Жұмекен ақын жырлары жүректерде жатталған

1125
0
Бөлісу:

Атырауда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің бірінші республикалық байқауы өтті.

Жұмекен Нәжімеденов – азаматтық, философиялық, лирикалық өлеңдерімен, баллада жанрымен қазақ әдебиетіне қайталанбас құбылыс болып келген жыр жұлдызы – ұлттық мақтанышымыз, жас ұрпақтың рухани айнасы. Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңіне белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың ән арнауы туындының ғұмырын мәңгілікке айналдырды. Ұлт бойындағы рухты мызғытпай, жарты ғасыр бойы тербеп келген осынау ән бүгінгі күні тәуелсіз Қазақ елінің Мемлекеттік әнұранына айналды.
Тамыры терең Жұмекен жырларын жүректен өткізіп жеткізіп, оқырманын ойға жетелейтін прозасын оқыған көркемсөз шеберлерінің өнерін жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қажығали Мұханбетқалиұлы бастаған қазылар алқасы бағалады. Қазылар ал­қасының құрамында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы, жазушы Мереке Құлкенов, ақын, филология ғылым­дарының докторы, жұмекентанушы Қадыр Жүсіп және Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов болды.
Үкілі үмітпен барлық облыс пен екі қаладан қатысқан 18-35 жас аралығындағы 17 үміткер, байқау шартында көрсетілген көркем мәтінді оқу шеберлігі, дауыс мәнеріне және тіл тазалығы, көркем мәтінді таңдау талғамы, сахнада өзін-өзі ұстауы мен сахналық киім үлгісіне сай өнер көрсетті.
Қазылар алқасының төрағасы, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы үздіктерді анықтау қиынға соққанын айтты.
– Бәйге талас-тартыссыз болмайды. Жастардың қай-қайсысы да жақсы өнер көрсетті. Бірақ «Жүйріктен жүйрік озар» дегендей, олардың еңбегін таза бағалауға тырыстық, – деді Қажығали Мұханбет­қалиұлы.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев байқаудың марапаттау рәсімінде жыр додасының мәні мен мазмұнына кеңінен тоқталды.
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең көлемде тойлануда. Бұл ата-ба­ба­ларымыздың аңсаған арманы еді. «Қашан Тәуелсіз ел боламыз?» деп, қаншама боздақ жанын пида етті. Сол егемендік бүгінгі күні бізге бұйырды. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Тәуелсіздікті алу бізге қан­дай қиын болса, ғасырлар бойғы арман­даған қасиетімізді ұстап тұру одан бетер қиын. Сондықтан жүрегі елім деп соққан әрбір қазақ тәуелсіздік ұғымы мәңгі болуы үшін білімін жетілдіріп, қо­ғамға пайдасын тигізуі керек» деп атап айт­қан болатын. Осы қасиеттердің бәрі біз­­де бар. Жұмекен оқуларының жастарға – Отанына деген сүйіспеншілігін арт­тыруда маңызы зор. Айтарым, Жұмекен Сабырұлы атындағы көркемсөз байқауы келесі жылы да жалғасын табады. «Адамзаттың өмірінен өнерді, мәдениетті алып тастасаң, әлемде қарудың дауысы мен ақшаның сыңғыры қалады» деген даналық ой бар. Сондықтан мұндай шараларды жиі ұйымдастыру – өмірдің талабы» деген облыс әкімі байқаудың бас жүлдесін иеленген алма­тылық Гүлім Садырбековаға диплом мен 300 мың теңгелік сертификатты табыстады. Сондай-ақ шараның арнайы қонағы – жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлын 74 жасымен құт­тықтап, «Исатай – Махамбет ескерт­кішінің» экспозициялық көшір­месінің статуэткасын сыйға тартты.
Жүлделі I орынды атыраулық Назира Әшім иеленді. Ақмола облысынан қатысқан үміткер Перизат Жаңғылыш­баева мен Маңғыстау облысының үмітін үкілеп келген Айдос Жұмабаевқа жүлделі II орынның жүлдесі табысталды. Қазылар алқасы III орынға Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан Арайлы Алтаева мен жерлесіміз Нұрдәулет Табылдиевке және Оңтүстік Қазақстан облысының қатысушысы Назерке Құлжабаеваны лайық деп тапты. Айтарлығы, Астана қаласынан қатысқан көркемсөзші Мадияр Жақыпқа «ТрансМұнайГаз» ЖШС компаниясының директоры Рашид Ілесұлы Жұмекен шығармасын сахна тілінде сөйлеткен актерлік шеберлігі үшін 100 мың теңге қаржылай сыйақы берді. Байқауға қа­тысушылардың барлығына алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Көркемсөз оқуларының бірнеше дүркін бас жүлдегері, Жұмекен оқуынан да топ жарып шыққан байқаудың жеңім­пазы Гүлім Садырбекованың айтуынша, қарсыластары өте жақсы дайындықпен келген. – «Бас жүлде бұйырады» деп ойламаған едім. Бірақ бүгін менің жолым болды. Қуаныштымын! Көркемсөз­шіл­ер­дің өзге сайыстарда да бағын сынап көріп, жеңіске жетуіне тілектеспін»,  деді Гүлім Бейсенқызы.
Қазылар алқасының мүшесі Серік Тұрғынбеков:
– Жұмекен көркемсөз оқулары қазақ поэзиясы мен Жұмекен үшін үлкен сілкініс болды. Оның Жұмекеннің туған жерінде өтуі көпшілік жүрегін тебірентіп жіберді. Жастардың осыншалықты ықыласпен қатысуына куә болдық. Облыс әкімі Н.Ноғаев Жұмекен оқулары жыл сайын дәстүрлі өтеді деп айтты. Бұл жұмекентануға үлкен жол ашылды деген сөз, – деді.
Ал филология ғылымдарының докторы, ақын, жұмекентанушы Қадыр Жүсіптің айтуынша, Жұмекен көркемсөз оқулары байқауы, Жұмекеннің дәл қазіргі заман ақыны екеніне көз жеткізді. – Қатысушылар орасан зор дайындықпен келген екен. Өлеңдерін терең оқып, прозаларын көз алдымызға кинодағыдай әкеліп төгілтіп салды. Тыңдаушының санасына жеткізе алды. Бір өтірігі жоқ, қайталау жоқ, Жұмекен шығармасына деген тәнтілік сезімді көрдік. Жұмекен поэзиясының ерекшелігі сол – ол поэзия оқушыны логикалық ойға шақырып, шығармашылық ізденіске ұмтылдырады. «Жұмекентанушы ретінде мен байқауға қатысқан барлық жастарға ризамын!» деген Қадыр Өтегенұлы еліміздің барлық облыстарында жұме­кентану жұмыстары­ның белсенді жүріп жатқанына ризашы­лығын білдірді.
Ақиқатында, қазақ поэзиясының биік парасатына айналған Жұмекен Нәжіме­деновтің поэзиясы – мәңгілік поэзия екенін айқындап берді.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*