БІР ДӘУІР ЖЫЛЖЫП КЕТКЕНДЕЙ…

2044
0
Бөлісу:

Газетіміздің Бас редакторы Нұртөре Байтілесұлының анасы Рәбиға әже дүниеден өтті… Құдды бір дәуір жылжып кеткендей қамығып қалдық. Рәбиға әже бәріміздің анамыз іспетті еді. Бәріміздің дейміз-ау, ұлт анасы дәрежесіндегі кейуана еді. Өйтетін себебіміз де бар. 

Рәбиға әже – қазақтың ХХ ғасырдағы қилы тарихының тірі куәгері еді. Немересі, осы күні «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы тілшісі Ержан Байтілестің мына естелігі әженің өмір парағын бір аударып өтеді:
– «Әкем Байділда құралайды көзге атқан мерген болатын. Жұрт аштықтан қырылып жатыр. Ішерге асы жоқ. Әр төбенің астында өлген адамның денесі жатады. Көкем таңертең мылтығын асынып, апама «қазаныңа суыңды қайната бер» деп шығып кетеді. Кешкісін қояны мен қырғауылын арқалап келеді. Әкемнің бір мылтығы бір ауылды солай аштықтан аман алып шықты,– деп отырады апам»…
Соғыс басталғанда Рәбиға Байділдақызы даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың звеносында еңбектеніп, жеңісті жа­қындатты. Көз алдымызға кетпен жүзін күнге шағылыстыра шеңгел отап жатқан жас ана келеді. Ыбырай атасының аяғына тікен кіріп жүруден қалғанда, тізерлеп отыра қалып тісімен жұлып алған да Рәбиға әже ғой. Атағы алысқа кеткен Ыбекеңнің батасы қабыл болды ма, Рәбиға әже соғыста талқаны таусылмаған Байтілес Жүсіпұлы­ның шаңырағын шаттыққа бөледі, он құрсақ көтерді. Екі перзенті жастайынан шетінеді, сегізін ел сүйетін, елін сүйетін азамат қатарына қосты. Үлкені Бектөрені жұ­мыс істеп жүріп, отынның үстіне босан­ғаны да бүгінгі жас ана естуге қорқатын хик­мет. Шындығында, нәубет жылдары қазақтың елдігі, қазақтың мінезі, қазақтың ұлттық қалпы, қазақтың болмысы осындай ана­ларымыздың арқасында сақталып, шеті бүлін­бей аман қалғандай көрінеді де тұрады.
Шынында да табиғатынан кең туып, кең ойлап, әлемді өзінің кең танымына сай қабылдап өтетін адамдар өте сирек. Рәбиға әже сондай жан болатын. Өз әкесінен екі қыз, еркек бала жоқ. Анасы ертеректе қайтыс болған. Сонда алпыс жастан асқан әкесіне қайта бас құратып, екі ұл сүюіне әуелі Алла, сосын себепші болған осы Рәбиға-перзент еді. Әкесі кейін көрген екі інісі өз балалары құралпы болса да, «бауырым» деп еміренгені не тұрады! Сол інілерінен бүгінде елге белгілі перзенттер туып, елдің бір шалғайының кетігін түгендеп жүр.
Рәбиға әже қазаны оттан түспейтін, пейіліне сай дастарқаны да кең, үйінен қонақ үзілмейтін мейірбан жан болды. Қазақтың жүрегі – Сыр елінде осы кісінің аты ұдайы құрметпен аталып, төрден орын күмәнсіз ұсынылатын-ды. Нұртөре ұлы осыдан 15-16 жыл бұрын ұжымымен келгенде, ауылдың сыртынан ақ кимешегі жер сызып күтіп алып, баласының маңдайынан сүйе қарсы алғаны да көз алдымызда. Бірнеше келін жұмсап, тіпті немерелері түсірген келіндерінің қолынан шай ішіп жүрсе де, кей-кейде есік алдын сыпырып қояды екен. «Балаларымның, азаматтардың жолы ашылсын деп сыпырып жүрмін» дейді екен дегдар ана.
Осыдан жыл жарым бұрын Рәбиға әженің тоқсан жасын бүкіл облыс, қала берді, қазақ елі тойлады. Сүйегі асыл ана соғыстан аман келген бір әулеттің үміті Байтілес Жүсіпұлының ұрпағын көбейтіп қана қоймай, қазақ аналарына тән байсалды да мағыналы, өнегелі де парасатты ғұмыр кешті. Елінің өскенін көрді, жерінің түле­генін көрді. Ғасырға жақындаса да қолынан инесі мен ұршығын тастаған жоқ. Өмір бойы еңбектеніп өтті. Қазақстанның түк­пір-түкпіріндегі бала­ларының үйін кезек аралап, немерелері мен шөберелерін әже, ана мейіріміне шомыл­дырудан шаршамады.
Алдыңыз бейіш, артыңыз кеніш бол­сын, аяулы Ана! Сіздің өнегелі ғұмырыңыз қазақ анасының бәріне үлгі.
«Айқындықтар»

Бөлісу:

Пікір жазу


*