Елін сүйген адам қарақан басының қамын күйттемейді

1339
0
Бөлісу:

Ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің белді мүшесі, «Құрмет», Парасат» ордендерінің иегері Мейірбек Молдабеков Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 1947 жылдың 20 шілдесінде туған. Ол тыңнан түрен салып, қазақ баласы онша ден қоя қоймаған техника ғылымының қыр-сырын меңгеруге жастайынан құштар болды және діттеген мақсатына қол жеткізіп, осы саланың ең биік шыңын бағындыра білді.

Апасының «академигі»

– 1920 жылдардың соңында Төмен­арық елді мекені пайда болған. Бұл менің өскен жерім. Кеңес кезінде онда кен­шілердің қосалқы шаруашылығы болып, Кентаудағы Ащысай полиметалл комбинатын ет, сүт, жеміспен қамтамасыз ететін. Тұрақты жұмыс болғандықтан, бұл жерді орыс, украин, грек, неміс, шешен, түрік сияқты неше түрлі ұлттың өкілі мекен етті. Айына бір вагон азық-түлік секілді түрлі зат келіп тұратын. Көрші кеңшар, ұжымшарлар керек затын біздің ауылдан келіп алатын, – деп бастады әңгімесін Мейірбек аға. – Әкем Молдабек пен ағасы Молдасапар екеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан. Анам Шекердің айы-күні жеткенде нағашы атам мен әжем оны Қаратауға алып кетіп, мен сонда дүниеге келіппін. Соғыстан кейінгі кез… Балалар туылуы да азайған. Өкінішке қарай, бес айлығымда әкем науқастан қайтыс болып кетіпті. Ойламаған жерден отағасынан айырылып қалған анам төркініне қайтып барып, мен нағашыларының қолында өстім. Шешем Құдай қосқан қосағынан қалған жалғыз тұяқ мені жетімсіретпейін деп қайтып ерге шыққан жоқ. Бүкіл өмірін маған арнап, ештеңеден тарықпай өсуіме қолынан келгенше жағдай жасады. Ешкімнен кем болған жоқпын. Анам кеңшарда сауыншы, басқа да жай жұ­мысшы болып жұмыс істесе де, өте бел­сенді жан болатын. Облкеңестің депутаты болғаны соның дәлелі. Материалдық жағынан ешқандай таршылық көрген жоқпын. Анамның екі інісі де өз өңірінде беделді, белсенді кісілер болды. Сағынбай нағашым ауылкеңестің төрағасы, раб­кооптың басшы қызметтерін атқарса, Сарыбай нағашым – әскери қызметкер, Ішкі істер министрлігінде қызмет жасаған полковник. Менің өмірімде наға­шы­ларымның орны өте үлкен. Солардың тәрбиесін көріп өстім. Туған жеріме қарай атымды әуелі Таубай қойыпты. Сарыбай нағашым елді мекенге туу туралы куәлік алуға келгенде «Бұл баланың аты Мейірбек болсын» деп, солай жаздырып жіберіпті. Әкемнің ағасы Молдасапардың төрт қызы болды. Біздің тұқымды жалғастыратын жалғыз ұл болғандықтан, ол кісі мені өз баласындай жақсы көрді. Екі жақ та ылғи қолдап-қуаттап отырды.
Нағашы атам мен әжемнің тұңғыш немересі болдым. Жеті жасқа келгенше сол кісілердің бауырында болып, еркеліктің дәмін таттым. Атам мен әжем қойшы болған. Қыста малды Сырдың бойына алып келеді де, жазда тауға, жайлауға шығарады. Мектеп табалды­рығын аттағанша бір ауыз орысша сөз білмейтінмін. Төменарықта жақсы орыс­ша мектеп болды. Онда сырттан келген білімді мұғалімдер жұмыс істейтін. Орыс мектебінде алғашында маған өте қиын болды. Мұғалім аузы жыбырлап бірдеңе айтады, ештеңе түсінбеймін. Бірақ айт­қанының бәрін жазып, бірінші тоқсанды беске бітірдім. Мектеп директоры Иван Константинович анама «балаңыз алғыр, түбінде академик болады» депті. Кіш­кентайымнан бәрі «сен ғалым боласың, инженер боласың» деген сөзді миыма құя беретін.

