Траян Христеа, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы, елші: Еуроодақ – Қазақстан ынтымақтастығы қарқынды даму жолында

2197
0
Бөлісу:

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси және  экономикалық ынтымақтастық, екіжақты  қарым-қатынастың қарқынды дамуы, ЕО-ға мүше мемлекеттердің елімізге деген инвестициялық қызығушылығы Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы, елші Траян Христеамен арадағы болған сұқбаттың негізгі арқауы болмақ.

– Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең негізгі саяси және экономикалық әріп­тестерінің бірі. ҚР Президенті Н.Назар­баев еліміз бен ЕО арасын­дағы дип­ло­матиялық қарым-қатынас орнаған 1993 жылдан бері ЕО-ның штаб-пәтері орна­ласқан Бельгияның Брюссель қала­сына 7 рет сапар жа­сап­ты. Осы сапардың әр­қайсысы Қа­зақ­стан мен ЕО арасындағы қарым-қатынасты жақындата түскені рас, келісесіз бе?

– Шынында да, ЕО – Қазақстан дипломатиялық қатынастары орнатыл­ғаннан бері ынтымақтастық ауқымы мен мазмұны біртіндеп ұлғаюда. 2011 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа Кеңейтілген әріптестік пен ынты­мақ­тастық туралы келісім бойын­ша келіс­сөздердің басталуы екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуына серпін берді. Сол уақыттан бері келіс­сөздердің сегіз отырысы өтіп, сайып кел­генде, 2015 жылдың 21 жел­тоқсан күні Кеңей­тіл­ген әріптестік және ын­тымақ­тас­тық туралы келісімге Астанада қол қойылды.
Әсіресе, биылғы жылдың наурыз айын­да Президент Н.Назарбаевтың Брюссельге сапары ЕО – Қазақстан ын­­­ты­мақтастығын дамыту және Ке ң­ей­­­тілген әріптестік пен ынтымақ­тастық туралы келісімнің бастапқы қолданылуы бойынша ары қарайғы қадамдарды талқылауда маңызды бол­ды. Сапар бары­сында ЕО Қазақстан сыртқы саясатының ең маңызды ба­ғыт­тарының бірі және өзекті сауда әріп­тесі екені ерекше атап өтілді.
Ал бүгін Брюссельде жаңа Келісім шеңберінде ЕО – Қазақстан ынтымақ­тастық кеңесінің алғашқы отырысы өтеді.  Оған қатысушы делегацияларға қазақстандық тараптан ҚР Сыртқы іс­тер министрі Ерлан Ыдырысов және еу­ро­па­лық тараптан қазір төрағалық ету­ші Словакия Сыртқы істер минис­трі Ми­рослав Лайчак басшылық етеді. Бас­қосу барысында саяси және эконо­ми­­ка­лық ынтымақтастық, тұрақты даму, зияткер­лік меншік, қауіпсіздік және әділет іс­тері, сондай-ақ адам құ­қық­тары бағыт­та­рын қоса алғанда Келісімнің бастапқы қолданылуы мә­се­лелері, сонымен қатар алдағы қысқа мер­зімдік іс-шаралар күн тәртібін тал­қы­лау жоспарлануда.
– Өткен жылдың 21 желтоқ­са­ны­н­да Қазақстан мен ЕО арасында Кеңей­тіл­ген әріптестік және ынтымақтастық ке­лісімі жасасқаны белгілі. Келісімге қол қойыл­ғаннан бері бір жылдай уақыт өте келе, қазіргі таңда уағ­да­лас­­­­тық­тар­дың даму жағдайы мен ат­ал­ған келісімнің жалпы жаңаша­лы­ғына тоқталып өтсеңіз. 
