Арамыз неге алшақтады?

1468
0
Бөлісу:

Өкінішті-ақ… Бүгінгі таңдағы орта және жас буын өкілдері олардың ата-аналары көрмеген проблемалармен бетпе-бет келді. Өз-өзін танымаған буынға айналып, бастарын бір бұрыштан екінші бұрышқа соғып, себебін мемлекетке жауып, шетелге кетіп жатқандары да қаншалық. Бойда жиналған жас күш пен қайсарлықты мейрамханалар мен түнгі клубтарда, ал бұдан алшақпыз дегендер діннің теріс ағымдарына қосылып, мемлекет ішіне іріткі салатындай жағдайға жетті. «Мәселе неде?» деп ой жүгіртсек.

Тек қазақ халқы ғана емес, жалпы әлем мәдениетінде «атадан балаға мирас – тәр­бие қалдыру» деген үдеріс тек кітап бетінде қал­ғандай…
Соңғы жиырма жылда той-думандарда салт бойынша мағыналы бата бере алатын ақ­сақал мен әжелеріміз қалды ма? Саусақ са­нап атай алатын деңгейге жеттік. От бо­лып жанып тұрған жігіттер мен жарылмаған қауыз­дай кербез қыздарымызға тиесілі тәр­бие беретін аға-жеңгелеріміз бар ма? Қо­ғам проблемасы осында, жауапкершілік мем­лекетте емес, жас буында емес, үлкен буын өкілдерінің өзінде!
Өкінішке қарай, үлкен және жас буын ара­сы алшақтап, алып құзға айналды. Қайда, немен айналысатынын білмей қал­ған жастар көз алдымызда еліктейтін, ауыз толтырып айтатын «мырзалар» мен «ха­ным­дардың» жоқтығынан «жоғалған буын­ға» айналды. Не мүлдем Батыс мәне­ріне, не тек әнші мен спортшыларға ғана қа­рап, өз біркелкілігімізді жоғалтып бара жат­қан үдерістің куәгері болып жүрміз.
Қоғамда болып жатқан сан­сыз ажыра­су­лар, жеңіл-желпі жүріс, діннің те­ріс жо­лын ұстанған азаматтар қайдан шық­ты? Бұл проблема әсіресе, 1980-1990 жыл­дары дү­ниеге келгендер арасында көп. Неге? Бұ­лар үшін жауапкершілік кімде? «Тәт­ті өті­ріктен ащы шындық дұрыс» деген сөз бар. Біраз саралап көрейік.
1980-1990 жылдар экономикалық жа­ғы­нан қиын кезең болғаны хақ. Сол жыл­дары дүниеге келген нәрестелердің әке-ше­шелері «отбасымызды қалайша асы­рай­мыз?» деген мақсатпен жұмыс пен кәсіпке кірісіп кетті. Дәл осы кезеңде туған балалар ата-ана тәр­бие­сінен сырт қалды. Жылдар өтті, олар өсті. Енді алдынан шыққан проблемаларға дайын болмай шықты. Өйткені кішкентай күндерінен психологияларында «ата-анам­ның маған уақыты жоқ» немесе сұраса да, «саған не жетпейді осы?» деп қайтарып жі­береді» деген ой қа­лып­тасқан. Осылай­ша, өз сұрақтарына жауап таппаған жастар оны сырттан, біреуі Батыс мәдениетінен, біреуі діннен, біреуі емін-еркін өмірден із­дей бастайды. Ата-ана енді есейген бала­ларымен тіл қатысқысы кел­се, өкінішке қа­­рай, арада көпір жоқ, өйт­ке­ні кезінде жо­­ғал­тып алды. Сол себепті, қа­зір жастар­дың көпшілігі отбасын құрған соң, жо­лын­да жо­лығуы мүмкін қиындықтардан ке­зін­де әке­лері сақтандырмағандықтан, о бас­­тан күйеу жігітке ата мен әкесінен ең бас­­ты мо­ральдық тәрбие берілмегендіктен, ал қыздарымызға шешелері «келін-жар» ұғы­мын дұрыс