Алматы додаға сақадай сай

2460
0
Бөлісу:

Қазақстан Алатау бөктеріндегі әсем шаһарында жаһандық қысқы Универсиаданы өткізуге сақадай сай отыр. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында жария етілді. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, егер республикамыз студент жастар арасындағы осы әлемдік спорт сайысын жоғары деңгейде ұйымдастыра алса, бұл «Қазақстандағы қысқы Олимпиада» бағытындағы маңызды тарихи қадамға айналмақ. Яғни, алдағы аптаның жексенбісінде баршамыз нағыз тарихи оқиғаға куә болғалы тұрмыз.
29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өте­тін Алматыдағы Универсиада әлем тари­хындағы ерекшесі болмақ: ол қатысу­шыларының саны жөнінен рекорд жа­сайды. Алдағы жарыстарға дүние­жүзіндегі 60 мемлекеттен 2200-ден астам спортшы қатысады деп мәлімделді. Рас, әзірше 57 ел тіркеуден өткен. Бірақ мұның өзі рекорд үшін жеткілікті: бұған дейінгі студенттердің қысқы ойындарына 54 елден артық қатысып көрмепті. «Универсиада – 2017»-де 12 спорт түрі бойынша 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы «дәл қазір өз ве­домствосы үшін Қазақстанның студенттік құрама командасын даярлаудың ақырғы кезеңін сапалы ұйымдастырудан артық маңызды мәселе жоқтығын» мәлімдеді. Жалпы алғанда, 28-Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға ұлттық құрама коман­дамыздан жарыстар бағдарламасына енген спорттың барлық түрлері бойынша 168 спортшы қатысады. Оларға 65 жаттық­тырушы, Республикалық спорт меди­цинасы мен оңалту орталығының 12 ма­маны, сондай-ақ қысқы спорт түрлері бойынша республикалық федерация­лардың мамандары қызмет көрсетеді.
Министр Қазақстанның бұған дейін 12 универсиадаға қатысқанын, оларда 44 медальге, атап айтқанда, 18 алтын, 13 күміс, 13 қола жүлдеге ие болғанын жет­кізді. Ең жоғарғы нәтижеге еліміз 2015 жылы Словакия-Испания Универ­сиа­дасында қол жеткізген және жалпы жиын­тығы 11 медальмен ұлттық коман­дамыз үшінші орынға көтеріліпті.
Арыстанбек Мұхамедиұлының ай­туынша, бұл жолы да құрама алдына жал­пыкомандалық есепте «үштікке» кіру міндеті қойылыпты. Бұған мүмкіндік бар көрінеді. Біріншіден, жаһандық сайыс өз жерімізде өтеді, яғни, жаңа климатқа бой үйрету қажет емес. Екіншіден, бұрынғы жылдармен салыстырғанда командамыз коньки тебу спорты, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау бойынша деңгейі жоғары спортшылармен күшейген. Бірақ көшбастайтын үш лидердің біріне айналу оңайға түспейтін түрі бар. Ресей, Қытай және Жапония өте күшті әрі ауқымды құрамалар әкеле жатқан көрінеді.
«Үкімет шешімімен белгіленген қысқы және жазғы Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне тағайындалған бір жолғы төлем спортшылардың табысты өнер көрсетуіне жақсы қозғам-стимул бола алады. Атап айтқанда, «алтын» алған спортшыларға 4 миллион 900 мың теңге (15 000 доллар), күміс жүлде иегерлеріне 3 млн 300 мың теңге (10 000 доллар), ал қола жүлде иеленгендерге 1 миллион 600 мың теңге (5000 доллар) сыйақы төленеді. Олардың жаттықтырушылары да осыған ұқсас сомада сыйақы алады» деді Арыс­танбек Мұхамедиұлы.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек спорт, көлік және қоғамдық нысандар, сонымен қатар қала қызметтері «Универсиада – 2017»-ні өткізуге толығымен дайын екенін жариялады. Мысалға, әлемдік спорт жа­рысы қатысушыларына 519 көлік түрі қызмет көрсетеді.