Жеңгесінің «Тентегі»

– Набат әжем мен Әбу атам қатты еркелетіп, бетімнен қақпай өсіргеннен кейін бе, кішкентайымда бұзықтау болыппын. Есімді білгеннен білетінім – әжем Набат. Өйткені анам ылғи жұмыста болды. Соғыстан кейінгі қиын уақыт. Бала кезімді еске алсам, көз алдыма әжем келіп тұрады. Ол кісі мені өзінің бар мейірімін төгіп өсірді. Сарыбай нағашым әскерден демалысқа келгенде әжем «айналайын» деп құшақтаса қызғанып, есік пен төрдің арасында жерге аунап жылаппын. Төрт жасымда Сағынбай нағашым үйленді. Жеңгем Гүлшара маған Тентек деп ат қойып, өле-өлгенше мені солай атап кетті. Бірақ асыра сілтеп, бір нәрсені бүлдіріп, жандырып-күйдіріп жүретін тентек болған жоқпын. Сөзге тоқтайтын, түсіндірсе айтқанды ұғатын ақылды тентек болдым.
Темір жол стансасының қасындағы бауда шиелер өсетін. Өзіміздің бақшада шие бола тұра, балалармен түнделетіп сол бауға барып, қорадан секіріп түсіп, шие ұрлайтынымыз есімде.
Бірінші сыныптан үздік оқу­шылардың қатарында болдым. Мектепте маған поп Гапон деген «атақ» берген. Ол 1905 жылы Ресейде революция болып жатқан кезде жұмысшыларға: «Сендер патшаға қарсы шықпаңдар. Оны жасап жатқан патша емес, басқалар. Патшаға барып, өзіміз өтініш айтайық», деп жұмысшыларды ертіп шыққан, оларды әскерилер атып өлтіріп, тарихта қалады. Мектепте сенбілік жасағанда келеміз деп бірінші шығыппын да, бір себеппен өзім бара алмай қалдым. Балалар осы жағдайға байланысты мені поп Гапон атап кеткені бар.
Кішкентайымыздан еңбек етіп өстік. Мектепке бармай тұрып қозы-лақ бақтық. Үйдегі шаруаның бәріне қолдан келгенше қолғабыс жасадық. Бақшаға да, малға да қарадық.
Ол мектепті алтын медальмен тәмам­дады. Мектеп бітірерде «Жоғары оқу орнына қайда барамын?» деген ой мазалай бастады. Мәскеуге барсам деген де ой болды. Немере ағасы Қалыбек Қонысбаев та мектепті алтын медальмен, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтын да инженер-механик мамандығы бойынша үздік бітіріп, аспирантураға түскен болатын. Олардың қарым-қатынасы өте жақсы болды. Ағасының бағыт-бағ­дарымен Алматыға барамын деп шешім қабылдады. Сол кездегі ең заманауи, жастарды қызықтыратын автоматика және телемеханика мамандығын таңдады. Ғарыш техникасының негізі сол – ав­томатика және телемеханика. Қазақ поли­тех­никалық институтында автоматика жә­не есептеуіш техника деген жаңа факультет ашылып, соның ішінде екі мамандық болды. Бірі – есептеуіш техника, екіншісі – автоматика және телемеханика. Автоматты түрде алыстан басқару жүйесі өмірдің түрлі саласында пайдаланылады. Бұл 1965 жыл болатын. Конкурс өте жоғары болды. Ылғи ме­дальмен бітіргендер оқуға түсіпті. Жігіттер мен қыздар білім деңгейі жағынан кілең мықтылар. Шетінен оқуға берілген. Олармен бірге оқу қызық болды. Осы күні аты әйгілі Досым Сүлеев, Мұрат Құ­сайынов, Ұлықпан Сыдықов бәрі бә­секелесіп, жарысып оқитын. Ол Лениндік шәкіртақы алды. Олар «Дос-Мұқасан» ансамблін құрып, студенттік фес­тивальдерде өнер көрсете бастады. Спорттық жарыстардан да сырт қал­майтын. Бос уақыт деген болмайтын.