– Осы тұста Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім ЕО мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді және берік әріптестік қа­ты­нас­та­ры жаңа кезеңінің  жаршысы еке­нін атап өткен жөн. Қазақстан мен ЕО 1995 жылдан бері алдыңғы Әріптестік пен ынтымақ­тас­тық туралы келісімге қол қо­йыл­ған сәттен бастап ай­тар­лықтай саяси, эконо­микалық және әл­еу­­мет­тік өз­ге­ріс­терді басынан ке­шір­ді. Басқаша айт­қан­да, «екінші буын» ке­лісімі деп аталатын Кең­ей­тіл­ген әріптестік және ын­ты­мақ­тастық ту­ралы ке­лісім екі­жақ­ты ын­­ты­­­мақ­тас­тық үш­ін нағыз заманауи, жан­-­­жақты және қар­қын­ды негізді қам­та­ма­сыз ете­ді. Қазақстан – осын­дай ке­лі­сімге қол жеткізген Ор­та­лық Аз­ия­­дағы тұң­ғыш мем­­лекет. Келісім сондай-ақ тұ­рақ­тылық пен нақтылық аса маңыз­ды уа­қытта өзекті ЕО әріп­теспен тұрақты құқықтық негізді де қамтамасыз етеді. Бізге осы бағыттағы қарқынды белсен­ді саясатымызды сақ­тау аса қажет.
Жаңа Келісім ҚР Парламентімен рати­­фикацияланып, ендігі кезекте бі­раз уақыт алатын ЕО рәсімдеріне сәй­кес ол ЕО-ның барлық 28 мүше-мем­лекеттері мен Еуропалық Парла­мент тарапынан бекітілуі қажет. Алай­да 2016 жылдың 1 мамырынан бері Ке­лі­сім­нің негізгі баптарын алдын ала жү­зе­ге асыру басталып, қазірдің өзін­де біз­ге осы жаңа құқықтық негіздің ар­­тық­шылықтарын қолдануға мүмкін­дік беруде.
Келісім экономикалық және қар­жы­лық ынтымақтастық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және кли­маттың өзгеруі, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер, мәдениет, білім беру және ғылыми-зерттеу сек­тор­­­ларын қамтитын жалпы 29 өзекті сая­си бағыттар бойынша нақты ын­ты­мақ­­тас­тықты нығайтады.
Іс жүзінде келісімді уақытша қол­да­ну­ды бастауға болады және тұтыну­шы­лар құқықтарын қорғауды жетіл­діру, шағын және орта бизнес үшін мүм­­­­кіншіліктерді кеңейту, жұмыспен қам­ту, энергияны тиімді пайдалану және жаңартылмалы энергия көздерін да­мы­ту, сенімді бизнес-орта, ауыл шар­­уашылығы және ауылдық аумақ­тар­­ды дамыту секілді секторларда екі та­рап­қа да өзара тиімді нақты ар­тық­шы­лықтар ұсынылады. Оған қоса жаңа Келісім, әсіресе, өңірлік тұ­рақ­ты­лық, терроризмге қарсы күресте ха­л­ық­аралық ынтымақтастық, жан­жал­­­дардың алдын алу және дағдарыс­тар­­ды реттеу салаларында сырт­қы сая­сат және қауіпсіздік саясаты бой­ын­­ша ынтымақтастықты нығай­туға сеп­тігін тигізетіні сөзсіз.
– Бүгінгі таңда ЕО Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріп­­­тесі саналады. 2005-2015 жылдар ара­лығында Қазақстан экономика­сы­на ЕО елдерінен тартылған инвести­ция көлемі 107,4 миллиард АҚШ дол­ла­­­рын құрады. Жалпы, тартылған ин­вес­тиция көлемі 218 миллиард дол­лар­ға тең екенін ескерсек, ЕО инвес­ти­­циясы қомақты қаражат. Осы үрдіс ал­дағы уақытта да жалғасын таба бе­ре­ ме?
– Қазақстанның болашақ мақсаты ЭЫДҰ-ға ену болғандықтан оған қол жет­­кізу үшін одан әрі реформаларды ұсы­ну керек. Біз қазақстандық тарап­тың шетелдік инвесторлар үшін инвес­ти­циялық климатты жақсарту бағы­тын­­­дағы саясатын қолдаймыз. Атап айт­қанда, олар «бір терезе» жүйесін, Ин­вестициялық омбудсмен лауазы­мын енгізу, қолайлы салық ережелерін ұсы­ну және осы реформаларды жүзеге асыру бойынша Парламент қарауын­дағы заңнамалық актілер жиынтығы. Сонымен қатар 2015 жылғы 30 қараша­да Қазақстанның ДСҰ-ға енуі нарыққа қолжетімділік шарттарын нығайтып, уақыт өте келе, кеңейтілген сауда ре­жи­мі үшін мүмкіндіктер ашады. ЕО үнемі Қазақстанды ДСҰ қатарына қо­сы­лу алдында да құптап, қазіргі таң­да Қазақстан өз міндеттемелерін толық­қан­ды жүзеге асыру жолында қол­дау­ды жалғастыруға ниетті.