түсіндірмегендіктен, әже мен анасынан тиесілі үлгіні көрмегендіктен, жас жұбайлар өмірі айқай-шуға толып, ажы­расумен тынып жатқан өкінішті статистика бар. Осының кесірінен қазақ халқындағы қасиетті «отбасы» сөзі өз күшін жоғалтып бара жатқан ұғымға айналды. Өкінішке қарай, отбасында бақыт таба алмаған жігіт­тердің бір бөлігі дінге, бір бөлігі қыдырыс пен ішімдікке кетіп, ал қыздарымыз «мен еш­кімге тәуелді емеспін, өз-өзімді асырай ала­мын» деп көкірек соғып, арада қалған ба­лаларын күтушілерге тапсырып, далада жүр­ген халге жеттік. Көз алдымызда, өз қо­лымызбен, тәрбиесі кемшін жас ата-ана кесі­рінен, енді нәрестелерімізді білімі таяз күту­шілерге және Батыс моделіндегі бала­бақшаларға табыстап, қазақ руханиятынан мүлдем алшақ буын тәрбиелеп жатырмыз. Бұл келешекте қоғамымызға қазіргіден де жаман әсерін тигізбейді деп кім кепіл бере ала­ды? Сонда қайтпекпіз?
Бар проблема жастар мен мемлекетте емес, жауапкершілік – қазіргі ата-әже­лері­міз бен аға-жеңгейлердің еншісін­де. Соңғы жа­салған статистикаға сәйкес, жас­тар «мем­лекетімізде кімге еліктегіңіз ке­леді?» де­ген cұраққа тек спортшылар мен ән­ші­лердің атын атаған. Бұл ненің бел­гісі? Орта буын өкілдері қатарынан ауызға тол­тырып айтатын азаматтардың жоқ­ты­ғы…
Қазіргі ата-әжелеріміз жастар алдында көне тарихи экспонат емес, заман ағымына сай ұлттық нақышта киім киіп, өздеріне қа­ратып сөз сөйлей алуға тиіс. Той басында «ал не дейміз енді, жастар бақытты болсын, ашық аспан мен мөлдір махаббат тілейміз» деген стандарты тезистерден гөрі, ел қа­ра­татын, өнеге беретін заманауи бата берсе ғой, шіркін … Ел алдында, Парламент дең­гейін­де тоқал алу тақырыбын талқылаған­ша, жастарға қалай үлгі бола аламыз деген мәселелер көтерілсе ғой, шіркін… «Жа­сы­ елуге келді, сондықтан ғана мен ел аға­­­сымын» деген кісілер қарындарын кі­шірейтіп, арақ-шарапты қалай ішуді, тост ай­туды үйретудің орнына, спортпен ай­на­лысып, білімдерін заман ағымына сай же­тіл­діріп, жігіттер еліктейтіндей нағыз зама­науи ағаларға айналмай болмайды.
«Жеңге атанар жасқа келдің, ата-енеге бас имей, күйеуіңмен тең бол» деген қасі­рет­ті ақылдан гөрі, жеңгелеріміз жас қыз­дарға өздері тамсанатындай, заман ағы­мы­на сай дұрыс, қазақы нақышта тәрбие бер­се ғой, шіркін…
Аға буын өкілдері жастар алдында қан­дай маңызды рөл атқарып жүргендерін білсе ғой, шіркін… Аға мен кіші буын ара­сын­дағы «паритеттік көпір» орнамағанша, пайда болған құз кеңейе беретінін түсінер қауымға «алтын сырға».
Ағаларымыз бен жеңгелеріміз осыған ой жүгіртуге тиіс. Өйткені кезінде өздері осын­дай тәрбиені нағыз ақсақалдардан, аға­лардан, әжелер мен жеңгелерден көрді. Ен­ді сол тәрбиені неге жастарға бермеске… Со­ның кесірі көп қазақтың басына тиіп жа­тыр емес пе?

Абзал ИМАНҚҰЛОВ,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі

Бөлісу:

Пікір жазу


*