Компания басшысы азаматтарды жеке қабылдады

Кеше «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің нұсқауына сәйкес азаматтарды қабылдау күні өтті.
Қабылдауды өткізген KEGOC АҚ және бастауыш партия ұйымының төрағасы Бақытжан Қажиев жеке азаматтардың мәселесімен танысты.
Жеке қабылдауға Астана қаласымен бірге Павлодар және Алматы облыстарынан келген азаматтар электрэнергиямен қамтамасыз ету, электрлік бағаналарды алмастыру және қайырымдылық жобасына әлеуметтік қолдау сауалдары туралы болды.
Екібастұз ауданынан келген «Жеңіс» жобасының еріктісі Жастілек Тілеулес KEGOC төрағасынан ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету мақсатындағы жоба жұмысының ары қарай дамуына компания атынан қолдау көрсетуін сұрады. Аталмыш жобаны «Самұрық Қазына» АҚ пен «Жас Отан» ЖҚ төрт айдан бері бірге жүзеге асырып келеді. Бұл жоба аясында ҰОС ардагерлеріне арналған түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жүр. Өз кезегінде
Б.Қажиев компанияның Екібастұздағы филиалына тапсырма беріп, жобаның дамуына жағдай жасалатынын мәлімдеді.
Айта кетерлік нәрсе, партияның қабылдау бөлмесіне электрлік бағананы алмастыру мәселесімен келген Лидия Почекунинаның өтініші БПҰ төрағасына жетпей-ақ шешілді. Азаматша партияға осыдан бір апта бұрын арызданған екен.
Ақтоты Байғазиева есімді Ақмола облысы Қараөткел ауылының тұрғыны тұрып жатқан жер үйінің электр қуатымен қамтамасыз етілмегенін айтып шағымданды. Б.Қажиев тексере келе бұл мәселе тікелей «Ақмола жергілікті электр желілері» АҚ-қа қатысты екенін анықтады. Ол өз атынан бұл акционерлік қоғамға хат жазатынын айтты.
Жұмысқа орналастыру өтінішімен келген Айгүл Мұхаметқалиева үш жылдық еңбек өтілімен бухгалтерлік қызметке кіргісі келетінін айтады. KEGOC АҚ төрағасы компания сайтына кіріп бос жұмыс орындарына өтініш қалдыруын сұрады. Өйткені барлық жұмысқа орналастыру істері ашық әрі әділ болуы тиіс.
– Барлық компаниялар түптің-түбінде азаматтар үшін жұмыс істейді. Сондықтан азаматтармен бұлай жеке кездесу, мәселелерін тікелей қарау екі жақ үшін де өте пайдалы деп ойлаймын. Азаматтарды қабылдауды бірінші рет өткізіп отырмын. Біздің KEGOC компаниясы тұтынушылардың күн санап өсіп жатқан сұраныстарын қамтамасыз ету мақсатында алдын ала керек инфрақұрылымдар мен электр стансаларын іске қосып, сұраныстарды өтеуге нәтижелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінгі біраз арызданушылардың сұрақтары біздің құзырымызға кірмейтін жағдайлар екен. Алайда әр адамның сұрағы жауапсыз қалмауға тиіс. Өз тарапымыздан осында айтылған мәселелерді тиісті орындарға жеткізуге келістік. Заңдық тұрғыда дұрыс болса, ол мәселелерді «Нұр Отан» партиясымен бірге бақылауға алып, шешімін табамыз, – деді Бақытжан Қажиев.
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН