Сыртқы саясатта – жаңа серпін

Қазақстанның сыртқы саясаты жаңа жылда тың серпінге ие болмақ. Оның үстіне, 2017 жылға ведомство жаңа басшымен аяқ басты.
Дәл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, 30 желтоқсанда Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездескен Елбасы дипломаттарымыздың жаңа жетекшісі Қайрат Әбдірахмановты таныстырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс құбылыстары мен өзгерген жаһандық ахуал жағдайында СІМ алдында жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұрғанын атап өткен болатын.
Соңғы жылдар әлемдегі көптеген елдерге саяси «тосынсыйлар» әкелді. Арасында сүйкімдісі де, сүйкімсізі де бар тағдыр «сыйлықтарының» сериясы жаңа жылда да жалғасын таппақ. Мысалы, он күннен соң әлемдегі ең ірі держава АҚШ-та билік тізгінін жаңа сайланған Президент Дональд Трамп өз қолына алады. Ұлықтау салтанаты 20 қаңтарға, қасиетті жұмаға белгіленгенімен, Ислам әлемін ұнатпайтынын, тіпті мұсылмандар үшін Америка есігін тарс жабуға дайын екендігін білдірген Трампты бұл теріс райынан қайтуға, мұндай ұстанымын іске асырмауына Елбасыдай бітімгер, сарабдал жаһандық тұлғалар ықпал ете алады.
Жалпы, биылғы жылы қазақ елінің адамзатты ортақ игілікке және кемел келешекке бастар өзінің бейбітшіл де байыпты сыртқы саясатын, әлемдік бастамаларын іске асыруына мол мүмкіндік туып отыр.
Сыртқы істер министрлігінің бағалауынша, соңғы жылдары әлем ең бір қолайсыз сценарийлер бойынша дами бастады. Жаһандық геосаясат пен геоэкономикада дағдарыстық құбылыстар ушықты. Бұған бірқатар теріс факторлар, атап айтқанда, халықаралық құқықтың іргетасын құрар қағидаттарының бұзылуы, төрткүл дүниедегі ең ірі мемлекеттердің қарым-қатынастарының сууы, терроризм мен радикализм қатерлерінің күшеюі ықпал етуде. Бұл факторлардың барлығы, әрине, біздің елімізге де теріс әсер етеді. Әлем өртке оранып жатқанда, оның ортасында «Мәңгілік ел» құру қиынға соғады. Сондықтан Қазақстан планетамыздағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту бағытында биыл да белсене қимылдамақ.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде республикамыз осы бағытты басты назарда ұстайды және жаһандық ұйымның бұл саладағы жұмысына елеулі үлесін қосуға ниетті. Сондай-ақ осы лауазымында ресми Астана Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың факторы ретіндегі Қазақстанның орнын нығайтуға, Орталық Азия мен Ауғанстанның проблемаларына әлем жұртшылығының назарын аударуға басымдық береді.
Тағы бір айтар жайт, енді еліміздің сыртқы саясаты да экономикалық мәселелерге кеңінен жұмылдырылады. Елбасының «экономикалық дипломатияны» күшейту бойынша берген тапсырмасына сай, Сыртқы істер министрлігі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының экономикалық міндеттерін тиімді ілгерілетуге, шетелдік инвестициялардың тартылуына ықпал етуге күш салады.
Қазақстан Президенті таяу арада Астанада Сирия түйткілдері жөнінде келіссөз жүргізуге мұқият дайындалу қажеттігіне де дипломаттарымыздың назарын аударған болатын. Ал Сирия шиеленісін реттеуге байланысты кездесулер 23 қаңтарда Астанада өтетіні жақында белгілі болды. Бірнеше жылдан бері жарылыстан көз ашпаған бұл елге Америка мен Ресей араласып, бейбіт күнді тудыра алмағаны мәлім. Енді арағайын ретінде қазақ елі араласып отыр. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри өздерінің Астанадан үлкен үміт күтетінін ашық айтты: «Егер Астанадағы Сирия бойынша келіссөздер шынымен де өтер болса, онда бұл іске үлкен серпін береді. Америка Құрама Штаттары Астанадағы кездесуді қоштайды. Біз оның алға қарай қадам бастыратынынан үміттіміз. Бұл туралы мен БҰҰ-ның арнайы елшісі Стаффан де Мистурамен, РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен әңгімелесуім кезінде де айттым. Олардың барлығы Астанадан кейін Женеваға жетіп, нақты уағдаластыққа шығу қажет деген байламмен келіседі» деді Джон Керри.
Өз кезегінде Стаффан де Мистура да астаналық кездесудің маңыздылығын атап көрсетті. БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик Астанадағы Сирия бойынша келіссөздердің Женевада 8 ақпанда БҰҰ қолдауымен өтеді деп белгіленген «Дамаск пен оппозиция делегацияларының кездесуіне» дайындық үрдісінің бір бөлігі болып табылатынын мәлімдеді. Яғни, Қазақстандағы келіссөздердің қаншалықты табысты өтуі кейінгі қорытынды мәмілелерге ықпал етпек.
Биыл Сирия сыртында, Қазақстан Украинадағы шиеленістің түйінін тарқатуға да күш-жігер бағыттайтыны мәлім болды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мейлінше тиімді жұмысты жолға қою қажеттігін маңызды міндет ретінде атаған болатын.
– Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің дипломатиялық қызмет органдарының жұмысындағы ең маңызды жүйелі элемент экономикалық өлшемдер болуға тиіс. Инвестиция тарту және отандық тауарлар экспорты мәселелерімен айналысу қажет. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің жұмысын күшейту керек. Келер жылы Астанада өткізу жоспарланып отырған ауқымды халықаралық іс-шараларға – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиттеріне тыңғылықты дайындалған жөн, – деген-ді Мемлекет басшысы СІМ қызметкерлеріне.
Сонымен бірге, Президент елшіліктер Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық уағдаластықтарға тиісті бақылау жасау саласында жұмыс жүргізуі қажеттігін арнайы атап өтіп, елімізді шетелдерге танытатын министрлік қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктелетініне, сондықтан кадр мәселелеріне баса ден қою керектігіне назар аударды. Дегенмен Қазақстан бірнеше елдегі елшілерін әзірге тағайындаған жоқ. Дипломатияда бұл қалыпты жағдай болса керек. Бірақ Қазақстанның Түркиядағы елшісінің 4 ай бойы тағайындалмағанын ескерсек, сыртқы саясатта «жеті өлшеп, бір рет кесетін» жағдай қалыптасқан тәрізді.
Сыртқы саясатқа қатысты тағы бір жаңалық, виза мәселесіне байланысты болып отыр. Биыл Қазақстан 45 елдің азаматтарына біржақты түрде визасыз режим орнатты. Бұл Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі мен Алматыда өтетін қысқы «Универсиада – 2017» ойындарына туристер молынан келуі үшін де жасалуда. Ал қазақстандықтардан биыл посткеңестік кеңістіктегі елдер сыртында, Индонезия, Македония, Малайзия, Намибия, Сейшель аралдары, Черногория, Эквадор, Филиппин, Барбадос, Оңтүстік Корея, Түркия, Аргентина, Сербия, Бразилия, Шри-Ланка және Израиль виза талап етпейтін көрінеді. Жақын арада Куба да отандастарымызға 30 күнге еркін жүруге келісімін береді деген мәлімет бар. Бір сөзбен айтқанда, 2017 жыл сыртқы саясаттағы батыл қадамдар арқылы басталған жайы бар. Нәтижесін уақыт көрсетер.
Елдос СЕНБАЙ