Қазақы дәстүрді ұстайтын жар іздедім

– Жасыратыны жоқ, «Дос-Мұқасан» ансамблінің арқасында жастар арасында өте танымал болдық. Шынын айту керек, қазақ қыздарының көбі бізбен танысуға, жақын араласуға құштар болды. Дос­тарымыз көп болатын, – деп жалғады әңгімесін академик. – Өмірлік жарымды таңдауда да орысша мектеп бітіргенім әсер етті. Қазақ тілді қыздармен емін-еркін шүйіркелесуге тіл байлығым жетіңкіремейтін. Болашақ жарым Ләйла түркістандық болды. Қазақы жерде өскенмен, оның анасы орыс ұлтынан болатын. Институттың үшінші курсын оқып жүргенде каникул бітіп, ауылдан келе жатсам, Түркістаннан бір топ қыз пойызға отырды. Алматыға жеткенше бір тәуліктей бірге келдік. Ол медициналық инсти­тут­тың екінші курсында оқиды екен. Қыз маған ұнап қалды. Қаңтардың соңы болатын. Содан кездескен жоқпыз. Сәуірдің аяғында Орталық әмбебап дүкенде (ЦУМ) кездейсоқ ұшырасып қалдық. Қызды жатақханасына шығарып салдым. Жақсы араласа бастадық. Сол таныстығымыздан соң жеті жылдан кейін отау тіктік. Менің үйленуге асықпаған себебім, біріншіден, анамның арқасында өскенше ешқандай қиыншылық көр­медім. Сондықтан ер жеткен соң «Мен шешемнің жалғыз ұлымын, үйленгенде тек қара басымды ойламай, қайда тұрсам да шешемді қолыма алуым керек. Болашақ жарым шешеммен тіл табыса ала ма, жоқ па? Қыз ұнап тұрғанмен, шешесі орыс, бұл қалай болады? Болашақ жарым ұлтымыздың салт-дәстүрін біле ме, кейін оған қиын болмай ма?» деген ойлар қатты мазалады. Бірақ қыздың шешесі қазақша білетін, әкесі – қазақ. Бұларды әжесі тәрбиелеген. 1972 жылға дейін аралас-құралас болып жүрдік. Екінші себеп, үй-жай жоқ болды. Оның үстіне, Мәскеуге аспирантураға барамын деп жоспарлап қойғанмын. Миға әу баста бір бағдарлама салынып қойса, оны өзгерту қиын екен. Үшіншіден, «Дос-Мұқасанның» кәсіби деңгейге жетіп, атағы дүркіреп тұрған кезі. Біздің алды­мызда екі жол тұрды. Бірі – ғылым жолына түсіп, ізденісті жалғастыру, екіншісі – бұл мамандықты қойып, таза өнер жолына түсу. Институтты қызыл дипломмен бі­тіріп, сонда мұғалімдікке қалдырды, бірақ ғылыми дәрежең болмаса әрі қарай өсе алмайсың. Қазақстанда біздің маман­дықтан кандидаттық, докторлық қор­ғайтындар аз болды. Күрделі, жаңа ма­мандық. Маған Мәскеу авиация инс­­титутына жолдама берілді.
1975 жылы үйленуге шешім қабыл­дадық. Шешемнің көңіліне қатты қа­радым. Бір жылдай Мәскеуде тұрдық, аспирантураны бітіріп, кандидаттық қорғап, Алматыға 1976 жылдың аяғында келдік. ҚазМУ-ға жұмысқа орналастым. 1979 жылдан анамды қолыма алдым. Қызымыз Әлия, одан соң ұлымыз Ержан дүниеге келді.

