Бітім жолы – бейбітшілік

2003
0
Бөлісу:

Біріккен Ұлттар Ұйымы Астанадағы Сирия бойынша кездесуді «маңызды қадам» деп есептейді. Бұл туралы елімізге арнайы сапармен келген БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы елшісі Стаффан де Мистура хабарлады. Мәртебелі мейманды кеше Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.

Кездесу барысында тараптар Сирия­дағ­ы қақтығысты реттеу жөніндегі алдағы ке­ліссөздер мәселесін талқылады. Мем­ле­кет басшысы Астананың келіссөздер өт­кізуге дайын екенін және барлық қа­тысушылар үшін жағдай жасалғанын атап өтті.
– Мен Ресей, Түркия және Иран пре­зи­денттерінің Астанада келіссөздер өткізу жө­ніндегі ұсынысын қабыл алдым. Біз кез­десудің жемісті өткенін қалаймыз. Қа­зақ­стан кездесуге қатысатын тараптардың бә­рімен тең әрі сенімді қарым-қатынаста бол­ғандықтан, келіссөздер қалыпты өту үшін барлық жағдай жасалады деп ойлай­мын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Сирия мәселесі бүгінде Таяу Шы­ғысты ғана емес, бүкіләлемдік қауым­дастықты алаңдатып отырғанын атап өтті. Өйт­кені сол елде жүріп жатқан соғыс жаһан­дық қауіпсіздікке кері әсер етіп отыр.
– Тараптар да болып жатқан оқиға­лар­ға біз сияқты алаңдаушылықпен қарап отыр деп үміттенемін. Сарапшылардың ай­туынша, қақтығыс басталғалы 300 мың­нан астам адам қаза тапқан. Осының бә­рі бізді бұл мәселені бейбіт жолмен ғана ше­шуге үміттенуге жетелейді, – деді Мем­лекет басшысы.
Қазақстан Президенті БҰҰ-ның ар­наулы елшісіне Астанадағы кездесу Жене­ва­дағы бейбіт келіссөздерге дайындық ба­рысына елеулі ықпал ететінін айтты.
Стаффан де Мистура Нұрсұлтан Назарбаев­қа Астанада келіссөздер өт­кізу­ге мүмкіндік бергені үшін БҰҰ Бас хат­шы­сы Антониу Гуттериштің атынан алғыс біл­дірді.
– Сіздің еліңіз халықаралық аренадағы ең күрделі түйткілдерді реттеу ісінде зор тә­­жірибесін көрсетіп, үлгі болып келеді. Қа­зақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше­лі­гі Сирия қақтығысын шешудегі қосым­ша мүмкіндік болып саналады, – деді Стаф­фан де Мистура.
Мистура мырза бұған дейін Сирия хал­қының тұрақтылыққа аса мұқтаж еке­нін айтқан болатын. «Демек, Сирияда бі­тім­нің нығаюына және бейбітшіліктің ор­науына ықпал ететін болса, Астанадағы кез­десу маңызды қадам болып табылады» де­ді ол.
Ақордадағы кездесуде Елбасы БҰҰ бас­шылығының атынан келген қадірменді қо­нағымен қарулы қақтығыстан қажыған Сириядағы ахуалды одан әрі реттеу шара­лары жөнінде пікір алмасты.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*