DCIM100MEDIADJI_0080.JPG

Әкімнің мәліметінше, атлетикалық ауыл 20 қаңтарға қарай 100% дайын болады. Қатысушылардың алғашқы келуі 23 қаңтарға белгіленген – бұл Қазақстан мен Канада командалары. Ең көп келу­шілер 26 қаңтарда болады, сол күні 24 елден 700-ден астам атлет қазақ жеріне аяқ басады. 25-29 қаңтар аралығында атле­тикалық ауылда келуші командалар үшін «қарсы алу салтанатты рәсімдері» өтеді. Атлетикалық ауыл мэрі болып Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев тағайындалды.
Универсиада қарсаңында әуежай мен Алматы вокзалдарының қызметі мен безендірілуі айтарлықтай жақсартылған. Бірнеше рет осы нысандарда қызмет көр­сету сапасын арттыру, ішкі интерьер, лаң­кестікке қарсы және санитарлық қауіп­сіздік тұрғысынан тексерістер жүргізілген.
– Барлық проблемалық мәселелер шешілді, – деді Б.Байбек. – Қала қыз­мет­терінің дайындығы туралы айтар болсақ, қалалық жедел штаб құрылған. Ол тәулік бойы қызмет көрсетеді, Универсиада ту­ралы барлық ақпаратты алуға болатын Call-орталық қызмет көрсетуде.
Қалабасының ақпарынша, әлемнен 2200-дей спортшыға мың шақты қызмет көрсетуші адамдар ілесе келеді. Мұның сыртында, өзге өңірлерден және алыс-жақын шетелдерден тамашалауға асыққан туристер ағылады деп күтілуде. Осы мақсатта Қазақстан 35 елге визасыз режим жариялаған болатын. Нәтижесінде, Алматы басшылығы Универсиада арқа­сында қалаға 2 миллиард теңгеден артық қаржы құйылады деп алақанын ысқылап отыр.