Өмекеңнің өмірлік сабағы

– Факультеттегі деканымыз Баян Рақышевтің ұйытқы болуымен «Сенің болашағың ғылымда, Мәскеуге бар. Аспирантурада оқы» деп жолдама берілді. Ұстазым Мәскеудегі Николай Соколов деген профессорға барып, сол кісіге шәкірт болуыма да кеңес берді. Николай Ивановичтің қолдауымен, маған деген көңілі жақсы еді бір жыл тә­жірибеден өтіп, үш жыл аспирантурада оқып, бәрі сәтімен болды. Та­қырыбым да өте күрделі болатын. Мәскеу авиация институты жабық оқу орны болды. Ол институтқа барар алдында жарты жыл бойы МҚК (КГБ) тексерді. Өйткені институтта құпия құжаттарға рұқсат берілгендер ғана оқи алатын. Тақырыбым да құпия болды. Ол кезде «МИГ-29» әскери ұшағын автоматты түрде басқару жүйесін жасау керек еді. Бұрын бұл жайлы айтуға болмайтын, әскери құпия. Ұшақ жерден көтерілген кезде ұшу жылдамдығы төмен болады, бірақ бірте-бірте жылдамдығы дыбыстан да асып кетеді. Ол 5-6 шақырым төменде де, 30-40 шақырым биіктікте де ұша алады. Ұшақтың аэродинамикалық па­ра­метрлері өте кең ауқымда өзгереді. Сондықтан мұнда жай ұшақтағы сияқты ұшқыш бәрін қолмен басқаруға болмайды. Бұл жерде автомат, есептеуіш техника бәрін есептеп отырмаса, тек адамның басқаруы мүмкін емес. Барған зертхана сондай жүйені жасайды екен. Дыбыстан қатты ұшатын ұшақтарды басқару жүйесін жасауға қатыстым. Жасаған жүйеміз дұрыс жұмыс істейтін болып, тексеруден өтіп, соның негізінде кандидаттық диссертация қорғадым. «МИГ-29» ұшағы қазір де қолданыста.
Мамандығым – автоматика, бұл өндіріс болса да, ұшып бара жатқан ұшақтың басқару үдерісі болса да, ға­рыштық аппараттың үдерісі болса да бір заңға келеді, сол заңның негізінде басқару жүйесін жасайды. Сол басқару жүйесінің маманымын.
Кандидаттық диссертация қорғау тек қана ғылымға жолдама алды деген сөз. Мәскеу авиация институтына түсіп, тақырыбымды зерттей бастағанда ғылыми жетекшім Николай Соколов «Мейірбек, тақырыбың өте күрделі, оны зерттеу үшін математиканы терең білу керек. Сенің Политехтан алған білімің жақсы бол­ғанмен, математика жағы жетіспейді екен. Тағы қосымша математиканы оқы» деді. МГУ-де инженерлерге арналған үшжылдық тек қана математиканы оқытатын бөлім бар екен, соған түстім. Қатынау қиындау болып жүр еді, бағыма қарай, Мәскеу Авиация институында инженерлік бөлім ашылды. Үш жыл соны оқыдым. Сол жерде Кеңес Одағы Ғылым ака­демиясының корреспондент-мүшесі Владимир Пугачевтің қолынан диплом қорғадым. Ол біздің бағытта ма­тематиканы қолданатын кісі. Осылайша, екінші диплом алып, санды техниканы басқару жүйесіне пайдалану жағын үйреніп шықтым. Авиация институтын бітіргенде маған институт басшылығы «Байқоңырда «Восход» деген филиалымыз бар, сонда барып, сабақ бер» деген ұсыныс жасады. Мен туған жерді, «Дос-Мұқасандағы» Досым, Мұрат секілді басқа да дос­тарымды сағындым. Қолды бір-ақ сілтеп, Алматыға кетіп қалдым. Бұл жерге келгенде Жоғары білім министрлігі маған Мәскеуде оқуға жолдама берген Поли­техникалық институтына жіберді. Институтқа келсем «Жұмысқа аламыз, бірақ сен пәтер кезегінен сызылып қалғансың» деді. Ренжіңкіреп, не істерімді білмей тұрғанда Елшібек деген жолдасым «Сенің екінші дипломың