Осы тұста айта кететін тағы бір жаңа бастама бар: жақында ЕО инвес­ти­циялық стратегиясы қайта қаралды. Осы жылдың 14 қыркүйегінде ЕО-ның аху­алы бойынша жолдау барысында Еуропалық комиссия төрағасы Юнкер «Еуропа көптеген жіпшелерден иіріл­ген арқан іспеттес, біз бір бағытта тарт­қан кезде ғана ол жұмыс істейді: ЕО­ институттары, ұлттық үкіметтер мен сәйкесінше ұлттық парламенттер күшті біріктіруі тиіс» деп атап өтті. Осындай бірыңғай саяси бағыттардың арасында жаңа Еуропалық сыртқы инвестициялық жоспар ұсынылды. Аталған жоспар біздің әріптес ел­де­рі­міз­де инвестицияларды қолдау, жеке сек­тор қатысуының жаңа үлгісін ілге­рі­лету және тұрақты даму мақсат­тарына қол жеткізуді көздеп отыр.
Ең маңыздысы, Келісімнің сауда және инвестициялар бойынша тарау­лары көптеген секторларды қамтып, біздің бизнес үшін жаңа және тұрақты шарттарды қамтамасыз етеді. Ол өз кезегінде Қазақстанды неғұрлым тартымды нарықтық орта ретінде танытатын болады. Яғни осы мәселеде бізге барлығымызға қажетті шарттар бұл нақты болжамдылық, көп жүйе­лі­лік және жүзеге асыру ісіне назар ау­да­ру.
– Қазақ даласы қазба байлыққа толы. ЕО ресурс өндіру және оны әлемдік нарықтарға тасымалдаудағы энергетикалық белсенді серіктесіміз екенін айттық. Қазір біздің еліміз экономиканы әртараптандыру, өнімді терең өңдеу мәселесіне баса назар аударып отыр. Аграрлы мемлекет болып саналатын Қазақстан, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына шетел­дік инвестиция тартуға мүдделі. ЕО-ға мүше мемлекеттердің бұл сала­лар­ға деген қызығушылығын білгіміз ке­леді. 
– Иә, Еуроодақ – үлесіне жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың жартысы дерлік тиетін Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор. Алайда бұл инвестиция көлемінің үштен екісі тау-кен және өндіру ісіне бағытталған, және төрттен бір бөлігі геологиялық бар­лау қызметіне шоғырландырылған. ЕО Қазақстанның шикізат өндірісіне тәуелділікті азайту құралы ретінде эко­номиканы әртараптандыру бағы­тын­­дағы күш-жігерін қолдайды. Ас­та­на қаласында жаңа халықаралық қар­жы орталығын құру жоспары осы әр­та­раптандыру стратегиясының ажырамас бөлігі. Бізге Қазақстан Үкіметінің осы саладағы халықаралық озық тәжірибені қолдануға ниетті екені және бұл кеңес әлемдік жетекші қаржы орталықтарының, соның ішін­де Еуропадағы ұтымды тәжірибе үлгі­лерін пайдалануға ұмтылысы түсінікті. Осы тұрғыда Еуропалық қаржы орта­лықтарының тәжірибесі және олармен ынтымақтастық жоғары маңызға ие болар еді.
Ауыл шаруашылығы секторына келгенде, ол әрқашан ЕО ортақ сая­са­тының берік тіректерінің бірі және біз Қазақстанда ең үздік үлгіні жүзеге асыруда тәжірибемен бөлісуге қуа­ныш­тымыз. Біз Қазақстан Респу­бли­ка­сының Ауыл шаруа­шы­лығы минис­трлігі Италия, Нидерланды, Германия, Франция, Чехиядан компанияларды белсенді түрде тартып, оған қоса Фин­ляндия және Швеция компа­ния­лары да Қазақстанмен ынтымақ­тастыққа мүдделі екенін білеміз. Ше­тел­дік ин­вес­тициялар үшін жағымды факторлар тізімі ауқымды табиғи ресурстар, ген­дерлік теңдік деңгейі жоғары білімді ха­лық және ДСҰ-ға мүшелік пен Еу­ро­одақ секілді ірі сауда әріп­тес­те­рі­мен ты­ғыз қарым-қатынасқа негіз­де­л­ген барған сайын қолайлы құқықтық ор­таны қамтиды.
