«Алмас қылыш» Қытайда көрсетіле ме?

1972
0
Бөлісу:

Ел егемендігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында тұсауы кесілген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің көрсетілімін Қытайда өткізу туралы мәселе көтерілген еді. Ілияс Есенберлиннің үш томдық трилогиясының бірінші кітабы желісінде түсірілген көркем туынды көрші елдегі қандастарымызды да елең еткізген-ді. 

Жыл басынан бері отандық кинотеатрларда жүріп жатқан фильмнің Қытайда көрсетілуі хақында режиссер Рүстем Әбдіраш: «Бұл мәселенің шешімі тікелей дистрибьюторға бай­ланысты. Бастапқыда екі ел арасында кинотуындыны көр­сетуге жәрдемдесетін делдал тапқанбыз. Сол азамат Қытай жаққа кетіп қалған ба, таба ал­май қалдық. Көрші елден көмек көрсетуге дайын делдалдар болса, келісімшарт жасасуға дайынбыз. Қытайдың түгелдей дерлік ауыл-аймақ, аудандарын қамти алмасақ та, Үрімжіде көр­сетуге көмек қолын созатын жандар болса, бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз» деп атап өтті.
Режиссер тарихи туын­дының еліміздегі прокатын бір ретке келтіріп алғаннан кейін, түрлі байқаулар мен фес­ти­вальдер арқылы шет мемле­кеттерге шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл мәселе төңірегінде бірқатар іс-шаралар дайындалып жатқан көрінеді. Ал кинотуындыны Қытайда көрсету мәселесі тек екі ел арасында көпір бола алатын арнайы азаматтардың көмегі­мен жүзеге аспақ.
– Егер Қытай жақтағы қа­зақтардан дистрибьютор табы­лып, кинотуындыны сол елде көрсету туралы ұсыныс жасап жатса, олармен кездесіп, келі­сімшартқа отыруға дайынбыз. Себебі, Қытайда да бюрократия бар. Бұл елде фильмді прокатқа шығару үшін арнайы квота қажет. Алайда сол елдегі қа­зақ­тардың арасынан сөзі өтімді азаматтар табыла қалса, фильмді тездетіп көрсетуге болады деп есептеймін, – дейді режиссер.
Айта кетейік, биылғы жыл­дың 5 қаңтарынан бастап елі­міздің кинотеатрларынан көр­сетіліп жатқан «Алмас қылыш» фильмі «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы ретінде таныс­тырылды. XV ғасырдың орта тұсынан сыр шертетін фильм Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құру тарихын сурет­тейді. Кинодастанды түсіруге бес жүзге тарта жұмысшы топ, жүзден астам артистер жұмыл­дырылған. Көркем туындының сериялық нұсқасы отандық телеарналардан көрсетіледі деп жоспарлануда.

Асыл ТҰМАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*