Астана процесі: Сирия мәселесін шешу мүмкін бе?

2343
0
Бөлісу:

23 қаңтарда Астанада өтетін Сирия мәселесін реттеу жөніндегі кездесуге дайындық қызу жүріп жатыр. «Астана процесі» деп аталған келіссөздерге Сирияның ресми билік өкілдері мен зайырлы оппозиция өкілдері қатыспақ ниетте. Халықаралық ұйымдарға келсек, БҰҰ делегациясын Бас хатшының арнайы өкілі Рамзи Иззеддин Рамзи басқарып келеді деген ақпарат бар. Ал қарулы оппозициядан шыққан Ахрар аш-Шам тобы Сирия келіссөздеріне қатысудан бас тартқанын растады. Шетелдік БАҚ-қа сенсек, келіссөздерге қатысатын басқа қарулы топтар гуманитарлық көмек, соғысты тоқтату және тұтқындарды босату мәселелерін талқыламақ. Астана процесінен әлем елдері мен қазақстандық сарапшылар не күтіп отыр?
Бұл жайлы отандық саясаттанушылар «Айқын» газетіне пікір берген еді.


Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Бүгінде Сириядағы жағдай – халықаралық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Оның кері әсері тек сириялықтарға ғана емес, Таяу Шығыстан бастап күллі әлем елдеріне тиіп отыр. Әлем елдері теріс факторлар арқылы, атап айтсақ, экстремизм мен терроризмнің таралуы, заңсыз миграцияның көбеюі арқылы бұл мәселенің өзектілігін сезінуде. Сирияда Қазақстан азаматтарының да террорлық ұйымдардың қатарында соғысып жүргені белгілі. Сондықтан тек Қазақстан ғана емес, басқа да дүниежүзі елдері бұл жағдайды шайқатуға емес, бейбіт шешуге мүдделі. Бұл – өте маңызды тақырып. Сол себептен Астанада өтетін кездесудің салмағы мен маңызы да жоғары. Бірақ бұл кездесу қаншалықты Сириядағы жағдайды бейбіт түрде шешіп, азаматтық соғысты тоқтатуға әсер етеді?
Меніңше, бұл жерде үміттен гөрі күдік әлдеқайда басым. Себебі, 5 жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық соғысты тоқтатуға байланысты көптеген әрекет бұған дейін де болды. Мәскеуде, Еуропаның басқа да қалалары мен Таяу Шығыстың өз ішінде талай кездесулер ұйымдастырылды. Өкінішке қарай, олардың біреуі де мардымды шешімге апармады. Себебі, бұл түйткілге қатысушы тараптардың ұстанымы әрқалай. Сирияның өз ішінде де, сириялық мәселеге еніп отырған басқа мемлекеттердің арасында да ауызбіршілік мүлде жоқ. Керісінше, қарама-қайшылық басым. Олар бір-бірін мүлдем жоққа шығарады. Бұл ортақ мәмілеге жете алмаудың бір себебі.
Екінші себебі – мұндай келіссөздерге негізінен, қатысатын тарап – ресми билік Башар Асадтың өкілдері мен бірен-саран зайырлы оппозиция деп аталатын топтардың мүшелері. Зайырлы оппозицияның басым бөлігі – күрд халқының өкілдері. Негізінен, қарсы жақта радикалды оппозицияның өкілдері басым. Бұл келіссөздерге Ислам мемлекеті, Жебхат-ан-Нусра, Ахрар аш-Шам сияқты бірде-бір қарулы ұйым қатыспайды. Қарсыласушы екі тараптың бірі мұндай жиындарға қатыспаса, бұдан қандай шешім күтуге болады? Тіпті, түптеп келгенде, олардың мұндай жиындарға қатысуының өзі іс жүзінде де мүмкін емес сияқты. Себебі, аталған ұйымдардың барлығы Қазақстанда да, Ресейде де, жалпы бүкіл әлем елдерінде террорлық қозғалыстар деп мойындалған. Олардың келіп, қатысуы да мүмкін емес. Сондықтан Астанада келіссөздер өтер, бірақ оған үлкен үміт артудың қажеті жоқ. Әрине, бәрін уақыт көрсетер. Бірақ бұған дейінгі тәжірибені көрсететін болсақ, соғысты тоқтататындай мықты уағдаластық болуы неғайбіл.


Дәурен БАБАМҰРАТОВ, саясаттанушы:
– Өткенде әлеу­меттік желілерде саясат­танушы Ерлан Қарин «Бұл жерде жаһандық өзгерістер бола қоймас» деп жақсы сараптама жазған еді. Мен де бұл пікірге қосыламын. Астанадағы кездесуден кейін Сириядағы соғыс тоқтатылады дегенге сенбейміз. Бірақ бұл Қазақстанның өзіне қажет дүние. Себебі, Астана процесінен кейін сыртқы саясаттағы қазақ мемлекетінің позициясы күшейеді. Аймақтық держава ретінде беделі өседі. Бірінші жағынан, әлемдегі саяси шиеленістерді шешу алаңы ретінде Астананың рөлі артады. Екінші жағынан, бұған дейін Сирия мәселесін шешу жөніндегі келіссөздер Швейцарияда өткен еді. Бірақ оның нәтижесі болған жоқ. Оның үстіне, бүгінде Сириядағы соғыс бірқалыпқа түсті. Соңғы жартыжылдықта ондағы соғыста көп нәрсе өзгерді. Сирияның заңды үкіметі жаңа аймақтарды қосып алды. Дәл осы нәтижелерді бекіту мәселесі туындап отыр. Қазір ықпал ету аймақтарын бөлісу процесі жүріп жатыр. Сирияның жаңа билігі жаңа аймақтарын заңдастыруы керек.
Жалпы, Сирия оппозициясы деген түсінік біртұтас, біркелкі емес. Қазіргі таңда ондаған саяси күштер өзін сириялық оппозиция деп атайды. Оның ішінде АҚШ-тың, Еуроодақтың, т.б. қолшоқпары болып қана оппозиция атанып жүргендер де бар. Сол сияқты шынайы оппозиция боп жүргендер де бар. Олардың аражігін ажырату мүмкін емес. Бірақ негізгі жағдай түсініксіз әрі белгісіз. Бұл тұрғыдан, Астанаға бармаймыз деп жатқан күштер, негізінен, бейбітшілікті ойлап отырғандардың қатарынан емес. Олардың саяси ықпалы төмен, әлдекімдердің қолшоқпары боп жүрген, аты бар да, заты жоқ оппозицияның өкілдері. Бейбітшілікті қалайтындар қандай да болса келіссөздерге баруға дайын екендіктерін әлдеқашан аңғартқан. Шынайы оппозиция «соғысты тоқтатуға азды-көпті үлесімізді қоссақ та, Астанаға барып, қандай да бір келіссөздер жүргізуге қашанда дайынбыз» деп мәлімдеп жүрген еді.

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*