Пан Ги Мун – Оңтүстік Кореяның президенті болуы мүмкін

2177
1
Бөлісу:

Бұлай деп айтпасқа лаж жоқ. Өйткені Оңтүстік Кореяда саяси жағдай шиеленісіп тұр.

 Қазіргі президент Пак Кын Хе ханымға сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылып отыр. Халық толқуы әлі басылар емес. Ақиқатына келсек, ел президенті Пак Кын Хе жақында сот залында отыруы мүмкін. Қазір елде Пак Кын Хе ханымға импичмент жариялауға қатысты Конституциялық соттың алғашқы отырысы өтуде. Өткен аптада Оңтүстік Кореяның Ұлттық жиналысы (парламент) президентке қатысты мәселе қарап, оған импичмент жариялады. Енді Пак Кын Хе мен оның құрбысы Цой Сун Сильдің басына тықыр таянуы мүмкін.

Жалпы соңғы екі айда Сеулдің орталық алаңына милллиондаған адам шығып, наразылық акциясын өткізді. Ақыры халық толқуы парламенттің ел президентіне импичмент жариялауымен аяқталды. Енді бұл мәселені Конституциялық сот қарайды. Егер шын мәнінде Конституциялық сот парламент қабылдаған импичментті заңды деп тапса, онда екі айдан кейін елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі де ықтимал.

Ал елдегі қалыптасқан қиын саяси жағдайды ескере келіп, Оңтүстік Кореядағы жетекші партия «Сэнури»  жақын күндері БҰҰ-ның  Бас хатшысы ретіндегі лауазымдық қызметі аяқталатын Пан Ги Мунды ел президенттігіне ұсынбақ. 9 желтоқсанда парламент қазіргі Оңтүстік Корея басшысына импичмент жариялағаннан кейін ол қызметінен шеттетілгені белгілі. Енді міне жетекші партия дереу есімі әлемге танымал Пан Ги Мунның кандидатурасын ұсынып отыр.

Соншалықты Пак Кын Хе не бүлдірді дерсіз? Ол өзінің 40 жылдан бергі құрбысына «мемлекеттік құпия» деп белгі соғылған, сонымен қатар басқа да құжаттарды берген. Ал ең бір қызығы, Цой Сун Силь Президент берген кейбір құжаттарға өзгертулер мен түзетулер енгізген. Оның мемлекеттік қызметке еш қатысы болмаса да, Президент әкімшілігіндегі кадрлық тағайындауларға араласқан. Тіпті жөн-жосықсыз кейбір баяндамаларға түзетулер енгізген.  Енді міне құрбы мен Президенттің ара қатынасындағы жағдай жалпақ жұртқа мәлім болып, мемлекет басшысы әшкере болды.

Қазіргі уақытта президенттің міндетін премьер-министр Хван Гё Ан атқаруда. Ал Пак Кын Хе ханымды қызметтен мүлдем шеттету қашан жүзеге асады? Бүкіл ел анығын айтсақ, қазір Конституциялық соттың шешімін күтіп отыр. Сот мүшелері импичмент жариялауды заңды деп тапса, онда халықты толқытқан барлық мәселе шешіледі. Сот алдында «Пак Кын Хе ісі» бойынша тыңдау басталады. Арнайы жұмысшы тобы құрылып, импичментке алып келген барлық оқиғаның себеп-салдары талданады. Оған дейінгі бір мәселе бар. Ақиқатын айтсақ, 9 судьяның алтауы импичментті заңды деп тапса,  Пак Кын Хе қызметінен босатылады да, алдағы екі айдың ішінде мерзімінен тыс президенттік сайлау басталады.

Қазірдің өзінде парламент төрағасы Чон Се Гюн импичменттің заңдылығын тезірек тексеру күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Өйткені мемлекеттік билік аппараты дұрыс жүйелі әрі жемісті жұмыс істеу үшін бұл процестің тезірек аяқталғаны тиімді болып тұр. Парламенттің заң қабылдауын да жедел жүзеге асыру қажет.

Сондықтан парламент депутаттары елдегі саяси жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар заң жобаларын қабылдауы қажет. Экономиканы сауықтырып, жаңадан жұмыс орындарын ашу да күн тәртібінде тұр.

Алдағы жағдай қандай болуы мүмкін? Оған қатысты сарапшылардың пікірі қандай?  Ресейдегі МГИМО профессоры, Азия институтының сарапшысы Георгия Толоран  «Қалай айтқанда да,  ендігі процесті тоқтату қиын. Бірақ Конституциялық сот халықтың наразылығына қарсы келе алмайды. Сондықтан Пак Кын Хе қызметтен шеттетіледі. Сотталуы да мүмкін» деген пікірде.

Расында да Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хенің рейтингі бүгінгі күні ең төменгі дәрежеге жетті. Қазір елдегі халықтың 93 пайызы оған наразы.

«Сыбайлас жемқорлық Оңтүстік Корея билігіне тән нәрсе десек, артық айтпағанымыз. Ал Пак Кын Хенің әрекеті сыпайылық аясынан шығып кетті,- дейді Георгия Толоран. – Сондықтан елде халықтық толқу орын алды. Ел демократия жолынан өтті, кейінгі өсіп келе жатқан буын президентті император ретінде көргісі келмейді. Сондықтан миллиондаған халықтың шеруін түсіне білу керек».

