Дональд Трамптың ең қызық мәлімдемелері

1857
0
Бөлісу:

Дональд Трамп – Американың жаңадан сайланған президенті. Ол өз елінде тек миллиардер ретінде ғана емес, сондай-ақ, телевизия мен шоу-бизнес саласына қатысты тұлға, ірі кәсіпкер әрі жазушы ретінде де танымал. Оның «Миллиардер сияқты ойлан» атты кітабы тез байып, мансап қуудың жаңа жолдарын көрсетеді. Шетелдік сарапшылар Дональд Трамптың афоризмдерін АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буштың күлкілі мәлімдемелерімен салыстырады. Естеріңізде болса, Буштың президенттік тұсында айтқан сөздерін мамандар «бушизмдер» деп атап кеткен еді. Ал Дональд Трамптың мәлімдемелерін қалай атауға болады? Оның Твиттер әлеуметтік желісі мен әр кезеңде шыққан кітаптарындағы афоризмдерінің ең үздік топтамасы төмендегідей:

  1. Карьера жасаудың түрлі жолдары бар, бірақ оның ең дұрысы – қажетті отбасында дүниеге келу.
  2. Бұл дүниеде мен әйелдерді ұнатқандай еш нәрсені де ұнатпаймын, бірақ олар жұрт суреттегендей емес. Олар еркектерден әлдеқайда нашар, әлдеқайда ашулы.
  3. Мен Мәскеуде 2 жыл бұрын болдым. Менің сіздерге айтарым, бұл адамдармен келісуге болады екен. Бұл жақсы нәрсе. Олармен келісімшарттар жасауға болады. Ал Обама олай жасай алмайды.
  4. Сіздер біздің шекарамызға қараңыздаршы, шекарамыз швейцар ірімшігінен «аумайды». Біздің елімізге кім көрінген осылайша ене береді.
  5. Адамның табиғаты сондай, табысқа қол жеткізген адам оның маңайындағылардың қызғанышы мен көреалмаушылығын туғызады. Бір адамдар бар, мен оларды жолы болмағандар деп атаймын, дәл солар табысқа қол жеткізгендерге қолайсыздықтар туғызу арқылы ләззат алады.
  6. БҰҰ-ның потенциалы зор, бірақ ол бәріміздің басымызды қосып, әңгімелесіп, жақсы уақыт өткізетін жерге айналып кетті. Бұл өте өкінішті.
  7. Мексика бізге адамдарын жібергенде, ең жақсыларын жібермейді. Олар бізге сіздерді емес, қара басында проблемасы көп адамдарды жібереді. Ал олар бұл проблемаларын бізге әкеледі. Олар есірткі әкеледі. Зорлық-зомбылық жасаушыларды әкеледі. Меніңше, олардың кейбірі ғана жақсы адамдар.
  8. Америка бұдан былай тек қана ең жақсысын ғана қалайды. Біз мемлекетімізге оның сескенбей әрі қорықпай армандайтын қабілетін қайтаруымыз керек. Біз соны жасауымыз керек. Біз өз еліміз жайлы, жақсы заттар мен табыс жайлы армандайтын боламыз.
  9. Ешқашан да еңбек демалысына шықпаңыздар. Ол сізге не үшін керек? Егерде сіз жұмысыңыздан ләззат алмасаңыз, сіз өзіңізге қажетті қызметте отырмағансыз. Ал мен гольф ойнап жатқанның өзінде бизнес жасауды жалғастыра беремін.
  10.  Ойынқұмар дегеніміз – азаннан кешке дейін ойын автоматтарында отыратын адам. Ал мен бұларды иелік еткенді ұнатамын.
  11. Біз өркениетті боп көрінеміз. Бірақ дүние қатал, ал адамдардың аяушылық сезімі жоқ. Олар сізге жымиып тұруы мүмкін, бірақ оның артында сізді өлтіргісі келетін қара ниет болуы мүмкін. Джунглидегі жабайы аңдар азық үшін өлтіреді, ал адамдар қызық үшін өлтіреді. Тіпті, достарыңыз да сіздің арқаңызға пышақ тығуға дайын тұрады: оларға сіздің жұмысыңыз, үйіңіз, қаржыңыз, әйеліңіз, тіпті, түптеп келгенде, итіңіз де қажет. Дұшпандарыңыз одан да жаман! Сіз қорғана білуіңіз керек! Менің ұраным: «Ең үздіктерді жалда – бірақ ешнәрседе де оларға сенім артпа!»
  12. Эгосы жоқ адамды маған көрсетіңіз, сонда мен сізге лузерді (жолы болмаған адамды) көрсетемін.
  13. Табысқа қол жеткізу үшін сіз өзіңізді жер бетін мекендейтін 98 пайыз халықтың ішінен бөліп алуыңыз керек. Сіз, әрине, осы үздік 2 пайыздың ішіне кіре аласыз. Бұл жерде ақыл, еңбекқорлық пен жан-жақты ойластырылған инвестициялардың еш қатысы жоқ. Жоғары жақта тұрып жатқан 2 пайыздың жеке табысының өз жолы, ұстанатын өз ережесі бар, әрине, онымен жүрсеңіз сіз де олардың қатарында бола аласыз.
  14. Сіз адамдардың өзіңіз туралы қалай ойлау қажеттігін шеше аласыз. Сіздің өзіңізге деген қарым-қатынасыңыз бәріне белгілі. Сіз өзіңізді барша жұрт бағалайтындай ұстаңыз. Сонда жұрт та сізді жоғары бағалайды.
  15. Өзіңіздің ірі ойларыңызды ірі әрекеттерге айналдырыңыз. Ешқашанда негізсіз себептерді желеу етіп, тосылып қалмаңыз. Себептерді келтіру – қорқыныштың белгісі.

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*