткен өзге­­ріс­тер­дің ең алдымен, біздің – қазақстан­дықтардың жас буын өкілдерінің игілігіне қыз­мет ететініне то­лық сенімдімін.
Отызға толмаған біздің қай-қайсысымыз да тәуелсіздіктің елең-алаңын­да Қазақстанның қандай жағдайда болғанын, отбасы­лары­мыздың қандай экономикалық және әлеуметтік күйзелісті басынан кеш­кенін біле қоймаймыз. Біз тек еліміздің қалай өркендеп, қалалар мен кәсіпорындардың, жаңа мектептер мен университеттердің қалай са­лынғанын, шетелде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізген заман­дас­тарымыздың қуанышын көріп келеміз. Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарында қазақстандықтар мұндай жетістіктер туралы армандай да алған жоқ. Бүгінгі таңдағы Қазақстан табысының – тағдырдың сыйы ғана емес, жасалған жұмыстардың нәтижесі екенін жақсы түсінемін. Өс­кен сайын жеңістердің қандай қиындықпен келетінін анық сезіне бастадым. Кездесетін қиындықтарға қарамастан, жеңіске жетуді бәріміз де Елбасынан үйренсек нұр үстіне нұр. Ол Қазақстанды дәл осындай гүлденген жағдайға жеткізді. Елбасымыз республикамыздың келешегі үшін бәрімізден де көп уайымдайды. Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу туралы шешім елге, әсіресе, жастарға көп пайдасын тигізетініне еш күмәнданбаймын.


Жанна ШАЯХМЕТОВА,
заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Атырау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішінен Қазақстанда ғана мемлекет басқарудың ана­ғұр­лым оңтайлы моделі қалыптасқанын мойындау – мен үшін қуанышты жағдай. Біздің Прези­ден­тіміз батыс моделін көшірмей-ақ және бұл ретте әдетке айналған үйреншікті кеңестік кө­шірмені қолданбай-ақ өте дұрыс шешім қабылдағанына көзім жетеді. Бұл, әсіресе, біздің құқықтық жүйемізге қатысты. Халықаралық кон­ференциялар мен жиындарға қатысқан кезімде, шетелдік әріп­тес­терден біздегі сот және құқық қорғау жүйесінің қалай ұйымдастырыл­ғаны туралы көптеген оң пікірлерді жиі естимін. Біздің бұдан ары қарай қайда жылжуымыз керек деген мәселені заңгерлер мен құқық қор­ғаушылар көптеген әртүрлі деңгейлерде бұрыннан талқылап келе­ді. Бұл жай тақырып емес екендігі түсінікті және жан-жақты әзірлеуді талап етеді. Мемлекеттік билік салалары арасындағы өкілеттіктерді қай­та бөлу бойынша жұмыс тобының құрамына енген құқық сала­сындағы қазақстандық жетекші мамандардың осыған байланысты бірың­ғай пікір әзірлеуге қол жеткізгені туралы Мемлекет басшысының аузы­нан естігеніме қуаныштымын. Мұндай жаңалық біздің сот-құқық жә­не құқық қорғау жүйелерімізге, сонымен қатар бүкіл Қазақстанға пай­да әкелетініне сенімдімін.


Ақсерік ӘЙТІМОВ,
«Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» ғылыми білім кешенінің президенті, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Бүгін тарихи күн. Елбасымыз Қазақ­стан­ның мемлекеттік басқаруының жаңа үлгісін бел­гілеп берді. Бұл күтпеген жаңалық деуге бол­майды. Мемлекет басшысының нақты жүйелі шешімдер шығару саясатына таңғала­мын. Нұрсұлтан Әбішұлы осы саланы жаңғырту керектігін, бірақ ол үшін бе­рік тірек жасау керек екендігін бұрыннан айтып келеді. Барлығы Ел­басының айтқанындай болып шықты. Қазіргі таңда, Қазақстан мем­лекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге дайын және осы жұмысты Президент бастап берді. Мемлекет бас­шысы заңнамаларға өзгертулерді енгізу үшін мемлекеттік басқаруда жә­не ел арасында күмән тудырмайтын сарапшылардың кең ауқымын тарт­ты. Бұл әр жаңашылдықтың тиімді жұмыс атқаруына және бола­шақта келеңсіз жағдайлардың алдын алудың кепілі. Пре­зиденттің елге Үн­деуін байсалды түрде түсіну керек. Әрине, осын­дай үлкен өзгеріс­тер­ді бірден қабылдау оңай болмайды. Бірақ бұл өзге­рістер Қазақ­станның қарыштап дамуына зор серпін берері сөзсіз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*