Мадоннаның қаламақысы – 560 млн доллар, Қайрат Нұртастың табысы – 2,5 млн доллар

3114
0
Бөлісу:
Қайрат Нұртас

Қазір ақша табудың жолы көп. Біреу еңбекпен табады, екінші адамның бизнесі бар. Ал үшіншілері футбол ойнайды. Төртіншісі ән айтады. Қалай айтқанда да, кәсібің нәсібің болып тұр.

Жарнамадан жақсы ақша тауып, өмірін жақсартып жатқандар жетерлік. Ең алдымен бұл мәселе жұлдыздарға қатысты болып тұр. Әр әншінің өзіне тиісті қаламақысы бар. Біреуінікі аз, екіншісінікі көп. Бәрі де танымалдылыққа байланысты. Өнер саласын зерттеушілердің сараптамасына қарағанда, соңғы екі-үш жылдағы қаржылық дағдарыстан кейін жұлдыздардың жарнамаға түсуі азайды. Десек те,  ресейлік жұлдыздардың бағы жанып тұр қазір. Әрине, қазақстандық әншілер жарнамалайтын әлемдік бренді бар отандық тауарлар бізде аз. Сондықтан да шығар, біздің жұлдыздар көбінесе тойдан түскен табыспен баийды.

Әрине, спортшылар да жарнамаға жиі түседі. Мысалы, ресейлік жеңіл атлет Ирина Исинбаева дезодорантты жарнамалағаны үшін оған  150 мың доллар төлеген. Ал биыл Ирина Ресей телеарналарында суықтың алдын алатын дәрі-дәрмектерді жарнамалап жүр. Спортшы мен әнші неғұрлым танымал болса, оның қаламақысы да жоғары болады. Мысалы, ресейлік банктер мен ұялы телефон операторлары Сергей Светлаков, Иван Ургант, Дмитрий Нагиев, Константин Хабенскимен жиі келісімшартқа отырады. Бір ғана мысал, Ресейдің және АҚШ-тың Ұлттық хоккей лигасындағы  «Washington Capitals»  клубында ойнайтын  Александр Овечкин Ресей банктерінде жарнамаға түскені үшін жылына 500 мың доллар қаламақы алады. Жалпы ресейлік ұялы телефон қызметінің операторлары ең танымал азаматтарға аз дегенде 300 мың долларға дейін қаламақы төлейді екен.

Бірақ айта кететін бір жайт, Ресейде ең қымбат бір реттік қаламақы атақты әнші Алла Пугачеваға тиесілі көрінеді. Биылғы жылы да Ресей Примадоннасының табатын қаржысы аз болмай тұр. Алдын ала жасалған жоспар бойынша Алланың Мәскеудегі және Ресейдің барқатар аймақтары мен Бакуде көрсететін өнеріне   жоғары үстемақы төленбек. Тағы тойдан түсетін ақша бар. Демек, Пугачеваның табысы өте жоғары. Биылғы есеп бойынша Алла Пугачеваның қаламақысы – 250 мың евроның маңайында болмақ.

Ресейдегі табысты әншілердің қатарында Николай Басковтың да есімі жиі аталады. Сарапшылардың айтуына қарағанда, оның бір концертінен түсетін ақша 30 мың долларды құрайды екен. Ұзынқұлақ Дмитрий Биланның табысы да осы шамалас деп отыр.

Өзінің деңгейін білетін әнші ешқашан өзінің құнын төмендетпейді. Ресейлік БАҚ София Ротару мен Ирина Аллегрова бір рет өнер көрсеткені үшін 50 мың евро алады деген ақпарат таратты. Вера Брежнева да одан кем емес. Оның құны   – 40 мың евро,  Алексей Воробьев- 20 мың, Гарик Сукучев -80 мың, «Голос» бағдарламасының жұлдызы Александр Панайотов – 15 мың евро алады екен.

Ресейлік жұлдыздардан асып түсетін шетелдік әншілер жетерлік. Мысалы, британдық әнші Адель үлкен алаңда бір рет концерт бергені үшін 2 миллион доллар алады екен. Ал оның жылдық табысы – 80 миллион долларға жетіп отыр. Ол жарнамаға түспейді, бірақ музыкалық альбомын шығару арқылы табыс табады. Десек те, мұндай ақшаны менсінбейтіндер де бар. Дерекке жүгінер болсақ, америкалық әнші Бейонсенің әлемдік туры 250 миллион долларға пара –пар екен.

Мадонна

Мадонна

Ал Мадоннаның әлемдік соңғы гастрольдық сапарынан 170 миллион доллар табыс түскен. Мамандардың бағалауына қарағанда, Мадоннаның жарнамадан түскен қаржысы және өзінің парфюмериялық бұйымдардан түскен табысы жылдан жылға артып, қазіргі таңда шамамен 560 миллион долларды құрайды екен.

Ал ресейлік Дмитрий Нагиев жарнама, сериал мен кино, телевидение мен жүргізушіліктен жылына 3 миллион доллар табыс тауып жүр. Ал Ресей телеарнасында жұлдыз болып жүрген Иван Урганттың жылдық табысы әртүрлі келісімшарт пен жарнаманы және «Бірінші телеарнадағы» жалақысын қосқанда 2,2 миллион долларды құрайды екен. Есімі елге белгілі Ксения Собчак журналдан, телеарна мен өзінің ресторандық кәсібінен, сонымен қатар корпоративтік кешті жүргізуден жылына миллион доллар шамасында қаржы табады. «Дом-2» арқылы есімі елге танылған  Ольга Бузова «2015 жылы 800 мың доллар тапса, 2016 жылы оның дәулеті миллион долларға жақындады» дейді дереккөз.

