Өнертапқыш жастарға жігер берген байқау

1468
0
Бөлісу:
Аида ЫСҚАҚОВА, Көкшетау қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінің оқушысы, «Әлеуметтік маңызды жобалар» аталымының III орын иегері:

– Қазір әлемде қоқысты жинау және қайта өңдеуден өткізу мәсе­лесі жыл өткен сайын шиеле­нісе түсуде. Қоқыс ауаның ластануы мен түрлі жұқпалы аурулардың басты көзі. Көптеген елдер осы проблеманы шешуге күш салуда. Дамыған мемлекеттер табиғатты сақтай отырып, қоқысты екінші сортты шикізат ретінде пайдаланады. Жобаның негізгі мақсаты – қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, химиялық талшықтарды өндіру үшін екінші сортты шикізаттар, ПЭТ (пластикалық) бөтелкелерді қайта өңдеу протативті машинасын жасап шығару. Бұл жобаны жарты жыл бұрын жаздым.

Пластикалық бөтелкеге сипаттама беріп кетейін. ПЭТ бөтелке өзінің түрлі қасиеттерінің арқасында әлемде еш кедергісіз кең түрде қолданылады. Ол жеңіл, сынбайды, травмалық қауіпсіз, берік және экономикалық арзан. Оның сусындар мен тамақтарды қаптауда, фармацевтика және парфюмерия саласында, медицинада қолданылуы мүлдем қауіпсіз деп танылған.
Машинаның басты ерекшелігі – гидравликалық престі (жетекті) пайдалану болып табылады. Гидрав­ли­калық жетек дегеніміз – гидросорғы беретін сұйықтықтың қысымы арқылы жұмыс машинасын әрекет етуге келтіретін құрылғы. Ұсақталған пластик пресс-форманың қуысына салынып, 150-200°С температурада қызады. Қызудың арқасында ол иілгіштік қасиетке ие болады. Химиялық талшықтың әмбебаптығы пластикалық бөтелкенің шексіз қайта өңдеуге түсе алатынымен дәлелденеді.
Аидаға қайта өңдеуге арналған жабдықты жасау аса бір қиындық туғызбапты. Оның жасап шығарған машинасының негізгі ерекшеліктері функционалдылығы, мобильділік, жылдамдығы мен қолжетімділігі. Машина үлкен емес қалалардағы пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеуге арналған. Пластикалық бөтелкені қайта өңдеуге жауаптылықпен, болашағы бар екеніне сеніп кірісер болсақ, онда ол еліміз үшін маңызды және әжептеуір пайда әкелетін іске айналуы мүмкін екен. Алдағы уақытта ол өзге де ғалымдармен кеңесіп, жабдықты іске қосуға жұмыс істейтінін айтты.
Байқаудың арқасында жобамды ары қарай дамытуға құлшынысым артты. Ғылым саласындағы жастарға арналған байқау көптеген оқушыларға жігер бере алды. Алдағы уақытта да жалғасын табарына сенемін.

 


 

Айгүл СӘДУАҚАСОВА, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ докторанты, инженер-зерттеуші, «Үздік жас ғалым» аталымының I орын иегері:

 

– Айгүл Сәдуақасова бұл байқау жас ғалымдарға өз жо­баларын таныстыруға және қар­жы­лан­дырушы ком­пания­лар­дың назарын аудартуға мүм­­кіндік бергенін айтады. «Нұр Отан» партиясының жастарға арналған байқаулар мен сайыстарды жиі ұйымдас­тыратыны Елбасымыздың жастарды барынша қолдау саясатына сай келеді. Алдағы уақытта жобамды жүзеге асыру жолдарын қарас­тырудамын» дейді жас ғалым.
«SiO нанокәуектің негізінде жаңа на­но­технологиялар» тақырыбында ұсынған жобамда Қазақстан мен уран өндіретін елдер үшін маңызды мәселелердің шешімі қарастырылған. Жоба Қазақ­стандағы уран өндірісінің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігін арттырады. Ол қалай? Біз уранның гидрометаллургиясына өңделген органикалық емес сіңіргішті қолдану ар­қылы, уранның жерасты ұңғымаларында минералдық және гидроминералдық шикізаттан уранды галур­гиялық жолмен бөліп аламыз. Бұл қазіргі қолданылып жүрген әдістерден анағұрлым тиімді.
Жобамды үш кезеңге бөліп түсіндіріп берейін.
Шунгитте кейбір металдардың гидроксидін химиялық тұндырып алу керек. Цеолит деген металл арқылы уранды техногендік және гидроминералдық шикізаттан тазартуда оның сіңіргіштік қасиетін жоғарылатады.
Байқауда алғаш рет өңделген сіңіргіштерді қолдану мен уранды техногендік және гидроминералдық шикізаттан бөліп алу әдісін қолдану арқылы бұл шикізаттардың ураннан толықтай дерлік тазаланып шығуын көрсеттім. Сонымен қатар бірнеше пайызға дейін уран сіңіргіштерін қайта алуға мүмкіндік бар.
Жоғарыда келтірілген процесті елімізде бірқатар салада қолдануға мүмкіндік бар. Мәселен, жаңа тәсілді Үлбі металлургиялық зауытында пайдалануға болады. Осы зауытта жобамды сынақтан өткіздім. Мұндағы үш өндірістің бірі уран өндірісі. Онда уранның қалдықтары екіге бөлінеді. Егер ол қалдықтың 1 литрінде 3 және одан аз мл уран болса, онда ол сұйық қалдық. Егер 3 мл-ден көп болса, ол радиоактивті қалдық болып есептеледі. Ал оларға қалдықтарды ураннан өзім ұсынған тәсілмен тазалауды ұсынамын. Сонда тек сұйық қалдықтар ғана қалады. Сұйық қалдық қауіпсіз.
Сонымен қатар жерасты суларын тазартуда да жас ғалымның жобасын пайдалануға болады. Біздің елде бір кәсіпорында қолданатын судың құрамында 80 микрограмм уран бар. Ресейдің гигиеналық нормаларына сүйенсек судағы уранның мөлшері 100 микрограмнан аспауы керек. Аталмыш кәсіпорын судағы уран мөлшерін азайту үшін басқа кәсіпорыннан су сатып алады. Екеуін араластырған соң барып өндірісте қолданады. Менің жобам арқылы өздері қолданатын суда уранның мөлшерін азайтса, өзге кәсіпорыннан су сатып алып жүрмейді, шығын болмайды. Яғни, жобаның тағы бір пайдалы тұсы осы. Өз жобамда өзге салаларда да қолданылу мүмкіндігін молынан қарастырылған. Мәселен, Алакөл суының құрамын зерттеп жүрмін. Сөйтіп, көл суын уран концентрациясынан тазаламақ ниеттемін. Үш жылдан бері біз онда барып, судың құрамындағы уран концентрациясын зерттеп келеміз. Кей жерлерде оның концентрациясы 10 мг болса, басқа жерде 25 мг болды. Орташа уран мөлшері 15 мг. Ол курорттық аймақ болғандықтан суы да айтарлықтай таза болуы керек қой. Мен табиғи шунгитпен суды ураннан тазалап алуды ұсынып отырмын. Мәселен, Жапон теңіздерінде уранның мөлшері 5-6 мг ғана. Олар еңбекқор. Осынша аз мөлшерде болса да арнайы кәсіпорын салып, суларын тазалап алып жатыр.

Бөлісу:

Пікір жазу


*