– Еуроодақ елдері үшін Қазақстан саяси жағынан да, экономикалық жа­ғы­нан да Шығыс пен Батысты бай­ланыстырушы көпір. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сы­­мен қолға алынып, іске асып жат­қан Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі саяси жа­ғы­нан ынтымақтастығымызды арт­тырып қана қоймай, экономикаға да тың серпін береді деп ойлаймыз. Бұған Сіздің көзқарасыңыз қандай? 
– Қазақстанның Еуроодақ үшін сауда-экономикалық делдалдылық се­бе­бінен ғана емес, Жібек жолы дәс­тү­рінен тарайтын өзара үйле­сім­ді­лік пен толеранттылықты ілгерілетуге не­гіз­дел­ген тұрақты мемлекет сана­тын­дағы ең маңызды әріптес ретіндегі рөлі нығаюда. Қазақстанның жалпы сауда айналымы және шетелдік инвес­ти­ция­лар көлемінің жартысынан астамы ЕО-дан шығатынын ескерсек, жаңа трансконтиненталдық сауда жолдары өзара сауда көлемін кеңейтуге, тран­зит­тік-көлік байланысын нығайтуға жаңа мүмкіншіліктер ашады. Айта кететін жағдай 2015 жылы мұнай баға­ла­рының төмендеуі салдарынан ЕО-ға Қазақстандық импорт көлемі шамамен 30% төмендеп, ЕО мен Қазақстан ара­сын­дағы жалпы сауда айналымы бір­ша­ма тежелді. Осыған байланысты, кө­лік дәлізі бойындағы шығу, транзит және қабылдаушы елдер сауда айна­лы­мын ұлғайту жолында Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытын пай­да­лануға қосудан ұтатыны анық. Осы бағыт бойындағы Ресей, Қытай, Иран, АҚШ секілді барлық мүдделі тараптардың саяси тұжырым­дама­ла­рын­да әртүрлі аталғанымен, Қытайдан Еуропаға апарар жол жалпы өзіндік тұрғыдан өте көпсалалы және тек өзара бай­ла­ныс­ты ғана емес, өңірдегі қауіп­сіз­дікті де қамтамасыз етуге атсалысады.


Траян Лауренцю Христеа, елші, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы Елші Траян Лауренцю Христеа – Еуропалық сыртқы істер кызметіне бекітілген румындық дипломат. Өзінің кәсіби мансабы барысында Христеа мырза Румыния Сыртқы істер министрлігінің Кеңейтілген Еуропа мен Молдова Республикасы (ТМД елдері) дирекциясының директоры,  Румынияның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Болжамдау мен саяси жоспарлау дирекциясының директоры қызметтерін атқарды. Қазақстанға келерден бұрын 2011-2015 жылдар аралығында Армениядағы ЕО өкілдігінің басшысы қызметін атқарды.

Елші Христеа OVIDIUS Университетінің (Румыния) халықаралық қатынастар бойынша PhD докторлық дәрежесін иеленуде. Ағылшын, орыс, француз, моңғол және италян тілдерін еркін меңгерген. Ол Румынияның «Ерен еңбегі үшін» кавалер дәрежесіндегі ұлттық ордені және «Дипломатиялық жетістіктері» үшін орденінің иегері. 

– Қазақстан мен Еуропалық Одақ азаматтарының өзара сапарлары күн өткен сайын арта түсуде. ҚР мен ЕО кейбір санаттағы азаматтық паспорт иелеріне виза рәсімін жеңілдету жө­нін­де келісімдерге қол қою мәселе­сі қаралып жатқанынан хабарымыз бар. Осы мәселе қашан шешімін табады?

– Өзара мобильділік мәселесі – екіжақты қатынастардың ең маңызды салаларының бірі. Нұрсұлтан Назар­ба­е­в пен Жан-Клод Юнкер арасындағы кездесу барысын еске сала отырып, тараптар Қазақстан мен ЕО арасын­да­ғы адамдар мобильдігі мәселесін қозға­ды. ЕО Қазақстанның мобильділік мәсе­­лелері бойынша екіжақты ын­ты­мақ­тастықты одан әрі дамыту және ЕО-мен Виза режимін жеңілдету мен реадмиссия туралы келіссөздерді бас­тауға ниетін на­зар­ға алуда. Сон­­дай-ақ ЕО Қазақстанға саяхаттаушы ЕО азамат­та­рына қа­ты­сты Қа­зақ­стан Үкі­­­­­­метінің жеңіл­де­тіл­ген рәсімді енгі­ з­уін құп­тайды.
ЕО 2010 жыл­дың сәуі­рі­нен бас­тап кү­шіне енген ЕО Виза ко­дек­сінің дәй­ек­ті және келі­сіл­ген түр­­­де жү­зеге асы­ры­луы қа­зір­­дің өз­ін­­де Қа­зақ­стан аза­мат­тары үшін қысқа мерзімді ви­за­ларды рә­сімдеуді жең­іл­детуге өз үл­есін қосуда. Осы тұста аса маң­ызды жағдай – Қазақстан мен көші-қон мәселесі бойынша диалог ЕО мүше-мем­ле­кет­терінің құзыретінде, сондықтан ата­л­ған мәселе бойынша кон­сен­сус­қа же­ту­де Қазақстан тікелей ЕО мү­­­ше-мемлекеттерімен жұмыс істеуі тиіс. Өз тарапынан Еуроодақ өз тәжірибесін ұсынуға дайын, оның ішін­де ЕО Әріп­тес­тік құралы бағ­дар­ла­масы аясында визалық режимді үйлес­ті­ру бойынша Қазақстанның Ұлттық іс-қимыл жос­па­­­рын жүзеге асырудың мазмұны, тәртібі мен сараптамасына қатысты мә­се­лелер бар. Бірақ бұл жос­парды жүзеге асыру Визалық ре­жим­ді жеңіл­де­ту туралы келісімге қатысты келіс­сөздермен бір мезгілде жүретін үрдіс болып табылатынын айта кеткен жөн.
– Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен ғылыми-теxникалық байланыстарды дамыту желісінің мамандары Қазақстанда ЕО тәжіри­бе­сі негізінде инновацияның даму картасын жасауды ұсынды. Бұл картаның берері не?  
– Инновациялар мен зерттеулер бойынша Horizon – 2020 («Көкжиек – 2020») бағдарламасына Қазақстанды тарту мақсатында Еуропалық Ко­­ми­с­сия IncoNet – Орталық Азия (Орталық Азия ғылыми-техникалық ынтымақ­тас­тық жөніндегі халық­ара­лық желісі) атты кең ауқымды желілік жобаға қар­жы­лық көмек көрсетіп, ол жоба ая­сын­да ең алдымен Қазақстанды бағдарламаға енгізу, оның басым­дық­та­ры мен сипаттамаларын түсіну, Қазақстанның Еуропалық кәсіпкерлік желіге қосылуына жәрдемдесу және Еуропалық инновациялық-техно­ло­гия­лық институтымен келісімді дайын­дау­да қолдау көрсетілді. Аталған жоба­да­ғы қазақстандық қатысушылар қа­тарында Тәуелсіз консультативтік кең­ес және Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік бар.
Еуропалық инновациялық даму картасы ЕО мүше-мемлекеттері, басқа да еуропалық елдер, сондай-ақ өңірдегі көрші елдердің инновациялық көр­сет­кіш­теріне салыстырмалы талдау ұсы­на­ды. Ол ұлттық иннова­ция­лық жүйе­лер­дің салыстырмалы күшті және әлсіз жақтарын бағалайды және мем­ле­кеттерге артта қалу мәселесін шешу үшін қажет салаларды анықтауға кө­мек­теседі. Сіз атап өткендей, 2016 жылы 6 қыркүйекте өткен IncoNet – Ор­талық Азияның қорытынды оқыту семинары барысында қатысушылар Еуропалық инновациялық даму кар­та­сы тәжірибесін Қазақстанда жүзеге асы­ру жолдарын талқылады. IncoNet ар­қылы Қазақстан Еуропадағы бір­қатар ірі конференцияларға қатысу, Астанада саяси мүдделі тараптар қаты­суы­мен бірнеше конференция­лар­ды өткізу және «ЕО – Қазақстан: ын­ты­мақ­тастық арқылы инновация­лар­ға» атты арнайы диалог тұғырнама­сын жариялауға бірегей мүмкіндік алды. Бұл өзара қызығушылық екіжақты ака­демия­лық қуатты оңтайлы пай­да­ла­ну, тиісті ресурстарды үйлестіру және ака­демиялық нәтижелерді ұлттық, өңірлік және әлемдік нарықта тә­жі­ри­белік қолдануға бағытталған бірлескен қа­дамдарға, сондай-ақ екі тарап ал­дын­дағы әлеуметтік сын-қатерлерді тойтаруға серпін береді.
