Жеңіл өмір жарға итереді

1429
0
Бөлісу:

«Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі» деген дана халқымыз дүниеге келген қызылшақаны қалай өсірудің жолын жақсы білген. «Бесік жырының» өзі бесіктегі баланың жадын өзгерткен. Анасының әлдиімен айналадағы дыбысқа құлақ қойып, қимыл-әрекетке назар аудара бастағаннан нәрестенің ғұмырлық әдептері қалыптасады. Сондықтан ұлтымыздың ұлылары «ана сүтімен бітпеген қасиет тана сүтімен сіңбейді» дегенді бекер айтпаған.
Иә, «таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» екенін жұрт жақсы білген. Бүгінгі ұрпаққа дейін баршамыздың бойымызда қалған тағылымды дүниенің бәрі тамаша тәрбиенің арқасы. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған қасиетті нәрселердің барлығын бүгінгі байлығымыз деуге болады. Өкінішке қарай, осы рухани құндылықтарымызды өз қолымызбен өзгерте бастағандаймыз. Осылайша, «қамысты бос ұстасаң, қол кесер» деген даналық «Балаңды бос ұстасаң, жүрегіңді тесер» деп өзгертілгендей әсер қалдырады.
Жасыратыны жоқ, ата-аналардың бір бөлігі баяғыдай баланы бақылап, қатаң қадағалауды қойған секілді көрінеді маған. Баласы мектеп бітіргенше ата-аналар жиналысына бармағандар кездесіп жатса, оған еш таңғалуға болмайды. Үйдегі бала басын ауыртпау үшін қолына қалта телефонын беріп, қатып ұйықтап қалғанша қалғып отыра беретіндер тіпті көп. Әке-шешесімен ұлағатты әңгіме құру, пікірлесу, сырласу деген екі баланың бірінің де басынан өтпеген жағдай. Ұялы телефон ұстағанына мәз болған ұл-қыздардың біразын бақытқа қол жеткізудің амалдары мүлде ойландырмайтыны ойланатын мәселе. Айналадағы құбылыстарға ғана қызығатындар жеңіл ойлауға тым әуес болып кетті. «Ағаштан ағаш сәнін алады, адамнан адам тәлім алады» дегенді неге естен шығарып алдық?!
Тіпті тамаша тәрбиенің қалыптасуына ортамыздың ықпал ете алмауы да өкінішті. Мәселен, білім ордаларында өтетін түрлі шаралар мен сынып сағаттарындағы әңгімеден балалар қаншалықты тағылым алып жүр? Күні ертең қоғамның дамуына үлес қосатын студенттердің өресі қандай? Бұл сұрақтың бәрі бас қатырады.
Өйткені біз күн өткен сайын жеңіл өмір­ге бейімделіп бара жатырмыз. Кі­тап­ха­надан шықпайтын студенттер жоқ қа­зір. Кітап оқитын қауым азайды. Ізде­геніміз – той. Телеарналар ата-баба дәстүрі мен тағылымды тәрбиені көбірек көрсетудің орнына, жеңіл-желпі дүние­лерді тәулік бойына көрсетеді, насихаттайды. Мұның барлығы санаға соққы болып тиіп жатыр. Күлкілі бағдарламалар көбейген сайын күлкілі оқиғалар да жиіледі. Оларға «қой» дейтін қожа да жоқ.
Күні кеше кинотеатрдан «Алмас қылыш» фильмін көрдік. Түн ортасында киноға келген қауымға айтар алғысымыз шексіз. Нағыз ұлтжанды азаматтар ғана уақытқа қарамасы анық. Алайда киноның кейбір тұстарында актерлердің әрекетін әжуалап, сөздерін бұрмалап күлкіге ай­налдырып отырған жастарға жанымыз ауыр­ды. Қасындағы қыздар да жігіттерге басу айту орнына, бір сөзді екі сөз қылып отырысы ұнамады. Міне, залда соларға «қой» дейтін адам табылмауы нені аңғар­тады?
– Жастардың ерсі қылықтарын біз ұдайы көріп жүрміз. Сатира театрларынан көргендерін қайталап, кейіпкерлерді күлкіге айналдыру – үйреншікті құбылыс. Мүмкін кино басталарда көрермендерді сабыр сақтауға шақыратын арнайы 5 минуттық ескертулер беріп тұрған жөн шығар, – дейді Айгүл есімді қарындасымыз.
Бұл өз алдына кино бітпестен далаға шығуға асыққан жұрттың артында шашылған сусын бөтелкелері, жеген тамақтарының қалдықтары қалды. Олар қоқыс жәшігінің шыға берісте тұрғаны да бәрібір секілді. «Күнде осылай ма?» дедік еден жуушыға залды көрсетіп. «Күнде осылай, киноға келетін жастардың көбі тазалық дегенді ұмытқан. Тым болмаса «Алмас қылышты» соңына дейін көріп, кинода ойнаған актерлердің аты-жөнін оқуға неге шыдамы жетпейтініне таңмын. Барлық кинода осылай…» дейді күрсінген келіншек.
Әрине, біз жұртты, жастарды жаппай кінәлаудан аулақпыз. Бірақ өмірге жеңіл көрқараспен қарайтын қаракөздердің көбейгеніне жүрегіміз ауыратынын жа­сырмайық. «Ауруын жасырған өледі» дейді дана халқымыз. Одан да шырылдаған шындықты айтып, кемшілікті болдырмауға барымызды салуымыз керек. «Бір адамға қадірің жүрмесе, екі адамға күлкі боласың» деген аталы сөзді де айтқан қазақ. Күлкі болмаудың қамы тамаша тәрбие беруден, алудан басталады. Әр қазақтың баласы жеті жұрттың қамын ойлайтындай деңгейде болса ғана қоғам түзелетіндігі жадымызда жүруі тиіс.

 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*