бар ғой, жүр, Өмекеңе (академик, ҚазМУ-дің ректоры Өмірбек Жолдасбеков) барайық, ол кісі жаңадан Механика және қол­данбалы математика факультетін ашты. Мүмкін сені жұмысқа алып қалар» деді. Расымен де Өмірбек ағамыз бірден келісімін беріп, жұмысқа алды. Жоғары білім министрлігінен жолдаманы да ҚазМУ-ға жаздырып алды. Маған үлкен сенім білдіріп, зертханада жұмыс істей бастадым. Бір ерекшелігі, осы күнге дейін қорғаныс, авиация, ғарыш саласына қатысты жабық тақырыпта жұмыс жасап келген едім, ол Қазақстанда жоқ. Бірақ Өмекең механика, машина теориясы жа­ғынан мектеп ашты, ол тікелей қорғаныс саласында қол­данылмаса да, өндірісте пайдаланылады. Оның ғылыми негізінің бәрі бірдей. Докторлық тақырыпты таң­дағанда қорғаныс тақырыбынан кетуге тура келді. Өмекеңнің мектебіне ауысып, роботтар, манипуляторлар, механизмдер бағытында жұмыс істей бастадым. Бұл кісінің бастапқы алған ғылыми деңгейді өте жоғары биікке көтеріп, кеңейтуге үлкен әсері болды. Неге десеңіз, Өмірбек ағамыз механика саласының білгірі, КСРО Ғылым академиясының академигі Иван Артоболевскийдің тікелей шәкірті. Өмекең өз қабілетінің арқасында Иван Ивановичтің жақсы көретін шәкіртінің бірі болды. Ол механизм теориясы бойынша қазақстандық ғылыми мектеп қалыптастырды. 90-жылдары докторлық диссертация қорғағанымда, Кеңес өкіметінде үш қана докторлық кеңес бол­ды. Бірі – Мәскеуде, екіншісі – Ленинградта, үшіншісі – Қазақстанда. Демек, біздің елімізде Кеңес өкіметі деңгейінде алдыңғы қатарға шыққан мектеп қалыптасты деуге негіз бар. Мәскеу, Ленинградтағы кеңес мүше­лерінің бәрі жасы келгендер еді. Сондықтан осы салада докторлық дис­сертация қорғайтынның көбі бізге келгісі келетін. Аптасына кемінде бір немесе екі семинар болып, Кавказ, Сібір, Украина, Ресей, Прибалтиканың бәрінен келіп, докторлық диссертацияны Ал­матыда қорғады. Ғалымдар докторлық диссертациясын қорғау үшін ашқан жаңалығының нәтижесін біздің ал­дымызда жайып салатын. Оның өзінен қаншама білім алдық. Өмекеңнің адам­гершілігінің, ғылыми қабілеттілігінің арқасында талабы өте зор болатын. Мен ұстазымның сенімін ақтадым, өйткені қызметке алуын алды, сосын осы бағытта жұмыс істейсің деп бағыт берді, әрі қарай өзім талпынып, ізденіп, ол кісімен үнемі ақылдасып отырып, докторлық диссертациямды қорғадым. Өзімнен кейін сегіз ғылым докторын, 15 ғылым кандидатын дайындадым. 90-жылы қорғағанда ғылыми жағынан Кеңес өкіметіндегі бірінші деңгейге шығып тұрдық. Сосын Кеңес Одағы тарады. Экономикалық дағдарыс болды. Профессормыз, инфляциядан ай­лығымыз бір айлықтан екінші айлыққа жетпейтін кездер басталды.
Өмекең әрі ғалым қылды, әрі уни­верситетте профессор жасады. Әрі сол кісімен бірге жұмыс істеп, Ресейдің ең жоғары кәсіби марапаты Ресей ғылыми инженерлік қоғамы одағының Шухов атындағы алтын медалін иелендік. Жап-жас кездің өзінде Ұлттық академияның корреспондент-мүшесі, Инженерлік академияның корреспондент-мүшесі болдық. Кейіннен ҰҒА-ның академигі болдық. Ұстазымнан қаншама тәлім-тәрбие алдық, тіпті өмірге үйретіп кетті. Тек қана ғылым жолында емес, ұйым­дастырушылық жұмысты да үйретті. Үлкен өмірлік сабақ алдым.

