Қазақ елінің беткеұстар жобасы

1071
0
Бөлісу:

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстанда әралуан салада кең ауқымды жобалар мен ғаламат бастамалар жүзеге асырылды.

Солардың бірі – Елбасы тапсырмасымен 1993 жылы қолға алынған «Болашақ» президенттік бағдарламасы болса керек. Ол бүгінде әлемдік білім кеңістігінде қазақ елінің беткеұстар жобасына айналды.

Бір қызығы сол, БҒМ дерегінше, алғашқы он жыл ішінде президенттік стипендия небары 785 адамға ғана тағайындалған екен. Кейін, 2015 жылы Елбасы өз Жолдауымен бұл санды бірден 3 мыңға көтерді. Білім қуған жастар жолданатын елдер қатары 13-тен 30-ға дейін өсті («шығыстық бағыт» – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур кірді). Сонымен бірге «болашақтықтарға» оқу бітірген соң, елге оралып, кем дегенде 5 жыл осында жұмыс жасау талабы бекітілді.

–Жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша өзінің негізгі міндетін атқара отырып, «Болашақ» еліміздің қажеттіліктеріне сай, сапалық та, сандық та тұрғыдан өзгеріп отырды. Бұл ретте әрбір жаңалық қордаланған тәжірибеге сүйенеді және жаңа стратегиялық перспективаларға бағыт береді, – деді Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Жанболат Мелдешовтың хабарлауынша, биылғы жылы президенттік стипендиядан үміткерлерді іріктеу, ЖОО-ларды таңдау талаптары қатайтылған. Сондай-ақ комиссия отырыстарын, емтихандар мен әңгімелесулерді бейнежазбаға түсіру енгізілді, олар орталықтың сайтына орналастырылады.

23 жыл ішінде «Болашақ» бойынша шетелде ұлттық экономиканың әртүрлі салалары үшін 9 339 маман әзірленген. Оның ішінде 2800-і бакалавр, 4,5 мың магистр, 135 аспирант, 110 доктор бар, 1800 адам шетелдік кәсіпорындарда тағылымдамадан өткен. 2 мыңнан астам инженер, сондай-ақ мектептер мен ЖОО-лардың шамамен сонша ұстазы, 600 дәрігер, 400 мемқызметші, 200 шығармашылық сала маманы даярланыпты. Тағы 2 мыңдай адам ұлттық және жеке компанияларда істейді.

«Болашақтықтар» 100 пайыз дерлік жұмысқа орналасқан» деді Ж.Мелдешов. Оның дерегінше, биылғы жылы 544 үміткерге президенттік стипендия беріліпті.

2011 жылдан бастап, «Болашақ» бойынша бакалавриатта оқыту тоқтатылды. Өйткені ой-санасы әлі қалыптаса қоймаған мектеп түлектері шетелге оқуға барып, жатжұрттардың құндылықтарын бойына сіңіруі және ұлттық құндылықтардан бас тартуы қаупі болған. «Жалпы, әлемде әртүрлі басқа білім бағдарламалары аясында 60 мыңдай қазақстандық жас өз қаржысымен шетелде, негізінен, бакалавриат бойынша білім алуда. Ал шетелдегі қазіргі «болашақтықтар» саны 1300 адам. Бүгінде министрлік бакалавриатты «Болашаққа» қайтару мәселесін қарастыруда. Мүмкін, келесі жылы ең дарынды, халықаралық олимпиадаларда жеңген қазақстандық жастарды бакалавриат бойынша шетелге жолдауды жалғастыратын шығармыз» деді «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті.

Ж.Мелдешов ауыл жастарының бағдарламаға қатысу мүмкіндіктеріне де тоқталды: «Менің өзім ауылдың баласымын. «Болашақ» болмаса, шетелде оқуға мүмкіндігім болмас еді. Биылғы 544 адамның 5 пайызы дәл қазір ауылда тұрады. Бірақ қалған 95 пайыз ішінде де 45 пайызы – ауылда туып-өскен жастар, олар қалаға келіп, осында оқуға түскен, ары қарай магистратура, докторантура аясында білімін тереңдетуді «Болашақ» аясында шетелде жалғастыруға шешім қабылдаған».

Журналистер қанша «болашақтықтың» елге қайтпай қалғанын сұрады. Жанболат Мелдешовтың мәліметінше, 2005 жылдан бері Қазақстан қаржысына шетелде диплом алып, бірақ Отанға оралмағандар саны 155 адамды құрайды екен. «Олардың қарызы 1,9 миллиард теңгеге жетеді. Шамамен 500 миллион теңге кері қайтарылды» деді ол.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қазіргі күрделі шаққа қарамастан, «Болашақ» бағдарламасы қаражаттарын қысқарту көзделмейтінін жеткізді. Ол сондай-ақ бағдарламаның стипендиаттарды ана болу бақытынан айырмайтынын атап өтті. «Егер жүкті болса, үзіліс жасап, оқуын кейін аяқтауға мүмкіндік беріледі. Жалпы, бізде «болашақтық» қыздар арасында мұндай жағдай жыл сайын өте көп кездеседі. Біз ана мен баланы қорғау бойынша талаптарды сақтаймыз» деді БҒМ өкілі Б.Асылова.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*