– Универсиада өтетін күндері әрбір шетелдік турист Алматыда орташа есеп­пен бес тәулік қонақ болады. Global Des­tination Cities Index бағалауынша, ше­т­ел­дік туристер Алматыда күн сайын 245 дол­лар жұмсайды. Ендеше, күтіліп отыр­ған 5 мың шетелдік қонақ қала бюджетіне, жер­гілікті шағын және орта бизнеске 2 мил­лиард теңгеден артық кіріс түсіре-
ді, – деді Бауыржан Байбек. Оның ай­туын­ша, Универсиадаға қатысушы елдер өз командаларын атлетикалық ауылда ор­наластыруға 1 миллион евро көлемінде тө­лем жасайды. Мұның сыртында, Уни­вер­сиада дирекциясы ұсынымына ие бол­ған 8 қонақүйде толығымен Халық­ара­лық студенттік спорт ұйымының (FISU) және болашақ универсиадалар ұйым­дастыру комитеттерінің спорттық деле­гациялары орналасады.
Сөз соңында Б.Байбек қаланың бар­лық қызметтері Универсиаданы өткізуге жұ­мылдырылғанын мәлім етті. Олардың «тиім­ді өзара ынтымақтастығы қамта­ма­сыз етіліпті». Универсиаданың ашылу жә­не жабылу салтанаттары өтетін күндері (29 қаңтар және 8 ақпан) Алматыдағы то­ғыз ірі базар жабылады. Сондай-ақ оқу­шылардың барлығына қосымша каникул беруге шешім қабылданған. Бұл шаралар «көшелердің жүктемесін 30 пайызға азай­туға тиіс». Мұның сыртында Алматы об­лысы әкімдігімен бірге, қала басшылығы «тех­никалық, санитарлық және эколо­гия­лық нормаларға жауап бермейтін кө­ліктердің бұл күндері Алматыға кіруіне шек­теу қою шараларын қабылдап жат­қан» көрінеді.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қал­мұхан­бет Қасымов Бүкіләлемдік сту­денттер сайысын өткізу қауіпсіздігі жо­ғары деңгейде қамтамасыз етілгеніне сен­дірді. Бұл іске 7,5 мыңнан астам құқық қор­ғау органдарының қызметкерлері мен әс­кери қызметкерлер, оның ішінде 150 ки­нолог пен жарылғыш заттар бойынша ма­мандар тартылған. Төтенше жағдайлар­ға жол бермеу мақсатында өрт қауіпсіздігі қызметінің 600 қызметкері, 63 техника, 4 ұшақ тәулік бойы қызмет ететін болады. Студенттер Ойындарының барлық ны­сан­да тексеру жабдықтары жүйелері орнатылып, тестілеуден өткізілді. Жұмыс­қа 96 аркалық және 27 рентгендік-телеви­зия­лық қондырғы, 2000 бейнека-
мера әзір­ленді, оның ішінде 182-сі –
Шұғыл бас­қару орталығына шығарылады.
Ал Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қабылдаушы ел – Қазақстан болғандықтан, «Универсиада – 2017»-нің ашылу және жабылу рәсім­де­рін және жарыстарын трансляциялау құқы­ғы қазақстандық арналарға тегін бе­рі­летінін мәлімдеді. Жарыстардан ре­пор­­таждарды KazSport, «Хабар» және «Қ­азақстан» телеарналары жүргізбек. Тұ­тастай алғанда, Алматыдағы Универ­сиа­да 1 миллиард телекөрермені бар 80 ел­ге таратылады деп жоспарлануда.
Үкімет отырысын қорытқан Премьер Ба­қытжан Сағынтаев Универсиаданы жо­ғары ұйымдастырушылық деңгейде өт­кізуді нықтады және жауапты мем­ле­кет­тік органдарға бірқатар тапсырмалар бер­ді. Алматы әкімдігіне Инвестициялар жә­не даму министрлігімен және басқа да ме­моргандармен бірлесе отырып, қауіп­сіздік талаптары мен стандарттарына сәй­кес Универсиаданың жаңа нысан­да­рының жұмысы мен көлік логистикасы­ның барлық мәселелерін тағы да егжейлі-тегжейлі пысықтау тапсырылды.
Ішкі істер министрлігіне адамдар көп жиналатын нысандарда, қонақүйлерде, сон­дай-ақ басқа да қоғамдық орындар мен қала көліктерінде өрт қауіпсіздігі жағ­дайына бақылауды күшейту жүктелді. Ақ­парат және коммуникациялар ми­нистр­лігіне ақпараттық-имидждік жұ­мыс­тарға ерекше назар аудару бойынша тап­сырма берілді. Бұл жарыстар мен жаңа­лықтар блоктарын трансляциялауға да, журналистердің жұмысын қамтамасыз етуге де қатысты.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Универсиада кезінде ме­дициналық қызмет көрсетуді тұрақты ба­қылауда ұстауға міндеттенді. «Басқа бар­лық министрліктер мен ведомс­т­во­лар­дың басшыларынан атсалысып, қажетті кө­мекті көрсетулерін сұраймын» деп түй­ді Б.Сағынтаев.
Бұл спорт жекпе-жектерінде көк бай­ра­ғымыз талай рет асқақтай көтеріліп, ме­рейіміз тасиды деген ойдамыз. Жұрт­шы­лық әсіресе, мәнерлеп сырғанаушы Де­нис Теннен, фристайлшылар Юлия Га­лы­шева, Павел Колмаков, Жанбота Ал­дабергеновалардан, конькишілер Ро­ман Креч, Станислав Палкиннен, шорт-трек­шілер Айдар Бекжанов, Абзал Әжіға­лиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Ни­ки­шадан және басқаларынан үлкен үміт күтеді.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*