Кірпияз сөз зергері еді…

1128
0
Бөлісу:

Қазақтың аса көрнекті аудармашысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Кеңес Юсуп 76 жасына қараған шағында қайтыс болды.

Кеңес Сіләмханұлы Юсуп нағыз зиялы, саяқ жүріп, қазақы қоңыр тірлік кешкен қа­рапайым адам еді. Сары майдан суырт­пақ­тап қыл суырғандай әр сөзге сақ қарап, аз жазса да, саз жазды. Керемет сөз мергені болса да, нысанасын ұзақ көздейтін, сирек ата­тын мергендердің сойынан болды. Со­ған сай қазақ әдебиетінің қоржынына сал­ған олжасы көлемі жағынан қомпиған қо­мақты болмаса да, нағыз нар сүйекті бол­ды. Бүгінгі жас аудармашылар кез кел­ген классиктің ұлы туындысын ары кет­кен­де екі-үш айда қотарып тастап қарап оты­рады. Ал Кеңес аға Маркестің әйгілі «Жүз жылдық жалғыздығын» екі жыл бойы көзмайын тауыса аударып, нағыз көркем аударманың көкесі дейтіндей жатық етіп тәржімалады. Нәтижесінде бұл роман ау­дарыла сала екі-үш аптада тарап кеткен. Сын­шы Сайлаубек Жұмабек кезінде бұл кі­тапты қазақ аударма өнерінің үлкен та­бы­сына балап, жоғары баға берген.
Кеңес аға тек аударма саласында еңбек ет­кен жоқ, өзі де екі тілде көркем туынды­лар берді, очерк-эсселер жазды. Егер түбе­гей­лі проза жазуды қуса, Кеңес аға үлкен жазу­шы болар еді. Бірақ өз қалауымен ау­дар­маға ден қойды. Бірқатар жауапты қыз­мет­тердің тізгінін ұстады. Қазақ тілі тер­ми­нологиясын қалыптастыруға құлшына ең­бек сіңірді. 2006 жылы алыс-жақын ше­телдер жазушыларының таңдаулы туын­дыларын жариялайтын «Әлем әдебиеті» жур­налын шығарды. Тізгінін кейінгі жас­тарға берді.
Кеңес аға білікті аудармашы ретінде осы кәсіпті қуған кейінгі жастардың ай­ту­лы көшбасшысы еді. Аударма жасау тә­жі­рибесі аз жастар Кеңес ағаға қарап ой тү­зейтін. Бүгінде қалыпты терминдердің әр­түрлі қолданатынына байланысты ресми құ­жаттардың ана тілінде айналысқа енуі көп кедергі көріп келе жатқаны жасырын емес. Осындайда тіл саласында Авгийдің ат­қорасын тазалаған Гераклдей, қажыр-қай­рат жұмсайтын Кеңес ағаның орны ой­сырап қалды.
Қош болыңыз, аударма өнерінің алыбы! Алдыңыз жарық болсын!

«Айқындықтар»

Бөлісу:

Пікір жазу


*