Байқоңырдағы жылдар

– 1993 жылы Байқоңырға Қазақстан жағынан бірінші басшы болып барғанда, Өмекең үйреткен өмірлік сабақтың үлкен пайдасы тиді. Шуховтың медалі болғаннан кейін орыстар ешқандай қарсылық та­нытпай, айтқан сөзіме тік тұрды. Бай­қоңыр ғарыш айлағында мыңдаған жоғары білімді маман, офицер еңбек етті. Олардың тілін тапқанның арқасында үлкен мәселені шешуге мүм­кіндік туды. Бір құпияны айтып қояйын, Байқоңырды басқарып тұрғанда еліміздің бюджетіне таза 1 миллиард 300 миллион доллар кіріс жасадым. Бұл ненің арқасы? Бір жағынан – олардың мені мойындауы, екінші жағынан – жасалып жатқан анау-мынау әрекетті менен жасыра алмауы, керек ақпаратты алып, сөзден бірден ұстап алам ғой. 1991-1993 жылдардағы Байқоңырдың мүлігіне жасалған шығынды есептеп шықтым. Ақпараттың бәрін олардың өзінен алдым. Шығынды есептеп келгенде 1 миллиард 800 миллион долларға тең келді. Соның бәрін есептеп бергенде, мамандар мойындады. Ресей Үкіметі «мынау қайдан шыққан ақша? Тек­серіңдер» деп Ресейдің қаржы минис­трлігіне жіберді. Бұл олар күтпеген жағдай еді. Бұл қаржы мемлекетке тікелей қайтқан жоқ, біздің елдің Ресей алдында 1 миллиард 500 миллион доллар қарызы болатын, соның 1 миллиард 300 мил­лионын жапты. Бұл қаражат қайдан шықты? Байқоңырға барып, қызметке кіріскеннен кейін бірден бухгалтериялық есеп-қисап жасап, мүлікті түгендеп санадық. Байқоңырда 4000-дай нысан бар екен. Соның бәрін есепке алып, санап шықтық. Екінші мәселе – нысан бар, оның техникалық жағдайы қалай? Қирап жатыр ма, әлде жұмыс істеп тұр ма? Оларды бағалаудан өткізіп, соның нәтижесінде осындай шығын келді деп қағаз жазып, Ресей қаржы министрлігі анау деп, мынау деп, 1 миллиард 800 миллион доллардың 1 миллиард 300 миллион долларын мойындап, қол қойды.

Түйіні табылмаған мәселенің шешімі болмайды

– Халқымыздың қазіргі жағдайы мені қатты ойландырады. Өмір көріп, ғылыммен айналысқаннан кейін, заңдылықты түсінгеннен кейін өмірде шешімін таппай жатқан мәселе көп екенін түсіне бастайсың. Ол мәселелерді қалай шешу керек деген сұрақ та туындайды. Ғылыми жағынан қарағанда қай мәселені шешкің келсе де, ең алдымен оның түйінін табу керектігін түсіндік. Түйінін таппасаң, ол жағынан бір, бұл жағынан бір келіп, айналып жүре бересің. Сол мәселелердің ішінде мені қатты ойландыратыны қазақ ұлтын, оның дәстүрін, тілін, дінін қалай сақтаймыз деген ой. Менің түсінігімше, соның түйіні – тілді сақтау. Тіл сақталмай, халық ретінде өзімізді өзіміз сақтай алмаймыз. Тілді сақтаудың түйіндемесі не? Ол – отбасында ана тілінде сөйлеу. Қазақтың көбі отбасында өз тілінде сөйлемейді. Демек, ол тілді білмейді. Тілді толық білмейінше ол қазақтың жүрегін, рухын түсінбейді. Осыған қатты көңіл бөлем. Біреуді сынау үшін адам алдымен өзіне қарау керек. Бізді үлкендер кезінде «болашақта нан тауып жеу қиын болады» деп орыс мектебіне берді. Осы күнге дейін соның әсері бар, алдымен орыс тілінде ойлап, сосын оны аударамыз. Орысша дүниетаным қалыптасып кеткен. Дүниетаным бала күннен қалыптасу үшін оны қазақша оқыту керек. Өз бала­ларымды да қазақша оқытқым келді. Бірақ ол кезде жағдай онша болмады, қазақ мектебінде білім онша емес деген пікір қалыптасты. Оның үстіне, Алматыда санаулы-ақ қазақ мектебі болды. Бірақ балаларымнан үйде тек қазақша сөйлеуін талап еттім. Олар менің көзқарасымды түсініп, немеремді қазақ мектебіне бергеніне қуанамын. Немеремнің қазақша сайрап тұрған кезінде өзімді сондай жақсы сезініп, жаным жай табады. Әр қазақ осы жолмен жүруі керек. Өйткені ең бірінші дұрыс қадам сол.
Қазақ өз тілін сақтап, сол арқылы қазақтығын сақтап қалатын екінші мәселе бар, ол – қазақтың намысы. Қазақтың намысы деген түсінікте өзіме жақсы жақтас жан тауып алдым. Ол – Талғат Мұсабаев. Ол кісімен неге біз біргеміз? Неге жақсы тіл табысамыз? Өйткені Мұсабаев қазақтың намысы десе, ішкен асын жерге қоятын намысшыл жан. Ол біз ұлтымызды сүйсек, ұлты­мыздың деңгейін басқа ұлттан қалдырмай, өзгелермен тереземіз тең болуы керек деген қағиданы ұстайды. Ғарыштық сала дамып келеді. 2007 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қазақ дегенде жаны ашып, тіпті жүрегі ұстап жатады. Сон­дықтан жасым келіп, зейнетке шықсам да, Талғаттың қазақ үшін, ел үшін жасап жатқан жұмысына болысайын, қолымнан келген көмегімді аямайын деп бірге жүрмін.
Жалпы ұлтын, елін сүйген адам қарақан басының ғана қамын күйттемей, елінің саяси, экономикалық, технология жағынан дамуын ойлауы керек. Қазіргі заманда технология жағынан артта қалсаң экономика жағынан да қалып қоясың, ал экономика ақсап жатса саяси жағынан да артта қалғаның. Сондықтан технология жағына көп көңіл бөлуге тиіспіз.
Ұлтыңа жан ашығанның бір белгісі – ұрлықты, жемқорлықты қойып, халықтың жағдайын ойлау керек. Жемқорлық, ұрлық тыйылса халықтың да жағдайы жақсарады. Өз саламызға байланысты мемлекеттік деңгейде қабылданған көп шешімдерге өзіміз де араласып жүрміз. Біздің ұсынысымызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қолдап келеді. Дұрыс шешім қабылданады. Ал орындалуға келгенде іс дұрыс шешімін таппайды. Неге? Өйткені сол мәселенің шешілуі үшін мемлекеттен бөлінген қаржы әне жерден, мына жерден ұрланады. Бөлінген қаржы соңғы мақ­сатқа жетпей қалады. Әйтпесе, қаржы бөлініп жатыр. Міне, осындай жағдайлар жүректі ауыртады. Егер ұлтымызды да­мытамыз десек, бірінші тіл мәселесін шешуіміз керек. Екінші, ұлттық намысты ойлап, ұрлауды қойып, өзімізді басқа елдермен салыстырып, күш-жігерімізді солардан қалы(п қоймау жағына жұм­сауымыз керек. Ұрлықты тоқтатып, елдің дамуына әркім қолынан келетін үлесін қосса, бізде бәрі жақсы болады. Егер осы күнге дейін түрлі салаға мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны орнымен, тиімді пайдаланған болсақ, біз бұдан да ілгері дамып, біраз жетістікке жеткен болар едік. Жаһандану үрдісінен ешқайда қашып кете алмаймыз. Ол үшін тек қазақ тілімен шектеліп қалуға болмайды. Сондықтан орыс, ағылшын тілдерін ана тілімізге қосымша білуге тиіспіз.
Биыл жетпіс деген асуды бағындырғалы отырған Мейірбек ағамыз жары Ләйла апамызбен отасқанына қырық жылдан асқанын айтады. Жеті жыл ойланып алған жары толық сенімнен шықты. Өмірлік белестерден өткенде аяулы жары үнемі қолдау білдіріп, түсіністікпен қарады. Қылықты қыз, есті ұлды өмірге әкелді. Әлия тұрмыста, Әлина есімді немерелері өсіп келеді. Көп күттіріп шаңырақ көтерген Ержаннан да күтер үміті мол. Алдағы уақытта солардың қызық-қуанышын көруге Алла нәсіп етсін!

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*