Әрине ресейлік әншілер мен актерлерге қарағанда, шетелдіктердің қаламақысы жоғары. Мысалы, Түркиядағы танымал және табысты актерлердің бірі  Халит Эргенч  «Ғажайып ғасыр» киносының бір сериалына түскені үшін 30 мың доллар қаламақы алған.

Ал спорт саласына келсек, ресейлік спортшылардың орташа айлық жалақысы 800 мың мен 1 миллион рубль аралығында. Мысалы, «Локомотивтің» шабуылшысы Александр Самедовтың табысы   – 176 млн рубль, Игорь Акинфеев («ЦСКА») – 161 млн руб, Дмитрий Тарасов («Локомотив») – 169 млн руб, Игорь Смольников («Зенит») – 141 млн рубльді құрайды.

Криштиану Роналду

Криштиану Роналду

Мадридтің Real клубының және Португалияның ойыншысы  Криштиану Роналду 2015 жылы 79,6 млн миллион доллар табыс тапқан. Роналду сонымен, қатар, әртүрлі жарнамалық келісімшарттардан жылына тағы да 40 миллион доллардай қаржы табады. Кезінде «Зенитте» ойнап, кейін Қытайдың  «Шанхай СИПГ»  командасына ауысқан  Халктың да жылдық дәулеті 21,5 млн доллар шамасында болып отыр.

Ал бұл орайда қазақстандық әншілердің жылдық табысы қанша? Бұл ашық жариялы дерек емес.  Сонда да 2015  жылдың ең қалталы әншілері кімдер?  Олардың тізімін «Форбс» журналы мен «Муззон» телеарнасы бірігіп жариялады (дереккөз 31 канал).

Тізімнің көшбасында Қайрат Нұртас тұр. Еңбекқор әрі елдің сүйікті әншісі Қайрат Нұртас бірнеше жыл бойы ең табысты әншілердің қатарынан түспей келеді. Оның 2015 жылғы табысы 2,5 млн долларды құраған. Әншіге табысының жартысы гастрольдік сапар мен Халық әртісі Мақпал Жүнісовамен өткізген кешінен түскен. Оған қоса киім-кешек сататын дүкені де пайда әкелген.

Салық департаменті мамандарының пікірінше, бүгінгі таңда Алматы қаласында 160-тан астам өнер иесі бар. Олардың тек 41-і салық төлейді. Қалталылар тізіміндегі жұлдыздардың басым бөлігінің жеке кәсіпкерлікті куәландыратын құжаттары бар болып шықты.

«41 салық төлеушінің  2014  жылдағы  жалпы табысы 237 млн теңгені құраған. Ал 2015 жылдың  жарты жылдығында 99 млн теңгені құрады», – дейді Алматы қаласы бойынша мемелекеттік кірістер департаментінің  қызметкері Еділ Серікұлы.

«Кешью» мен «Лашын» тобына продюсерлік ететін Баян Есентаева қалталы өнер иелерінің екінші сатысына жайғасқан. Оның жылдық кірісі – 1 млн доллар.

Продюсер тек бір ғана «Кешью» тобынан жылына 500 мың доллар  табыс табады екен. Өткен жылы телехикая түсіріп қаржысын еселеген.

Бүркіт пен Аиша да дәл осындай қаржыны қалталарына басты. Екі бірдей бейнебаян түсіріп, «Хайат» атты топтың продюсері атанды.

Қой жылы әнші Асхат Тарғыновтың жолы болды. Бір ғана әні «Мария Магдаленасы» әншіге 960 мың долларды қалтасына басуға септігін тигізді. Әнін көбінесе телефон пайдаланушылар қолданған. Кірісінің жартысын осы қызметтен тапса, қалған бөлігін той-томалақтан түсірген.

Айқын Төлепбергенов осы жылы көп жұмыс жасап, елімізде ғана емес, Қытайдың өзінде он екі концерт беріп қайтқан. Рейтинг бойынша әншінің жылдық кірісі – 600 мың АҚШ долларын құрайды.Жылына қомақты қаржы тауып жүрген әнші мемлекетке тиісті салығын уақытында төлеп тұрады екен.

Ал жас әнші Серік Ибрагимовтың шоу-бизнестен тапқаны бір жылда  – 300 мың доллар.Дегенмен, әнші бұл қаржыны жалғыз өзі таппаған. Продюсері мен көмекшісінің де еңбегі барын айтады. Ал «кірісінің басым бөлігін қайдан табады?» деген сұраққа әнші: «Қазағымызда той бітпесін, тойдан, жақсылықтан» деп жауап берді.

Мақпал Исабекова мен Әли Оқаповтың  та жылдық табысы –  300 мың доллар. Мақпал бар табысын актерлік қызметінен тапқан. Актриса ретінде «Қамау»  фильмінде басты рөлде ойнаған әнші кейін телехикаяға түсіп, бірнеше киноларды дыбыстаған.

Міне енді салыстырып көріңіз. Біздің әншілер қанша табады, шетелдіктер ше? Көрші ел Ресеймен салыстырғанда, біздің жұлдыздардың дәулеті түк емес болып көрінер. Бірақ, барлығы да – халықтың ақшасы. Табыс тойдан түседі. Сондықтан бір-екі ән жазып, оны «хит»  етіп  жүргендер халықтың арқасында байлығы тасып жүргенін ұмытпауы керек.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз