Қазақ қаламгерлері – қырғыз елінде

1330
2
Бөлісу:
Осыдан екі ай бұрын қырғыздың төрт ақынын қазақ ақындары бірнеше күнге әдеби шараларға қатысу үшін қонаққа шақырған еді.

«Тамшы» ғылым және мәдениет қорының ұйым­дас­тыруымен өткен бұл кездесулер, дөң­гелек үстел, әдеби кештер бауырлас екі ел ақындарын жақындата түскені сөзсіз. Қырғызстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Тыныч­тык­бек Нурманбетов, Қырғызстанның мем­лекеттік ресми газеті «Эркин Тоо» газетінің бөлім меңгерушісі Карба­-
лас Бакиров, Қырғызстан жоғары ке­ңесінде қызмет атқаратын Атантай Акбаров, «Бағыт» басылымының бас редакторының орынбасары Назгүл Осмонова бұл жылы жүздесулерден кейін ерекше әсер алып, осы әдеби басқосуларды Қырғыз елінде де жал­ғастыру ойлары бар екенін айтқан бо­латын.
Арада екі ай өткен соң, қырғыз ақын­дарының шақыруымен ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков, «Иль­хам» сыйлығы мен қырғыздың Молда Бағыш сыйлығының иегері Дәулетбек Байтұрсынұлы, Қайырбек Шағыр, Ер­ғазы Манапұлы, Саят Қамшыгер Біш­кекке барып қайтты. Қырғыз елінің Шыңғыс Айтматов дүниеге келген
күн – 12 желтоқсанды Әдебиет мей­рамы етіп белгілегендеріне бірнеше жыл болыпты. Осы ретте «бізге неге осындай күнді белгілемеске» деген ой бәріміздің көңілдеріміздің түкпірін­-
де пайда бола кеткені шындық.
Қырғыздар Әдебиет мейрамының аясында бірнеше күн бойы көптеген іс-шаралар өткізді. Екі елдің де Тәуел­сіз­дігіне 25 жыл толып жатқанымен байланысты бұл әдеби шаралар Қыр­ғыз мемлекеттік теле-радио коми­теті­нің Замана студиясындағы тікелей эфирмен басталды. Қазақ пен қырғыз ақындары қатысқан бұл тікелей эфир арқылы бүкіл жұртшылық Әдебиет ме­рекесін сезініп, екі ел ақындарының достығына куә болды.
Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлт­тық университетінің мәжіліс залында өткен кездесуде қазақ ақындары қыр­ғыз ақындарынан аударған жырларын оқыса, қырғыз ақындары қазақ поэ­зиясынан «қотарған» өлеңдерін оқы-ды. Қайырбек Шағырдың: «Бармасаң-кел­месең жат боласың, Алмасаң, бер­месең сарт боласың» деген. Біз сіздерге жат болып, суынып кетпеу үшін кел­дік» дегені әдебиет сүйер қа­уымға ерекше ұнады. Студенттер кел­ген қонақтардың құрметіне ән мен дәстүрлі өнерден шашу шашты.
Қырғызстан жазушылар одағы мен Т.Садыков атындағы ұлттық көр­кем­сурет академиясындағы, ұлттық кітап­ханадағы іс-шаралар біріне-бірі ұқса­майтын жаңа форматымен, жаңа­шыл­-
дығымен ерекшеленді. Бішкектің шетін­дегі Ата Бейітте 1916 жылғы кө­теріліс құрбандары мен 1937 жылғы репрессия құрбандарына қойылған үлкен монумент бар екен. Ата Бейітке зиярат барысында сол жерде дамыл тауып жатқан «Адамзаттың Айт­ма­товы» атанған Шыңғыс Төреқұлұлының рухына арнап құран бағышталды. Бірінші күні Бішкекте қапалақтап қар жауған еді. Ертеңінде қардың барлығы еріп кетті, керемет күн шуақты болды. Тынычтыкбек ақын: «Кешеден бері жауған қарды қазақ-қырғыз достығы ерітіп жіберді» дегенде бәріміз ду күлдік.
Екінші күнгі шаралар «Эл ТВ» те­леарнасындағы бір сағаттық тікелей эфирмен аяқталды. Болашақта аудара­тын көптеген қырғызша жыр кітап­тарын көтеріп келе жатып Әділғазы Қайырбековтен «Сапар қалай болды, аға?» деп сұрап едім, «Кем жоқ» деп бір жымиып қойды. Болашақта бұл әдеби байланыстар жалғасатын болды.

Сыбан БАЙКӨБЕК

Бөлісу:

2 пікір жазылған

Пікір жазу


*