– Келер жылы Астанада «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі өтеді. Көрме ЕО-ға мүше мемлекеттермен іскерлік ынтымақтастықта қандай жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін? 
– Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда 14 ЕО мүше-мемлекеттері көрмеге қатысуын растады. ЕО Қазақ­стан­ның тұрақты даму болашағына ұмтылысын, «жасыл экономика» тұ­жы­­­рымдамасын жүзеге асыруын то­лықтай қолдайды. Жоғары дең­гей­дегі сап­арлар барысында баламалы жә­­не жаңартылатын энергия сала­сын­да­ғы ЕО үздік тәжірибесін ескере отырып, ықтимал ЕО және ЕО мүше-мемлек­ет­те­рінің қатысуы шарттары талқы­лан­ған болатын.
Энергетика саласында ЕО Қазақ­стан­мен энергияны үнемдеу және жаң­ар­тылатын энергия көздеріне ерекше назар аудара отырып, энер­гия­ны ұтымды пайдалану бойынша ын­ты­мақ­тастықты жандандыруға ниетті. Біз, сондай-ақ бірлескен оқу бағ­дар­ла­маларын әзірлеу және өзара инвес­ти­ция­лар мен технологиялармен ал­ма­суды ынталандырамыз, ол мәселен, таза көмір технологиялары және энер­гия тиімділігі салаларында болады.
– Осы аптада Брюссельде ЕО – Орталық Азия Сыртқы істер министр­ле­рінің Кеңесі мен Ауғанстан бойын­ша конференция басталмақшы. Еу­ро­одақтың аймақтағы жалпы қау­іп­­сіздікті қамтамасыз ету үр­діс­те­ріне аталған кеңес арқылы атсалысуы қан­дай?
– ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясына келсек, 2007 жылы қабылданған және 2015 жылғы Кеңес қорытындыларында қайта қаралған уақыттан бері 12-ші Еуропалық Одақ – Орталық Азия Сыртқы істер минис­тр­лерінің кездесуі өтеді. 2014-2020 жылдарға арналған жаңартылған стра­те­гия Орталық Азияда жүзеге асы­ры­ла­тын бағдарламаларға 1 млрд евродан астам қаржылық қолдау көрсетуді көз­дейді. Сонымен қатар осы тұста өңірге қа­тысты Еуроодақтың кешенді саяси әдістемесін атап өткім келеді, ол тек көпжақты қаржылық көмекті ғана емес, жекелеген ЕО мүше-мем­ле­кет­те­рі­нің қолдауы мен еуропалық қаржы ин­ституттарының белсенді қатысуын қамтиды. ЕО – Орталық Азия ынтымақтастығы бар­лық Орталық Азия мемлекеттері ерекшеліктерін ескеретін көпжақты өлшемді екіжақты қатынастар тұғырнамасымен өзара үйлестіруші әрі нәтижеге бағытталған болуы тиіс.
Ал жақында өтетін Ауғанстан бойын­ша конференция әлемнің Ау­ған­станда және жалпы өңірде тұрақ­ты­лық мәселелеріне қатысты мүдделі екенін көрсетудің ерекше мүмкіндігі болып табылады. БҰҰ Бас Ассам­бле­я­сы­ның 71-ші сессиясында Еуропалық Кеңес Президенті Дональд Туск бас­тап­қы шарт ретінде радикалдануды ал­дын алу және шетелдік жауынгерлер мен терроризмді қаржыландыру қа­тер­­­лерін қоса алғанда терроризмге қар­­сы жаһандық стратегия мен желіні құру маңыздылығын атап өтті. Біз тер­рористердің енуі және қайта енуін бол­­дырмау үшін шекарамызды нығайтып, жастарды өшпенділік насихатына душар болудан алдын алу үшін жергілікті қауымдастықтармен жұмыс жасаудамыз. Бұл мақсат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күшті біріктіріп, терроризмге қарсы әлемдік желіні құру бойынша бастамасына толығымен сәйкес келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*