Ауылдың өз бюджеті болады

2651
0
Бөлісу:

Қазақстанда ауыл әкімі де өзінің төл бюджетіне қол жеткізбек. Елбасы Ұлт жоспарының 98-қадамында «селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» міндетін қойған болатын. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары осы қадамды заңнамалық қамтамасыз ететін жобаны құптады. Осылайша, ауыл халқының жергілікті бюджетті талқылауға қатысуының тетіктері іске қосылуда.

Бұл палатаның жаңа жылдағы алғашқы отырысы болатын. Оны ашқан спикер Н.Нығматулин Мәжіліс жұмы­сының жаңа жылдағы басым бағытта­рына тоқталды. Ол депутаттар алдында Елбасы жүктеген жауапты міндеттер тұрғанын және оларды сапалы заңдар­мен қамтамасыз ету жолында атқа­рылатын жұмыстардың көп екенін ескертті.
– Біз аймақтарда болып, сайлау­шылармен кездестік. Жұртшылықпен жүздесулерде айтылған ұсыныс-пікір­лерге, барлық мәселелерге алдағы заң шығару жұмысымызда ерекше көңіл бөлетін боламыз. Осы сессия аяқ­талғанға дейін Мемлекет басшы­сының стратегиялық бағытын жүзеге асыруға қажетті көптеген маңызды заң қабыл­дауымыз керек. Атап айтқанда, оның бірі – бүгінгі отырысқа бірінші оқылымға шығарылған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесіне қатысты заң жобасы. Сонымен бірге, жақын уақытта денсаулық сақтау және әлеуметтік еңбек салаларына қатысты заң жобасы қаралады, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Мұның сыртында депутаттық корпус алдында жол қозғалысына, ақпарат және коммуникацияға, коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысты жаңа заң жобалары, сондай-ақ жер қойнауы, салық кодекстері секілді салмақты құжаттар бойынша тыңғы­лықты жұмыс істеу міндеті тұр. Оларды талқылауға азаматтық қоғам өкілдері тартылып, бұл жұмыс ақпарат құралдары үшін ашық жүретіні мәлімделді.
Жазғы каникулға дейін Мәжіліс қабырғасында «Үкімет сағаты» аясында Үкіметтегі 15 министрдің 11-і парла­ментарийлерге ішкі және сыртқы саясаттың, елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің проблемалары бо­йынша есеп береді. Сондай-ақ халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға және отандық фармацевтиканы дамытуға арналған «парламенттік тыңдау» өткізілмек.
«Мәжіліс қызметінің негізгі бағыт­тары, бұрынғыдай, заң шығару сапасын арттыру және барлық меморгандардың заңдарды орындауына бақылауды күшейту болмақ!» деп түйді Мәжіліс төрағасы.
Қалаулылар отырыста «Кейбір заң­намалық актілерге жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Заңды әзірлеуші орган басшысы – Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттардың қазақша қойылған барлық сұрақтарына «Рұқсат болса, орыс тілінде жауап берейін» деумен болды. Рас, кейін журналистер алдына шыққан министр қазақ тілін үйренуге уәде етті: «Мәскеуде бес жыл болғанда ана тілімді ұмыта бастаппын. Бірақ алты ай ішінде қайтадан үйреніп аламын» деп сөз берді Тимур Мұратұлы.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұрады және ең төменгі саты – аудандық бюджет. «Ал аудандық маңызы бар қала­лардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің төл, дербес бюд­жеті жоқ. Бұл дегеніміз шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлік» – деді ол.
Енді осынша елді мекеннің өз бюджеті пайда болады. Рас, бәрінде бірдей емес, біртіндеп.

«Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті алдымен 2018 жылдан бастап тұрғын­дарының саны 2000 адамнан асатын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде жаппай ендіріледі» деді Т.Сүлейменов. Оған дейін ауыл мен кенттерді қаржыландыру қазір­гідей «аудандық бюджет құра­мындағы 19 бюджеттік бағдарлама аясында» жүзеге асырыла тұрады. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне «жергілікті өзін-өзі басқару органының бақылау есепшотын» ашып, сонда кіндігі «алтын бесік ауылдан» ажырамаған абзал, жомарт қазақстан­дықтардың қайы­рымдылық қаражат­тарын жинауға рұқсат етілген.
Ұлттық экономика министрі аталған 19 бағдарламаға өткен жылы бюджеттен 102 миллиард теңгеден астам қаржы арна тартқанын, ал бақылау есепшот­тарына 11 миллиард теңге түскенін ха­барлады. Әйткенмен, осы 11 миллиард­тан жыл соңында 3,6 миллиард қалдық қалыпты, яғни, ауыл-кент әкімдері ол қаражатты елді мекеннің қаптаған мәселелерін шешуге жұмсамаған. Қалаулыларды осы толғандырады.
Оның үстіне осы заңмен енді ауыл-кент және аудандық қалалардың төл коммуналдық меншігі қалыптасатын болды. Демек, әкімдерден қаржы мен мүлікке құнтты қожайынға айналып, жергілікті жұртшылық игілігіне жарата білу қажет етіледі.
Осы орайда министр Т.Сүлейменов «кадрларды алдағы өзгерістерге жан-жақты дайындау жүзеге асырылатынына» сендірді. Оның айтуынша, төменгі деңгейдегі әкімдерді «қаражатты жос­парлау және жұмсау, салық жинау, мемле­кеттік сатып алуды жүзеге асыру мәсе­лелері бойынша арнайы оқыту курстары» әр өңірлерде жүргізілмек. Сондай-ақ бюджетті жоспарлау, атқару және ком­муналдық мүлікті басқару мәселелері бойынша ауыл әкімдері аппараттарының мамандарын дайындау мақсатында ақпараттық-насихаттау топтары түзіліпті. Министр «5 мың сауалға жауап» секілді арнайы анықтамалық кітапша-брошю­ралар әзірленетінін қосты.
Алайда Нұрлан Нығматулин бұл шаралардың аздық ететінін нықтады. Өйткені мәселен, облыс, ірі қала басшылары өз әкімдіктеріндегі қаптаған басқарма-құрылымдарға арқа сүйейді, ал ауыл әкімі сол істердің барлығын бір өзі атқара алатындай сауатты, білікті болуға тиіс. Әйтпесе, заңгерді ауылда күндіз шам алып іздесесең де, таппайсың! Сондықтан спикер ол әкімдерді әп дегеннен қате басып, қылмысқа ұрынудан қорғау қажеттігін ескертті.
– 2,5 мыңдай әкім 110 миллиард теңгеден астам қаржыға, оның сыртында төл коммуналдық меншігін басқару функцияларына ие болады. Бұған дейін осынша қаражатты, мүлікті ешқашан өз бетінше басқарып көрмеген ауыл не кент әкімін ешқандай да брошюра, тренинг не ақпараттық топ бұл сынға даярлай алмайды. Тіпті оған кітап сыйласаңыз да, нәтижесі сондай болады, – деді спикер.
Оның байламынша, егер әкімдер осы заң күшіне енгенше, ақша ағындарын, коммуналдық меншігін ұтымды басқаруға үйреніп үлгермесе, ауылға берілген бұл дүние-мүлік тиімсіз шығындалып кетуі ғажап емес. Одан да сорақысы болады: «Жағдай одан да нашар болса, ауыл-кенттердің даярланбаған әкімдері кор­руп­циямен күресуші қызметтің ықтимал «клиентіне» айналып шыға келуі әбден мүмкін. Бізге былыққа батқандар емес, білікті басшылар керек» деді төраға.
Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер өз бюджеттерін «мектепке дейінгі тәрбиеге және оқытуға, абаттандыру және көгалдандыруға, автомобиль жолдарын салу және жөн­деуге, елді мекенді сумен жабдық­тауға» жұмсай алады.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда әзірге ауыл мәслихаты болмағандықтан, ауыл-кент бюджетін аудандық мәслихат депутаттары өз сессияларында бекітетін болады. Ал одан бұрын бюджет жобасы сол ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала тұрғындарының жиынында мақұлдануы қажет.
Депутаттар осыған құп деді. Бірақ заң жобасының кейбір тұстары пысықтауды қажет ететіндіктен, құжат алда Мәжілісте екінші оқылымда қаралатын болды.
Осы күнгі жалпы отырыстарында қалаулылар Үкіметтегі жауапты тұлға­лар­ға қайырылып, депутаттық сауал­дарын жолдады. Мысалға, «Нұр Отан­» фракция­сының депутаты Н.Дулатбеков Үкімет басшысына депсауалмен жүгініп, жертөледегі бу қазандығы жарылысынан бір үйдің бір жағы тұтас құлап қалған Шахан кентіндегі қайғылы оқиға қайталанбауы үшін тұрғын үй құрылысы саласында шаралар қабыл­дауды сұрады. «Нұротандық» жас депутат Г.Шиповских вице-премьерИ.Тасмағамбетовке қайы­рылып, жетім және ата-ана қамқорлы­ғынан айырыл­ған жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал жасауын сұрады.
Көшбасшы партияның Мәжілістегі депутаты Б.Мамраев «жыл сайын балық аулау лимиті көктемгі балық аулау мау­сымы қарсаңында, яғни кеш белгіле­нетініне» Үкімет жетекшісінің назарын аударды. Депутат С.Звольский де Үкімет жетекшісіне депсауал жолдап, Салық кодексіндегі кейбір түйткілді тұстарды атады.
Министр Т.Дүйсеноваға қайырылған «Нұр Отан» фракциясының депутаты З.Аманжолова «экстемпоралдық препа­раттарды сатып алуға деген аурух­ана­лардың қажеттілігіне мониторинг жүргізуді», ал А.Платонов Қазақстанда «муковисцидоз» дертімен тіркелген 87 сырқат адамды емдеу үшін қосымша қаржы қарастыруды өтінді. Медицина тақырыбын қаузаған депутат А.Құрма­нова Семейдегі Ядролық медицина орталығын салу және іске қосудағы түйінді проблемаларды Премьердің қаперіне салды.
«Нұротандық» депутат А.Смағұлов Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының Нұра ауылы жанына құлаған зымыран қалдықтарының ұзақ жатуы, тазалау жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі жергілікті тұрғындарды қатты алаң­датып отырғанын Үкімет басшысына жеткізді.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*