Парламент импичмент жариялағаннан кейінгі әрекет те енді ұзаққа созылады. Кореяның прокуратурасы жұртшылыққа мәлім болып отырған дәлелдердің бәрін сотқа тапсыруы керек. Ол аз уақыт алмайды. Бірақ Сеулдің Орталық прокуратурасының өкілі Ли Ён Ёля Президент пен оның құрбысы және көмекшісінің өзара жазысқан хаттары мен телефон арқылы айтылған құпия әңгімелерінің барлығын да жазып алған. Енді прокурор 90 күннің ішінде осының бәрін қылмыс материалына тіркеуі керек. Содан кейін барып, Жоғары Сот ақырғы рет айып тағады. Бұл келер жылдың күз айына дейін созылуы ықтимал.

Ал Пак Кын Хенің құрбысының кінәсі неде? Алдын ала мәлім етілген ақпарларға қарағанда, Цой Сун Силь елдегі бірқатар фирмалар мен компанияларға қысым көрсеткен. Тіпті өзінің атына жазылған бірнеше қорға аталған компаниялардан қаржы да аудартқан. Тіпті кейбір бизнес-корпорациялар Цой Сун Сильдің қорына 70 миллион доллар қаржы бөлген деген дерек те бар. Бұл қаржыға Президенттің құрбысы шетелден бірнеше жылжымайтын мүлік, тіпті зәулім сарайлар сатып алған. Оңтүстік Кореяның ең қымбат университетінде оқитын бір қызының ақшасын елдегі бір компания жыл сайын төлеп отырған.

Сонымен қатар, Президент әкімшілігінде жұмыс істейтін тағы екі қызметкер қызмет бабын асыра пайдаланып, ақша жасаған.

Сарапшылардың айтуына қарағанда,  Президент әкімшілігінде тиімсіз жұмыс істейтін әрі баюды ғана ойлайтын кездейсоқ адамдардың көбейіп кетуінен Пак Кын Хе осылай абыройсыздыққа ұшыраған. Халықаралық саясатты да олар тиімді жүргізе алмады. Солтүстік Корея мемлекетімен арадағы жағдай ушығып кетті. Қытаймен саяси жағдай нашарлады. Мұның барлығы да Оңтүстік Кореяның экономикасына орасан зор зиянын тигізді.

Сарапшылардың пікірінше, Ресеймен арадағы 2013 жылы қол қойылған екіжақты келісімшарт орындалмай қалған. Ресми Сеул Ресейге қарсы жасалған Батыс елдерінің санкциясына қосылмаса да, бірақ екіжақты экономикалық даму күрт нашарлады.

Сонымен, Пак Кын Хе Оңтүстік Кореядағы ең нашар президент ретінде тарихта қалайын деп отыр. Сеулде оны тұрғындардың 2 пайызы ғана қолдайды. Ел жастарының 1 пайызы ғана –  Пак Кын Хенің жағында. 2013 жылы ел халқының 67 пайызы Президент ханымды қолдаса, қазіргі рейтинг мүлдем керісінше сипат алды. Президенттік лауазымының соңғы айларында оны халықтың 6 пайызы ғана жақтаған.

Нақты айтсақ, бүгінгі қалыптасып  отырған саяси жағдай бәрінен бұрын елдегі билеуші «Сэнури» партиясына қиын тиді. Аталған партияның рейтингі Президентке қатысты өрбіген төтенше оқиғадан кейін 18 пайызға құлдырады, ал керісінше, оппозициялық демократиялық партияның көрсеткіші 31 пайызға артты.

Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Дәл қазір, елдегі жетекші партияның ролін қайтадан көтеру үшін мықты тұлға, саяси қайраткер керек. Ол кім болмақ? Ел ішінен ондай адам табыла ма? Сондықтан «Сэнури» партиясы бір ғана адамды ұсынып отыр. Ол әрине қазір «әлем президенті» деген атаққа  ие болып отырған  – БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун. БҰҰ-ның Бас хатшысы ғана елді қайтадан ортақ мақсатқа жұмылдыра алады. Саяси элита мен электоратты өзіне қаратады. Халық Пан Ги Мунның соңынан сөзсіз ереді. Сондықтан Сеулде «салтанатты балды» басқарып отырған консервативтік күштер Пан Ги Мунды қазіргі уақытта керек әрі қолайлы президент деп  санайды.

«Оппозиция арасында халықты соңына ерте алатын, жетекші қайраткер, тұлғалар жоқ. Сондықтан рейтингі төмен түскен партияның атынан президенттік сайлауға түсетін танымал тұлға қажет. Ол  – таяу арада қызметтік лауазымы аяқталатын Пан Ги Мун» ,- дейді сарапшылар.

Расында да қазіргі жағдайды сараптай қарасақ, бұл болжам ақиқатқа айналайын деп тұр. Сондықтан Пан Ги Мун Оңтүстік Кореяның президенті болуға әбден лайық тұлға деп тұжырым жасауға болады…

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*